Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Қазіргі таңда, жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға 2022 жылы – 251 685 дана, 2023 жылдың көктем айларында – 532 682 дана және 2023 жылдың күз айларында 556 612 дана, жалпы 1 млн. 89 мың түп көшет егілген. Бұл жайында Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев мәлімдеді.
Сонымен қатар басқармаға бағынысты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің тұқымбақтарында көшет өсіріп шығару үшін қосымша қаржы бөлініп, жалпы 35,3 млн. көшет өсірілуде. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50 млн-ға жеткізу жоспарлануда.
– Түркістан қаласының айналасынан 31,4 мың гектар аумақта «Жасыл белдеу» құру жобасы аясында жалпы 16 044,0 гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылды. Қазіргі таңда жоспарлы межені 42,0 мың гектарға жеткізу қолға алынып отыр. Мемлекет басшысының жалпы республика бойынша елді мекендерде 15 млн. көшет егу тапсырмасының аясында Түркістан облысында 1,5 млн. көшет отырғызу жоспарланған – деді Қайрат Абдуалиев.
Сондай-ақ басқарма 2023 жылдың қорытындысы бойынша орман күзеті қызметкерлерімен сұғанақтықтың алдын алу мақсатында 1127 рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 384 заң бұзушылық фактілері анықталды. Анықталған заң бұзушыларға 7 715,4 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 6,3 млн. теңге өндірілген. Ал табиғатқа келтірілген залалдың көлемі – 2,1 млн. теңге құраған, оның 1,9 млн-ы қайтарылған.
Сонымен қатар өткен жылы тауарлы балық өсіру көлемін 6 640 тоннаға жеткізу және өңдеу жұмыстарын қолға алу 5 000 тоннаға жоспарланып, жыл қорытындасымен жоспар толық орындалған.
Бұдан бөлек, облыс аумағында жалпы 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның 70%-ы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Осыған орай 2022-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес 27 полигонның құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Алдағы уақытта оңтайландыру арқылы инвесторлар тарту мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. 2023 жылға қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 23%-ға жеткізу жоспарланып, жоспар толығымен орындалған.
2022 жылы облыс аумағындағы Ақсу өзенінің 90 шақырымына су қорғау белдеуін 100 метрге, су қорғау аймағын 500 метрге кеңейту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушылар өзен арнасынан толығымен шығарылған болатын. Аталған тәжірибе оң нәтиже көрсеткендіктен, бүгінгі күні облысымыздағы негізгі ірі өзендер саналатын Сырдария, Арыс, Келес, Бадам, Боралдай өзендерінің су қорғау белдеулері мен аймақтарын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.