Түлкібас ауданы ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан мал басын көбейту, асылдандыру жұмыстарына қолдау көп. Сондықтан мал басы жыл сайын артып келеді. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» -деп білетін әр қазақтың ауласында кем дегенде бір-екі сауын сиыр болады. Сол әр ауладағы мал басының амандығы яғни, жем-шөбін беріп, бақылап ұстауы үй иесінің міндеті болса, олардың аурудан алшақ болуын қадағалап отыратын ветеринария саласының маманы “Ветеринарлық қызметі” ШЖҚ МКК-ның Түлкібас аудандық филиал басшысы Самат Жусупов мырзамен арнайы сұқбаттасқан едік.
-Ең бірінші малдан қан алу жұмыстары қай кезде басталады?Малдың қай түрінен, қанша рет алынады?
— Түркістан облысы ветеринариялық басқармасы «ветеринарлық қызметі» ШҚЖ МКК Түлкібас аудандық филиалының жалпы атқаратын ветеринарлық іс-шаралары жайында қысқаша мәлімет бере кетейін. Ауыл шаруашылық жануарлардың аса жұқпалы ауруларының алдын алу және болдырмау мақсатында жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда жануарлардың 16 (он алты) түрлі аса жұқпалы ауруларына қарсы екпе (ваксина) егіледі. Атап атқанда аусыл, сібір жарасы, қарасан, оба, оспа, брадзот тағы басқа ваксиналар мемлекет тарапынан тегін жеткізіледі.
— Мал аурулары қайдан шығады? Жалпы мал басын аурудан қалай сақтаймыз?
— Мал ауруларының шығу жолдарына тоқталып өтсек. Вакцина уақытылы салдырмауы, немқұрайлық танытуы. Ауданымыз көршілес жатқан аудандармен малды алып-сату қозғалысы арқылы Сайрам ауданында Қарабұлақ мал базары бар. Қазақстанға танымал ТМД елдерінен мал әкелініп сатылады. Бұндай мал қозғалысында мал ауруын тұрақты ұстап тұру қиынға соғуда. Аса жұқпалы созылмалы ауру бруцеллезге (сарып) ауыл шаруашылық жануарларынан қан сынамаларын алу мал санынан қарай жылдық жоспар түзіледі. Жоспарға сәйкес айға бөлінеді. Ақпан айынан бастап желтоқсан айына дейін жоспарға сәйкес жүргізіледі. Мысалы 2023 жылдық жоспар IҚМ -48126 бас. Уақ мал 72933 бас жоспарланып жоспарға сәйкес толығымен орындалып шықты. Жыл басынан ІҚМ (сиыр), 2 бас уақ мал (қой) бруцеллез ауруына оң нәтиже көрсетті. Яғни мал аурулары әртүрлі жағдайда болады. Мал бағудың ветеринариялық ережелерін толық сақтамау салдарынан бір малдан шыққан ауру сол қорадағы топты түгел бүлдіреді. Нақтырақ айтсақ арзан бағамен, болмаса ағайыннан яғни сырттан тексерусіз малдарды әкеліп, үйдегі үйірге қосамыз. Олай жасауға болмайды. Себебі, ол мал ауру болуы мүмкін. Сондықтан сырттан әкелінген малдың құжаттарын мұқият қарап, жергілікті жердегі мал дәрігеріне ескертіліп, көрсетуі тиіс. Өйткені мұндай малдар 21 күн шектеуге қойылып, ветеринарлық шаралары алынады. Ал малдарды аурудан сақтау үшін әртүрлі ауруларға қарсы уақытында екпені ектіріп, қанын алғызып тұруы қажет. Сонда ғана мал ауруының алдын-алуға болады.
— Бүгінгі күнде жеті қазынамыздың бірі саналатын иттердің өзінен қауіп көп. Өйткені, көше-көшені жағалап жемтік іздеп жүретін қаңғыбас иттер адамдарға, әсіресе мектеп оқушыларына шабуыл жасамасына кім кепіл? Сондықтан, ит аулау жұмыстары бойынша да тоқталып өтсеңіз.
— Қаңғыбас ит – мысықтарды аулап жою жұмыстарына келсек, ауданымыздың тұрғындарынан келіп түскен өтініштеріне сәйкес жүзеге асырылады. Аудан көлемінде ауыл тұрғындарының иттерін чиптеу және компьютерлік базаға енгізу қарқынды жүруде, чип салынған иттер белгілі болу үшін құлақтарына сырға тағу жұмыстары қолға алынып жатыр. Аудан тұрғындарының көпшілігі дұрыс түсінбей, иттерін чиптеуге қарсылық танытып жатқан көрінеді. Бұл платформа ит-мысықты есепке алу үшін қажет. Қыркүйек айының 1-нен бастап үй жануарларын чиптеу жөніндегі ережелер күшіне енді. Белгілі бір жануар жоғалып кетсе, оны сканер көмегімен яғни чип бойынша тауып алуға болады. Бұл бастама үй жануарларын асырап отырған азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, тазалық пен қауіпсіздік мәселесінің сақталуына өз үлесін тигізеді. Өйткені, микрочипте әр жануарға жүргізілген ветеринарлық ем-шаралар туралы ақпараттар та толық сақталады. Әрбір үш ай сайын ит пен мысықтарға екпе егіліп тұрған жағдайда, адамға жұғатын лептоспироз, құтырма және басқа аурулардың алдын алуға болады. Ит пен мысықты асырай алмай қаңғытып жіберетіндер көп. Солардың салдарынан иесіз қаңғыбас иттер пайда болады. Жалпы, чиптеу жұмысы ветеринарлық клиникада жүргізіледі. Сондай –ақ иттерді міндетті түрде байлап ұстап, серуендету кезінде тұмылдырық кигізу керек. Сонымен бірге оларды дәрілеп, құтырық ауруларына қарсы екпелер алдырғаны дұрыс. Алайда аудан тұрғындарын керісінше ветеринар мамандарға қарсылық көрсетпей иттерін чиптететуге және дерекқор базасына енгізу көмек беруге шақырамын.
– «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөздің ұран емес, күнделікті қажеттілік екенін ұғатын кез жеткен сыңайлы.
-Мал дәрігері маманы қызметінің тағы бір қыры – ол қауіп қатермен де жиі бетпе-бет келеді. Жылдың қай мезгілінде болмасын белгілі бір ауруға шалдыққан төрт түлікті алдымен мал дәрігері тексеріп, ем-дом шараларын атқарады. Кей жағдайларда ауру түрін анықтау үшін малдың өлексесімен жұмыс істеуге тура келеді. Сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, қатерлі ісік, құтыру сияқты сан түрлі жұқпалы аурулармен жалғыз күресуге мәжбүр. Аталған ауру түрлерінің адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін айтпаса да түсінікті.
— Ал ауру малды қалай жою керек?
-Мүйізді ірі қара малдары сарып ауруын жұқтырған жағдайда 15 күн ішінде арнайы мал сою орындарында сойылып, жойылады. Еттерін қайта өңдеу орындарына жіберіледі. Құтырық немесе басқа ауру түрлері білінген малдардың сынамалары алынып, өлекселері өртеліп жойылады.
— Ауданымызда бруцеллезбен ауырған мал барма?
— Негізгі жұқпа көздері қой-ешкі, сиыр, ит-мысық болып табылатын ауруды, ауру малды күткенде жеке бас гигиенасын сақтамағанда, ауру мал бөліністерімен залалданған құралдармен тікелей қатынасса, малдың жүнін қырқу, қағанақ суымен қатынаста болғанда, туған қозы-лақты ауыздандырып емізу кезінде жиі жұқтырады. Сонымен бірге қайнамаған сиыр, ешкі сүтін немесе термикалық өңдеуден өтпеген қаймақ, ірімшік, брынза, құртты пайдаланғанда ауру жұғуы мүмкін. Сондай ақ, малды күтіп-баптаған кезде мал қораларын тазалау, ауру малдың бөлінділерімен ластанған шөп, күбір, топырақты жинау кезінде жұғады. Ал, аурудың алдын алу шараларына келсек, ең әуелі жеке бас гигиенасын сақтау, мал дәрігерлік анықтамасынсыз сүт өнімдерін бей-берекет сауда орындарынан сатып алмау қажет. Сол секілді, мал иелері жыл сайын малдарын ветеринар қызметкерлерімен бірге бруцеллезден сауықтырып отыруды, әрбір өлі туған мал төлдерін, түсіктерді жергілікті әкімшіліктің ветеринарлық маманына міндетті түрде хабарлауды, бруцеллезге оң нәтиже берген малды 15 күн ішінде жойылғанға дейін жалпы өріске қоспай, оқшаулау және қораны толықтай тазалап залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуді, малды жазғы өріске жіберер алдында және қыстаққа келгенде сарып ауруына тексертіп алуды ұмытпағант жөн. Түйіндей айтқанда, қарапайым алдын-алу шараларын сақтай отырып өзіңізді бруцеллезді жұқтырудан қорғай аласыз.
-Ветеринария саласы бойынша біраз мәлімет алдық. Мал жанымыз аман болсын. Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Күн НҰРЫ.