Жалған ақпарат таратушылар: «Елге жаппай чип салады екен. Сол арқылы бізді бақылап отырады және чип арқылы өздеріне бағындырып, қалаған жағына жұмсай алады» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Осылайша, пандемия кезінде жалған ақпараттар легі тіпті өршіп кетті. Әлеуметтік желілерде қаншама деректер дәлелсіз таратылды. Мәселен, «Ұшақ арқылы вирусты ауаға шашады екен. Соның салдарынан пәлен адам қырылып жатыр» деген мәтін мен ауаға қызғылт түсті зат шашып жүрген ұшақтың бейнекөрінісі тез тарап кетті. Бұл ақпаратқа қаншама адам сеніп, әлгі вирустың шығу себептерін іздеп әлекке түсті. Іле-шала еліміздің Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл АҚШ-тағы өрт сөндіруші ұшақ екенін, елімізге ешқандай қатысы жоқтығын айтып, халықты ондай ақпараттарға сенбеуге шақырды. Ведомства өкілдері кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, ақылға салып, сүзгіден өткізген дұрыс екенін еске салды. ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұрдың айтуынша, қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. «Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, WhatsАpp тағы басқа мессенджерлер арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан, технология қарыштап дамыған заманда ешкімнен, ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып жүрген абзал әрі абыройлы әрекет», – дейді ол. Қорыта айтқанда, ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін азаматтардың қоғамның тыныштығын қасақана бұзу ниеті бар. Демек, осы санаттағы азаматтар жазасыз қалмайды.Е.САҒЫНАЙҰЛЫ