Қазіргі адамдардың мінез-құлқы, психологиясы, менталитеті мүлдем өзгерді. Өтірік айту, дәйексіз есеп беру, жағымпазданып жалған сөйлеу, құр негізсіз бірімізді-біріміз мақтау өміріміздің ажырамас серігіне айналып, тіпті қанымызға сіңіп кеткендей үйреншікті әдетке айналды десек қателеспейміз.
Мына оқиғада тәлім берерлік дүние бар: Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен. Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: «Бөкең саған неге басын шертті, оған сен аузынды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз?», – дейді. Сонда Сырым: «Ол кісі маған басын шерткені – басқа бәле қайдан келеді»,- деген жұмбағы еді, менің оған тілімді көрсеткенім: «Басқа бәле қызыл тілден келеді дегенім», – депті. Көріп отырғанымыздай ұлттық құндылықтарымыз ешқашан діннен алшақ болмаған. Мысалыға «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» дейді дана халқымыз. Бөкен бидің өзі Сырымға қойған сұрағы мен жауабы туралы хадисте былай дейді: «Әр күні таңертең мүшелер тілге былай деп ескертеді: Біздің атымыздан сөйлегенде Алладан қорқатын бол, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз» (Тирмизи).
Көпсөзділікке берілген кейбіреулерді көргенде күрсінесің. Көп сөйлеу адамды жексұрын қылып көрсететінін түсінесің.
Адам күнәні тілмен де жасайтынын ескерсек, көп сөйлеу сол тілмен жасалатын күнәлардың санын арттырады. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Үндемеген үлкен бәледен құтылады, ал көп сөйлегеннің күнәсі де көп болады» деген. Қорытындылай келе, Абай атамыз 13-қара сөзінде «ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай тағала кеңшілігімен кешеді дағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына, яки пайғамбарымыздың шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын – деп бекер айтпаса керек. Өткір пышақ қынға қас, өтірік сөз жанға қас – деп айтуда мән бар.
Қазақтың ақын-жыраулары, шешендері мен күйшілері қалдырған мұраларға көз жүгіртетін болсақ, олардың ең алдымен келер ұрпақ болашағы үшін, тәлім-тәрбие ісіне көбірек көңіл бөлгені байқалады. Ал тәрбиенің өзегінде қашан да имандылық, адамгершілік құндылықтар жататын болған. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын аңдап сөйлейтін сақтыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы».
Қ.САЛЫҚБАЕВ,
Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің басшысы.