Жалпы, фейк ақпаратпен күрес – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Фейк-хабарлар таратушының мүддесіне қарай құбылып, түрлі өзгеріске ұшырай береді. Біздің қоғамда этикалық дүрдараздықты ушықтыратын, екі ұлттың арасына сына қағатын не діни догмаларды, ұлттық құндылықтарды жалған образдармен шендестіре көрсететін, салқын санаға емес, қызуқанды эмоцияға құрылған ақпараттар (видео, фото, мәтін) жиі төбе көрсетіп тұрады.
Пандемия кезінде дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеуін, қоғамдағы түрлі қысым, зорлық-зомбылық мәселесін, сайлаудағы келеңсіздіктер сынды соқталы мәселелерді айтуға, көрсетуге келгенде кей бұқаралық ақпарат тарату құралдарының енжарлығы, ақпараттық ашықтық саясатының да ақсауы фейк-хабарлардың алға шығуына жап-жақсы мүмкіндік тудырды.
Тұтас әлем галереясына қарай отырып, фейк жаңалықтармен күресудің төте жолы – азаматтық қоғам қалыптастыруға ұмтылыс деп санаймын. Жалған ақпаратты тексерудің «Google», «Yandex» бразуерлерінде бірнеше жолы бар. Америкада ақпарат қолданушыларға мақсатты түрде жалған ақпарат оқытып, кейіннен тұтынушының алданғанын айтатын, сол ақпарат бойынша тест тапсыртатын сайттар жұмыс істейді. Бұл әдіс арқылы америкалықтар ақпарат тұтынушының көз алдында қай хабардың жалған, қай ақпараттың дұрыс екенін айқындай алуын көздейді. Меніңше, жалған ақпаратпен күресу саясаты тым тереңде болғаны дұрыс. Қоғамдық институттарда, білім ошақтарында «сыни сананы», «интеллектуалды күш-жігерді» күшейту – жалған ақпаратқа иланудың тамырына балта шаппақ.
Шындық шырылдап жетем дегенше, өтірік біраз жерді жайпап үлгеретіні даусыз. Әр адам кез келген көлденең көк аттының сөзіне ере бермей, жалған ақпараттың жарға жығатынын ұмытпаған жөн.