Мемлекет басшысы айқындап іске асырып жатқан жаңа саяси модельде саяси партиялар халық пен биліктің ұйысқан түрдегі ұстанымын бекітуде маңызды рөл атқарады. Парламенттегі және мәслихаттардағы партиялық өкілдер – азаматтардың мемлекеттік өкілді институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз ететін бірден-бір жол.
«AMANAT» партиясынан сайлауға түсіп, депутат мандатын иеленген азаматтар тұрғындар өмірін жақсартуы тиіс мемлекеттік стратегиялардың, үкіметтік және аймақтық бағдарламалардың, салалық жоспарлардың нақтылы орындалуын үйлестіріп, ауыл-аймақтардың теңгерімді дамуын басшылыққа алады. Халықпен кездесулер өткізіп, басымдыққа ие мәселелер бойынша атқарылған жұмыстардың есебін береді, алдағы межелер мен айқындалған өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын ұсынады.
Қазір партия өкілдері барлық аймақта халықпен есепті кездесулерін өткізіп, тұрғындарды алаңдатқан сауалдардың тізбектерін өзектендіруде. Осы санаттағы халықпен жүздесулерді Отырар аудандық мәслихатының төрағасы, мәслихаттағы партиялық фракцияның мүшесі Уәлихан Ұзақов Балтакөл, Маяқұм, Көксарай, Талапты, Қоғам, Қарғалы ауылдық округтеріне қарасты бірқатар тірек елді мекендерде өткізді. Кездесулер барысында аудандық мәслихат төрағасы өкілді органның былтырғы жылы атқарған жұмыс көрсеткіштерін баяндап, депутаттардың ықпалымен көтерілген мәселелер жөнінде кең көлемді мағлұматтар берді. Туған жерді түлету парызын алған, жауапкершілік жүгін арқалаған азаматтардың атқарған ісін, көрсеткен білім-білігін, жұмсаған қажыр-қайратын айта отырып, ердің білегін елдік бірлікпен қолдауға шақырды.
Кездесулер барысында ауыл қариялары, белсенді тұрғындар, әлеуметтік сала қызметкерлері, көпбалалы аналар, жастар көшбасшылары ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін қамтуға тікелей қатысы бар бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оңтайлы шешім табуына назар аударуды сұрады. Атап айтқанда, балтакөлдік тұрғындар ауылдың ішкі көшелерін жөндеу, ауылдық аурухананы лабороториялық жабдықтармен қамту мәселесін көтерсе, Аққөл ауылының тұрғындары ауыз су мәселесін шешуге және көгалдандыруға жәрдем көрсетуді сұрады. Маяқұм ауылының азаматтары ауыз су жүйелерін ауыстыру, «Бозарық-2» каналын жөндеу, ауыл көшелеріне асфальт төсеу, мектептің жылу жүйелерін жаңарту, балабақшаға қосымша ғимарат салу өтініштерін білдірді.
Көксарай елді мекенінде тұрғындар электр қуатының сапасын арттыру, Ызакөл елді мекеніндегі ауыз су жинайтын қойманың қоршауын жаңарту, ауыл шетіндегі жаңа құрылыс аумағын дербес елді мекен санатында мәртебесін айқындау, дәрігерлік амбулатормяның құрылысын жүргізу және ауыз су беруге жауапты ұйымның қызмет сапасын қадағалау жөнінде талап-тілектерін жеткізді. Осы аймаққа іргелес жатқан Аққұм елді мекеніндегі кездесуде ауылдық емхананың құрылысын жүргізу, көшелерді жөндеу мен жарықтандыру, балабақша қызметкерлерінің еңбекақы мәселесіндегі түйткілдері, үй жануарларының жабайы аңдардың шабуылына жиі ұшырайтындығы айтылды.
Ал Талапты ауылдық округінде өткен жүздесуде Сарыкөл елді мекені көшелерін жарықтандыру, ауыз су жүйелерінің құрылысын жүргізу, балалар ойын алаңшасын салу, мазарат қоршауын жаңарту, мектеп оқушыларының тасымалын ұйымдастыру, демалыс орындарына жолдамалар алу, жайылымдық жерге байланысты сұраныстар, ағын су мәселесіндегі қиындықтар айтылды. Қоғам ауылдық округіндегі кездесуде Мыңшұқыр ауылындағы көшелерді жарықтандыру, Көктөбе көшесін жөндеу, Ынтымақ, Пышақшы көшелерін асфальттау, тұрғын үй салуға берілген жер учаскелеріне инфрақұрылым жүргізу, балалардың ойын алаңшасын салу, электр қуатының сапасын арттыру, көпір құрылысын бақылауда ұстау, ауыл көшелеріндегі тазалық жұмыстары, жеңілдетілген жанар-жағар май алу мүмкіндіктері, мектептің жылу жүйесіне жөндеу жүргізу мәселелері қозғалды. Ал Қарғалы ауылдық округінің тұрғындарын толғандыратын негізі мәселелер қатарында егістікті ағын сумен қамту, тұрғындарға сапалы ауыз су жеткізу, ауылда ойын алаңшасын салу, жол бойына отырғызылған көшеттерді күтімге алу мәселелері айтылды.
Аудан тұрғындары көтеріп жатқан әрбір мәселе аудан депутаттарының тұрақты бақылауында болатынын айтқан У.Ұзақов, халық білдірген сұраныстардың оңтайлы шешім табуына аудандық мәслихат «AMANAT» партиясымен бірлесе белсенді қимыл жүргізетінін атап өтті.