Созақ ауданы, Таукент кентінің тұрғыны Құдиярова Айбала апаға ізгі ниетті кент тұрғындары көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, қуанышқа бөледі. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысты. Игі іске ұйытқы болған барша азаматтарға жылы лебізін арнап, баспана иесін қоныс тойымен құттықтады.
– Бүгін біз мейірімділік пен ізгіліктің куәсі болып отырмыз. Еселі еңбектерімен елдің құрметіне, көптің ықыласына бөлене білген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін,– деген аудан басшысы Айбала апаға сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ осы істің басында болған, кент тұрғыны Гүлбану Жақайқызына тұрғындар атынан алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.
Кент тұрғындары мен шараға жиналған қонақтар ақ дастарқан басында бас қосып, арнайы құран бағышталды. Онда ел ағалары мен ардагерлер осындай игі шаралардың өрелі жас ұрпақтың бойына изгі қасиеттерді сіңіретінін айтып өтті.
Айта кетейік, 5 желтоқсан күні Таукент кентінің тұрғыны Құдиярова Айбала апаның шаңырағында таңға жақын уақытта өрт шығып, баспанасы өртке оранды. Қуанышқа орай, өрт салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің салдарынан барлық бөлмелері жанып кеткен және үйдің шатыры толықтай зақымданды.
Игі істің басында жүрген, кент тұрғыны Гүлбану Жақайқызының айтуынша, небәрі 4 күнде 10 млн. теңгеге тарта қаржы жиналды. Оның 4 миллионын «Инкай» БК» ЖШС аударса, қалған қаржыны жанашыр азаматтар жинады. Осы қаржыға көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтер алып, тұрғынға тарту етіліп отыр.