Қазақ халқының аса көрнекті ағартушы-ғалымы, көркем сөздің ұстасы Ыбырай Алтынсарин: «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп армандап кеткен мұратына қазіргі ұрпақ жетіп отыр. Алайда, кез келген нәрсенің күнгейі мен көлеңкелі жағы болатыны іспетті, ғаламтордың да жетістігі мен зияны болады. Ғаламтор жетістігін және қолжетімділігін кейбір теріс ниетті ағымдар өз мақсаттарына жету жолында пайдаланып келеді.
Соңғы жылдары елімізде діни экстремизмді, халықтар арасында алауыздықты тудыруда интернеттің айтарлықтай ықпалы өсті. Яғни әлеуметтік желілерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды өршіту белең алуда. Бір өкініштісі, әлеуметтік желіге кірген ел тұрғындары өздерінің саяси, діни сауатының аздығынан желіде мақсатты түрде жат идеологиялы ақпараттар таратып немесе халықты әдейі арандатып отырған адамдарды қолдап, қолпаштап, «лайк» басып, астына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» пікір жазып, теріс қоғамдық пікір тудыруға үлес қосып келеді. Ел ішін ала тайдай бұзғысы келген жат идеологияның таралуына және бүгінгі қазақтың қырықпышақ болып әлеуметтік желіде дауласуына интернеттің ықпалы зор.
Жат ағымдар туралы айтқанда, ең алдымен жастар мәселесі қатар айтылады. Себебі, деструктивті діни ағымды таратушылар алдымен жастарды жандарына жиюға тырысады. Олардың сенгіш, ақпараттарды талдай білмейтінін жақсы біледі. Деструктивті ағымдардың ақпаратын тыңдап, кейін өзі де экстремистік топқа қалай мүше болғанын байқамай да қалады.
Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73%-ы қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Қоғамда радикалды діни идеялар туралы жүйелі және жоспарлы түрде ақпарат тарату жүзеге асып келеді. Бұл әрекеттер әсіресе жастарға бағытталғаны жасырын емес.