Цифрландырудың жаңашылдығы өмірімізді жарқын еткенімен, интернет-алаяқтықтың қанат жаюына да түрткі болып отырғанын мойындауымыз керек. Себебі әлеуметтік желілерде алаяқтарға алданған азаматтардың мұң-зары толып тұр. Осындайда зейнеткерлер былай тұрсын, «құқықтық сауатым жақсы» деген тұрғындардың өзіне алаяқтың қақпанына түспеуіне белсенді жастар көмектеседі. «Alayaq.net» жастар қозғалысы киберқылмыскерлердің түрлі айла-шарғы жолдарын әшкерелеп, 100-ге жуық жастың басын қосқан. Бұл туралы astana-akshamy.kz-на сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпарттық агенттігі хабарлайды.
Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. WhatsApp желісіндегі алаяқтық, онлайн дүкендердің қитұрқылығы, түрлі блогерлердің «пайдалы» курстары секілді әлеуметтік желілердегі алаяқтықтың түрлі схемалары «Alayaq.net» интернет-порталында нақты көрсетіліп, көпшілікті алданудың алдын алуға әрі қаржылық сауатын арттыруға шақырады. Республикалық жастар қозғалысы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
– Онлайн порталда адамдар алаяқтық схемаларға түспеуі үшін барлық қажетті деректер орналастырылған. Мысалы, «Алаяқты қалай тез білуге болады?», «Алаяқтар қалай алдайды?», «Алаяқтықтың расталған фактілерінің тізімі» тақырыптары бойынша қолжетімді ақпарат алуға болады. Сондай-ақ белгілі бір инфлюенсердің қара тізімде бар-жоғын тексеру мүмкіндігі де қарастырылған. Ең бастысы, біздің порталдың көмегімен азаматтар интернеттегі алаяқтық фактілері туралы хабарлай алады. «Алаяқтықпен бетпе-бет келдіңіз бе?» бөліміне өтіп, өзіңіздің оқиғаңызды хабарлауға мүмкіндік бар. Одан бөлек, ғаламтордағы әккі ұрылардың айласы жүзеге аспауы үшін олардың қалыптасқан әрекеттерінің үлгісі жинақталып, жобаның әлеуметтік желілерінде еріктілердің қатысуымен бейнежазбаларда жарияланады. Жастар азаматтарға заң тұрғысынан кеңес беріп, түрлі алаяқтық әдістерді қалай тез анықтауға болатыны жайлы егжейлі-тегжейлі түсіндіреді. Қазіргі уақытта біз 10 күндік тренингті бастадық, онда ақпараттық бейнероликтер мен подкасттар арқылы адамдарға түсінікті және қолжетімді түрде ақпарат жеткізіледі. Оған тек 500-дей адам қызығушылық танытады деп ойладық, бірақ бүгінде 4000-ға жуық адам тіркелді. Дені – жастар, – деді жобаның іске асырушысы әрі «Медицина Жастары» РҚБ төрағасы А.Әбдіраш.