Оңай жолмен олжа тауып, талай азаматты тақырға отырғызған алаяқтарға тықыр таянды. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенер болсақ, былтыр осы тарапта 85 қылмыстық іс тіркеліп, 29 қаржы пирамидасының көзі жойылған. Бұдан бөлек, бірнеше әккі алаяқтың жолы кесіліп, 23 адам бас бостандығынан айырылған. Осы мерзім аралығында зардап шеккендерге 8,3 млрд теңге көлемінде шығын өтелген. Жалпы өткен жылы 4 мыңнан астам қазақстандық күмәнді қаржы ұйымдарына алданып, опық жеген. Бұл – алаяқтарға алданып, тұзаққа түскендердің бір парасы ғана.
ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?
Талай жанды сан соқтырған қаржылық пирамидалар әлемде бірнеше ғасыр бұрын пайда болды. Құрылымы мен бағыты әрқилы болғанымен, олардың алдында тек бір ғана мақсат тұрды – қандай да жолмен адамдардың сеніміне кіріп, олардың ақшасын түрлі жолдармен иемдену.
Тарихқа үңілер болсақ, ең алғашқы осындай құрылымды 1717 жылы француз қаржыгері Джон Ло құрған. Оның әккі әрекетінен көптеген Франция азаматы және ел экономикасы аса үлкен зардап шеккен. Ал, әлем тарихындағы ең ірі қаржылық пирамиданы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары америкалық Бернард Мэдофф құрған.
Қазіргі күнде қаржылық пирамиданың кең тараған екі түрі бар. Бірнеше деңгейлі пирамида түрі. Мұнда әр жаңа қатысушы алғашқы салымын салады. Оның сомасы әрқилы болуы мүмкін. Салынған ақша жаңа мүшені алып келген және оны алып келуге кеңес берген адамның арасында өзара бөліске түседі. Кейіннен жаңа қатысушы дәл сол жүйемен артынан 2 адам кіргізуі тиіс. Олардың да ақшасы дәл осылай бөлінеді.
АҚШ-та 1920 жылы ең алғашқы қаржылық пирамиданың негізін қалаған Чарльз Понци құрған жүйе бұдан өзгешелеу. Понци жүйесінде жаңа адам тартудың қажеті жоқ. Ол ел арасындағы түрлі ақпараттар мен қауесеттер арқылы жүзеге асады. Аталған жүйенің алғашқы мүшелерінің табысы өте қомақты болады. Мүшелерінің қыруар байлыққа кенеліп жатқандығы туралы ақпаратты естіген көпшілік өздері-ақ қаржылық құрылымның мүшесі болуға ықылас танытады.
Мамандардың айтуынша, қаржылық пирамидалар жұмысының ең басты ерекшелігі – адамның санасына психологиялық және эмоционалды түрде қатты ықпал ету. Салымшыны ұстап қалу үшін олар түрлі айла-әрекеттерге барады.
ҚҰРЫҚҚА ІЛІНБЕУ ҮШІН НЕНІ БІЛМЕК КЕРЕК?
Сарапшылар қаржылық пирамидалардың қармағына қармалып, кейіннен опық жеп қалудың бірнеше себептерін атап өтеді. Олардың қатарында халықтың қаржылық сауатының төмендігі мен осы бағыттағы заңнама бойынша білімінің жеткіліксіздігі бар. Сонымен қатар, отандастарымыздың қарапайым экономика заңдылықтарынан мақұрым болуы көптеген олқылықты жайттардың орын алуына септігін тигізуде.
Былайша айтқанда, азаматтар ауадан ақша жасауға болатындығына иланады, шығын мен кірістің ара қатынасын ажыратуға құлықсыз не сауаты жетпейді. Халықтың құқықтық білімінің де таяздығы алаяқтардың арбауына түсуге мүмкіндік беріп отыр. Қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған болатын. Президент өз сөзінде халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруді алға тартып, қаржылық пирамидалар мен осы тақілеттес күмәнді ұйымдар құрған тұлғалармен күресті күшейту қажеттігін айтты.
Мамандар қаржылық пирамидалардың нақты белгілері ретінде бірнеше тетіктерді келтіреді. Атап айтқанда, олардың қатарында жаңа салымшылар мен мүшелерді тартқаны үшін қомақты сыйақы беру, корпоративтік іс-шараларға, түрлі сыйлықтар тарату мен жолдамалар ұтыстарына қатысуға шақыру бар. Сондай-ақ, компаниялардың ақшаны салымшылардан қалай қабылдайтындығына назар аудару қажет. Көптеген күмәнді ұйымдар қаражатты қолма-қол қабылдайды немесе интернет-төлемдер мен аударымдар жүйелерін пайдаланады.
Ұйымның қай жерде тіркелгендігіне де назар аударған жөн. Егер басшылық туралы деректер құпия болса, ал компания қандай да бір аралда яки оффшорлық аймақта тіркелсе, онда оған өз ақшаңызды салмағаныңыз абзал.
«АҢҚАУ ЕЛГЕ АРАМЗА МОЛДА»
«Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң мыс та жоқ». Бүгінде жылдам байлыққа кенеліп, алаяқтардың арбауына түскен әлеуметтің саны жыл сайын артпаса, кемитін сыңай танытпайды. Ресми деректер мен дәйектер бұл пайымымызды жоққа да шығармайды. Деректерге сүйенер болсақ, елімізде қаржы пирамидалары 2021 жылы тамырын тереңге жайып, кеңінен таралған. Десе де, осы мерзім аралығында жауапқа тартылғандардың да саны артқан. Айталық, осы уақытта 130 адамға қылмыстық іс қозғалып, жазаға кесілген. Күні бүгінге дейін Қазақстан бойынша 32 мыңға жуық азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналып, сан соғып қалған.
Алаяқтардың арбауына түскендер 55 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған. Көңіл көншітерлік сандар емес. «Тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын» ескермегендер дүние-мүлкін, тапқан-таянғанын неге күмәнді қаржылық құрылымдарға салады? Азаматтар олардың құрығына қалай ілігеді?
Мамандардың сөзінше, халықтың қаржылық сауатының төмендігі осындай олқылықты жайттардың көптеп орын алуына жол беруде.
Соңғы уақытта қаржы пирамидасы елімізде кеңінен қанат жайды. Атап айтқанда, бүгінде алаяқтар өз арбауына түсіру үшін айла-тәсілдерін де уақыт ағымына сай түрлендіруде. Әсіресе, әлеуметтік желі арқылы әлеуметті түрлі жарнамаларға сендіріп, оған танымал блогерлерді тартуда. Мәселен, көпшілік арасында үлкен резонанс туғызған «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын жарнамалағандардың қатарында желідегі парақшасында миллиондаған оқырманы бар вайнерлер болғанын көзіқарақты көпшілік біледі. Бүгінде қаржы пирамидасын жарыса мақтағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күмәнді іс опа бермесі анық.
Өкінішке қарай, ғайыптан тайып қыруар қазынаға кенеліп, байлыққа батамын дегендер, артынан оңбай опық жегендер мыңдап саналады. Бірі дүние-мүлкінен, басыбайлы баспанасынан айырылса, кейбіреулері өз өмірлерін қиюға дейін барды.
ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДА ҚҰРҒАНЫ ҮШІН ҚАНДАЙ ЖАЗА КӨЗДЕЛГЕН?
Елімізде қаржылық пирамиданың ізін кесуге, зардап шеккен азаматтардың ісін қарауға әрдайым ерекше назар аударылып келеді. Конституцияда мұндай ұйым қызметін жарнамалау және жүзеге асырғандар үшін қылмыстық кодекстің 217 және 217-1 бабында жаза қарастырылған. Яғни, 217 бап бойынша қаржылық пирамиданы құрғандар және басшылық еткен азаматтар жауапқа тартылады. Оны жарнамалағандар да жазадан тысқары қалмайды.
Мысалы, қаржы пирамидасын құрғандар мен солармен жұмыс істегендердің мүлкі тәркіленіп, 1 мыңнан 3 мың айлық есептік көрсеткішке (3 450 000 теңгеден 10 350 000 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеледі. Бұл – бір.
Екіншіден, аса ірі мөлшерде ақша немесе өзге де мүлікті тарта отырып жасаған ісі ауыр зардаптарға алып келген адамның мүлкі тәркіленеді, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Үшіншіден, қаржы пирамидасын жарнамалағандардың да мүлкі тәркіленіп, олар 2 мың айлық есептік көрсеткішке (6,9 млн теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бұл тағы қайталанса, 4 жылға түрмеге тоғытылады.
Мамандар қаржы пирамидасын құрғандарға жазаны одан әрмен қатаңдату қажеттігін алға тартады. Олардың пайымдауынша, бұл өз кезегінде алаяқтар мен оңай олжаға дәніккендерге тосқауыл болмақ.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Сананы тұрмыс билейтіні бесенеден белгілі. Алайда, тұрмысты түзеймін деп тірнектеп жинаған қаржыңды күмәнді іске жұмсамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал болар. Осы орайда халқымыздың Шер-ағасы, Шерхан Мұртазаның «Көлдің тақырға айналуы оңай, байдың пақырға айналуы оңай» деген ұлағатты сөзі еске түседі. Десе де, соңғы жылдары мемлекет тарапынан жүргізілген кешенді іс-шаралардың нәтижесінде жыл өткен сайын қаржылық пирамидаларға алданып, сан соғып қалған көпшіліктің қарасы азайғаны байқалады. Бұл тараптағы күрес шаралары алдағы уақытта да күшейе бермек. Ж.Тұрарұлы