Ақпарат жылдамдығы адам сенгісіз дамыған заманда кез келген хабар мен мәлімет бұқараға оңай әрі жылдам тарайды. Оның дұрыс-бұрыстығы анықталмай жатып, көпшілікке жария болатын орта – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Толассыз жөңкілген ақпарат ағыны адамдарды сан алуан сана толқынысына әкеп соғады. Қазіргі ақпараттық технология дәуірінде біз күніне жүздеген ақпаратты қабылдайды екенбіз. Ал солардың ішінде алып-қашпасы қайсы, ақиқаты қайсы, оны дер кезінде ажыратудың қиындағы тағы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы шілде айының басында жасаған үндеуінде жалған ақпарат таратушыларға арнайы тоқталды.
– Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды. Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселе, дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады, – деген еді мемлекет басшысы.
Пандемия кезінде күн сайын шамамен 8 мыңға жуық Covid жұқтырғандар тіркеліп, өлім-жітім көбейді. Мамандар мұны әлемге тез тараған «Дельта» штамымен байланыстырады. Жақындарынан айырылып, жанары жасқа толғандырдың бір парасы қаза тапқандардың «Коронавирус тарап жатыр» деген шынайы ақпартқа сенбегендерін айтады. Ол жандар шындыққа нанса, жарық дүниеге тым ерте қош айтпас па еді, кім білсін? Қалай десек те, жалған ақпараттың жасырын қауіп екені –шындық.