ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми әлеуметімен танысты. Алдымен академияның Басқарма Президенті Күнсұлу Закарья университет ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Пеями Батталмен кездесті. Басқосуда өңірдегі ғылыми-зерттеу жұмыстары мен өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, екі тарап ғылымды дамыту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар Түркия мемлекетінің TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға ҚР делегациясының, оның ішінде Түркістан облысы өкілдерін үйлестіру жөнінде айтылды.
Кездесу барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Күнсұлу Закарья жұмыс сапарының негізгі мақсатына тоқталып, өңірлерді ғылымға үлкен назар аудару керектігін тілге тиек етті.
– Біз рухани астанаға Түркия мемлекетімен ынмытақтастықты нығайту мақсатында келіп отырмыз. Жақын арада Түркиядағы ірі ғылыми қор TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға қазақ ғалымдарының делегациясы барады. Ондағы негізгі мақсат – Қазақстан ғылымының басым бағыты бойынша Түркия мемлекетіндегі ірі ғылыми орталықтар мен университеттерінің арасындағы ғылыми ынтымақтастықты құру, ғалымдарды таныстыру және бірлесіп жобаларды өткізу. Бүгін осы мәселе бойынша дайындық жұмыстарын пысықтап, қажетті ғылыми бағыттарды анықтаймыз. Соның негізінде бағдарлама мен ірі ғылыми концепция дайындаймыз. Екінші мәселе ретінде өңірлік ғылымды қарастырдық. Әр өңірде өзінің ғылыми проблемалары бар, экономикаға қажетті бағыттары бар. Жергілікті әкімдіктер, бизнес және өнеркәсіп өкілдері ғылымға бет бұрып, оны дамытуға атсалысу керек. Осы бағытта өтінім беріп, ғылыми конкурстарды өткізсек дейміз. Үшінші мәселе – ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында Жас ғалымдар кеңесі құрылмақ. Бүгінгі күні эксперттік жұмыс топтарына 1000-нан астам жас ғалымды тарттық. Соған осы аталмыш университеттің белсенді, дарынды ғалымдарын тартуды, жұмыстарды әрі қарай жалғыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Басқарма Президенті.
Делегация өкілдері университет аумағында орналасқан ботаникалық баққа барды.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен ҚР Ұлттық академиясы бір жыл бұрын қайта құрылып, оған үлкен мәртебе берілді. Қазіргі таңда осы ғылыми академияның Президенті Күнсұлу Дальтонқызы бастаған үлкен делегация университеттің ғылыми әлеуетімен танысып, академиямен қандай жобалар атқара алатынымызды, оқу орнының жетістіктерін көрсету үшін осындай арнайы бағдарлама жасаған болатынбыз. Унверситетте ботаникалық бағымыздың құнды генофонын сақтап қалу, үлкен коммерциялық жобалар атқару үшін бөлінген арнайы мемлекеттік қаржыға, ғылым қорының қаржыландыруымен цех салынып жатыр. Ғылыми жобалардың нәтижелерімен бөлісіп, осы бағытта келешекте атқарылатын жоспарларды құрып жатырмыз. Өңірдегі ғылымды дамытуға, өңірдегі проблемаларды шешуге университет ғалымдары белсенді түрде атсалысады деп сенемін, – деген университет ректоры Жанар Темірбекова жаңа жоспарлармен бөлісті.
Мұнда «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» атты коммерцияландыру жобасы аясында арнайы өндірістік цехі құрылуда. Жемістерді ғылыми зерттеумен және өндірістік қайта өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорын алдағы уақытта тұрғындарды сапалы экологиялық таза жеміспен және кептірілген жеміс өнімдерімен қамтамасыз етпек.
Іссапар барысында академиясының делегациясы ХҚТУ-дың ғалымдарымен дөңгелек үстел өткізді. Басқосу барысында Түркия мемлекетінің TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға ҚР делегациясының іссапар жұмысын үйлестіру сұрақтары, университеттің жетекші және жас ғалымдарының қатысуымен Түркістан облысы бойынша өзекті мәселелерді талқылау, оның шешу жолдарын анықтау, ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру, өндіріске енгізу мәселелері қаралды. Нақтырақ айтқанда, «Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеулер және перспективалар», «Аймақтың дамуына үлес қосу. Аймақтың проблемалары – өндірістік мақсаттағы коммерцияландыру жобасы», «Өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды оңтайлы басқарудың кешенді жүйесі» тақырыптарында баяндама жасалды. Жиынға қатысушылар мәселелерді жан-жақты саралап, тиімді бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісті.
Астаналық делегацияға оқу орнының материалдық-техникалық базасы көрсетілді. Одан бөлек, қысқы мектеп аясында өтетін ғылым апталықтың жұмысына қатысып, оң баға берді.