Жұмыс іздеушілер жұмыс қарастырған кезде делдалдар мен жалған жұмыс берушілерге жиі жолығып жатады. Рекрутинг алаяқтардың айла-амалдарына қалай түспеуге және күмәнді ұсыныстарды қалай танып-білуге болатынын Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз, деп жазады online.fingramota.kz-ке сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
№ 1 схема. Мессенджерлер арқылы «жұмысқа орналасу»
Telegram және WhatsApp сияқты мессенджерлерде жұмыс ұсынатын көптеген арналар мен топтық чаттар бар. Алайда, әлеуетті жұмыс берушіні таңдауда мұқият болу керек және ешқандай жағдайда ешкімге жеке деректеріңізді жібермеу керек. Мысалы, мессенджерде сізге қандай да бір интернет-дүкеннің тауарларына оң пікірлер жазу туралы жұмыс ұсынылды делік. Бір пікір – 2 000 теңге, ал жұмыс беруші сіз күніне 200 000 теңге ақша таба аласыз деп уәде береді. Сіз келісесіз, содан кейін сізден жеке куәлігіңіздің суретін, банк карточкасының суретін және тіркелген мекенжайыңызды жіберуді сұрайды. Сіз бірнеше күн жұмыс істеуіңіз мүмкін, тіпті ақша да аласыз, бірақ содан кейін олар сізбен байланысын тоқтатады. Уақыт өте келе сізге банктен қоңырау шалып, ай сайынғы кредит жарнасын төлеуді талап етеді. Полицияда бірдеңені дәлелдеуіңіз екіталай, себебі қарыз алу кезінде сіз өзіңіз жұмыс берушіге жіберген барлық қажетті деректерді бергенсіз.
№ 2 схема. Әлеуметтік желілер мен маркетплейстер арқылы «жұмысқа орналасу»
Алаяқтар түрлі әлеуметтік желілер арқылы жұмысқа орналасуға белсенді шақыратын жағдайлар жиілеп кетті. Алаяқтық схемасы мынадай: азаматтарды қызығарлық ұсыныстармен жұмысқа орналасуға шақырады. Егер қызығушылық танытып, көрсетілген нөмірге немесе тікелей аккаунтқа жазсаңыз, сізден шағын тестілік тапсырманы орындауды және көрсетілген шотқа «кепіл» ретінде азғантай сома аударуды сұрайды және бұл сома жай ғана формальды екеніне және оны төлегеннен кейін сізге теріп берген мәтіндер үшін бірден қаламақы беріледі деп сендіреді. Ақшаны аударғаннан кейін алаяқтар сізді бұғаттайды және орындаған тапсырма үшін төлемді де, аударған кепіл жарнаңызды да ала алмайсыз.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде маркетплейстерде ақша табу курстарын жиі кездестіруге болады. Алаяқтар мұны да пайдаланып қалуға тырысып бағуда және алдаудың жаңа схемасын жасап үлгерді: оның мәні мынада – Сіз танымал интернет-дүкендердің жалған веб-сайтына кіріп, қызметкер ретінде тіркелуіңіз керек.
Алайда, тіркелу кезінде Сізден телефон нөмірін көрсету және балансты толтыру талап етіледі. Осылайша, алаяқтар азаматтардың төлем карточкаларының деректерін қолды етеді. Бұған дейін алаяқтар адамдардың деректерін пікіртерімнен өткені үшін ақша төлеуді уәде етіп алатын.
№ 3 схема. Алдымен жеке деректер – содан кейін «жұмысқа орналасу»!
Алаяқтардың бірінші міндеті – жұмыс іздеп жүрген адамды құрығына түсіру. Жұмысқа аламыз деп кепілдік беру – бұл нақты әрі тартымды тұжырым. Мысалы, адамға жеделдетілген бағдарлама бойынша оқудан өту ұсынылады, содан кейін ол 100% қызметке қабылданады-мыс. Жұмысқа тұрушы оқудың немесе курстың ақысын төлейді, ал төлемді алғаннан кейін жалған жұмыс беруші ізін суытады. Нәтижесінде – жұмыс та жоқ, кепілдік те жоқ.
Сізге рекрутер қоңырау шалып немесе жазып, белгісіз бір компанияға жұмысқа шақырады. Содан кейін ол жеке куәліктің көшірмесін және жеке деректері бар басқа құжаттарды жіберуді сұрайды, жеке нөмірге келетін
SMS-код арқылы еңбек шартына қол қою қажет деп алдайды. Шын мәнінде бұл деректер сіздің атыңызға кредит алу үшін қажет.
Мұндай жағдайларда қарапайым ережені есте сақтау маңызды – адал жұмыс беруші немесе қашықтан кадрларды іріктеу агенттігі еңбек шартын SMS-код арқылы қол қою жолымен рәсімдемейді. Бұл тек алаяқтар болуы мүмкін!
Жалған жұмыс берушілер мен жалған сатып алушылардан сақтану жөнінде Fingramota.kz-тің ұсынымдары.
Жұмыс берушілерді үнемі тексеріңіз – оны жүзеге асыруға арнайы қызметтер, сондай-ақ интернетте іздеу көмектеседі. Алаяқтардан зардап шеккендер әлеуметтік желілерде өз бастарынан өткен оқиғалармен жиі бөлісіп отырады, ал мамандар сұхбаттарында ұсынымдар береді – сізге жұмыс ұсынғандарды «қара тізімнен» кездестіруіңіз ғажап емес.
Өзіңіздің дербес деректеріңізді ешқашан жібермеңіз – шынайы жұмыс беруші сізден картаңызды нөмірін немесе жеке куәлігіңізді сұратпайды, ол оған қажет емес. Сіз түйіндемеде көрсеткен деректер мен бұрынғы жұмыс орныңыздан берілген ұсынымдар оған жеткілікті.
Кепіл төлеуге келіспеңіз – компанияға білікті қызметкерлер тартуға мүдделі адамдар мұндай схемамен жұмыс істемейді. Шын мәнісінде, сізден тест тапсырмасын орындауыңызды сұраулары мүмкін, әдетте, егер сіздің жұмысыңыз олардың көңілдерінен шықса, штатқа алулары мүмкін.
Рекрутерден компания жөнінде ақпарат сұратыңыз, нақтылайтын сұрақтар қойыңыз – көп жағдайда алаяқтар сізге толыққанды жауап бере алмайды немесе сөйлесуді доғарады, себебі олар дайындалған адаммен өзара қарым-қатынасқа түсуге мүдделі емес.
Күмәнді сайттарға кірмеңіз және онда дербес деректеріңізді енгізбеңіз – алаяқтардың қолына неғұрлым көп ақпарат түссе, оларға сіздің картаңызды «тазалау» соғұрлым жеңілірек болады. Тағы да ескертеміз: нақты жұмыс беруші жұмысқа орналасудың мұндай күрделі схемаларын қолданбайды.
Жұмыс берушінің сөйлесу мәнеріне назар аударыңыз – алаяқтар көп жағдайда алдын-ала жазылған сценарийлер бойынша әрекет етеді және олардың сөйлесу мәнері қарапайым адамдардың сөйлесуінен өзгеше болады.