ТҮРКІСТАН: ТАРИХИ МҰРАЛАР – ТАҒЫЛЫМ МЕН ТАНЫМ БАСТАУЫ — Төрттаған
Понедельник, 26 мая, 2025
  • Біз туралы
  • Сайт ережелері
Төрттаған
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Әдебиет
  • Қоғам
  • Әлемде
  • Тарих
  • Спорт
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Әдебиет
  • Қоғам
  • Әлемде
  • Тарих
  • Спорт
No Result
View All Result
Төрттаған
No Result
View All Result
Басты бет Қоғам

ТҮРКІСТАН: ТАРИХИ МҰРАЛАР – ТАҒЫЛЫМ МЕН ТАНЫМ БАСТАУЫ

27.11.2023
Қоғам
0
ТҮРКІСТАН: ТАРИХИ МҰРАЛАР – ТАҒЫЛЫМ МЕН ТАНЫМ БАСТАУЫ

READ ALSO

Мемлекет басшысы сауда-логистика орталығына барды

Президент жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытына барды

Бүгінгі мақаламызды Түркістан облысының тұрғындарының назарына тарихи мұраларды дәріптеу және қорғау тақырыбына арнамақпыз. Өңіріміздегі тарихы бай жерлерге барынша жауапкершілік таныту және қорғау – әрбір азаматтық ортақ парызы.

Тарихи-мә­дени құндылықтарды қорғау және ұқыпты пайдалануға қатысты мем­лекеттік реттеу мәселелері Қа­зақ­стан Республикасындағы ба­­сым­дық берілген міндеттердің бірі еке­ні анық. Материалдық мұра объек­тілерінің сақталуын, ғылыми және мәдени пайдаланылуын қамтама­сыз ету мемлекеттің өзіндік мәде­ни-ұлттық ерекшелі­гін дамытуға жағдай жасайды, қазіргі заманғы жаһандық және интеграциялық үдеріс жағдайын­да қоғамның тұ­рақты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда тарихи, археоло­гия­лық, сәулеттік және мәдени ескерт­кіштердің қирауы мен мүлдем жойылып кету қаупі төніп тұрғандық­тан, бұл проблема одан сайын өзекті бола түсуде. Орын алып отыр­ған күр­делі экологиялық, ан­тропогендік факторлар қоршаған табиғи және мәдени ортаның жағ­дайына, оның маңызды құрамы болып табылатын тарихи және мәде­ни ескерткіштердің үгітіліп қирай түсуіне ықпал етуде. Сондай жағ­дайда тұрған ескерткіштерді анық­­­тау және зерттеу арнайы ар­хеоло­гиялық зерттеу әдістерін қол­да­нуды, әртүрлі ғылым мен білім жү­йелерін бір арнаға то­ғыстыратын жаңа бағдарламалар мен жобалар кешенін әзірлеуді талап етеді. Бар­лау-іздестіру жұ­мыстарына нано­тех­нологиялық және инновация­лық әдістер қол­дану көп жағдайда алға қойылған міндеттің нақты маңыздылығына және, әрине, ма­мандардың кә­сі­би­лігіне тікелей байланысты болмақ.

Атап өтілген басым бағыттар отандық археология саласында із­дестіру жұмыстарын одан әрі же­тілдіруді қажет етеді. Біздің мақса­тымыз – археологиялық бі­лім сала­сындағы ұйымдастыру-қоғамдық проблемаларды көрсету және ғы­лыми-зерттеу және гене­зисті, эволюцияны, сондай-ақ ежел­гі және ортағасырлық ке­зеңдегі ескерткіш­тердің функцио­налдық маңызын зерттеудегі бас­қару органдарының әлеуметтік ма­ңызды қызметтерінің нақты жолдарын ұсыну.

Менің ойымша, осы орайда, мұндай мәселелерді қою мен шешуде басқарушылық құрылым­дар­дың рөлі мен орнын анықтау өзекті әрі айқын болып отыр. Өйткені, мемлекеттік биліктің ынталы ор­гандарының (тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қор­ғаудың респуб­ли­калық, облыс­тық, аймақтық органдары, облыс­тық өлкетану мұ­ражайлары және басқа ұйымдар­дың) қатысуынсыз бұл мәселелерді шешу мүмкін емес. Барлық осы мемлекеттік мекемелер және би­ліктің жергі­лікті органдары (об­лыс­тық, аудан­­­­­дық, ауылдық әкім­діктер) кәсіби археологтармен ты­ғыз байланыста қызмет жасауға, ұйым­дастыру жұмыстары барысында оларға көмектесуге, архео­логия­лық ескерткіштерді қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.

Дәл осы жергілікті жерде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауда және сол өлкенің та­рихи-мәдени мұра ескерткіштерін әйгі­леуде жергілікті билік орган­дары­ның және тарихи-мәдени мекеме­лердің рөлі айрықша.

Өкінішке орай, Қазақстан Рес­публикасының «Тарихи-мәдени мұ­ра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» қолданыстағы заңына қарамастан, басым бөлігі әлі ашыла қоймаған, терең зерттелмеген тарихтың ежелгі және ортағасырлық ескерткіштері жер­ді шаруашылық және өнеркә­сіптік мақсатта игеру барысында, сондай-ақ, қоршаған ортаның ықпалына байланысты және қа­зына із­деу­шілердің заңсыз іс-әрекеттерінен үнемі қиратылуға және жойылуға ұшырайды. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау – мәдени және тарихи құн­дылыққа ие объек­тілерді сақтауға және қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені. Ескерткіштерді зерттеу, олардың тарихи және функционалдық ма­ңызын бағалау, ресми мәртебе беру, қалпына кел­тіру және сақтау осы іс-шара­лардың құрамына енген.

Тарихи мұрамызды сақтауға жауапсыз қарауымыздың мысалы ретінде «Есімхан ордасы» аума­ғын айтуға болады. Ол өзі қорға­латын аумақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Кеңесарық ауылына таяу орна­лас­­қан тарихи орын. Өкінішке орай, бүгінгі таңда осы тарихи жерде мұражай емес, әртүрлі құ­рылыс­тар мен ауыл­шаруа­шылық жұ­мыстары жүргі­зілуде.

Адамдардың тарихи құнды­лық­тарға жауапсыз қарайтын­ды­ғының белгісі Алматы облысын­дағы ежелгі Жетісу қорғандары аудандарында байқала бастады. Қырық жыл бұрын дәл осы жерден ең бағалы археологиялық олжа – «Алтын Адам» табылғаны белгілі. Әрине, жағымсыз әрекет­тер өте белең алып кете қойған жоқ, бірақ жергілікті билік органдары қор­ғалатын аумақтың жерін заңсыз пайдаланғысы келетін­дерге жіті көз салуы керек деп ойлаймын. Егер кеңестік ке­зең­дегі «Тарих және мәдениет ес­керткіш­терін қор­ғау қоғамының» сансыз өкілдері болса, жоғарыда келті­рілген деректер бойынша баяғы­да-ақ дабыл қағар еді! Ал бүгінгі таңда біздің мәдени құн­дылық­тарымызды қор­ғау ісі кәсі­би археологтардан басқа ешкімге қажет емес сияқты кө­рінеді.

«Жергілікті жерде», яғни облыстарда тарихи-мәдени мұраны қорғау орталықтары бар, бірқатар өңірлерде мемлекеттік инспекция жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмысы қалай жолға қойылған? Олардың құрамында мамандар бар ма? Ал жалпы, сондай «ор­та­лықтар» мен «мемлекеттік инс­пекцияларда» ескерткіштерді қор­­ғау қызметінің өзі қалай жүр­гізіледі? Ойландыратын деректер бар, ол, әсіресе, археолог мамандарды қатты толғандырып отыр. Атап айтсақ, жоғарыда атал­­ған көптеген өңірлердегі ес­керткіш­терді қорғау «орталық­тары» қор­ғандарды, қорымдарды, ескі ме­кендерді, қалашықтарды қорғауға тиісті өздерінің негізгі кәсіби жұмыстарымен емес, неше түрлі қызметтермен айналысатыны туралы деректер бар. Оның қарапайым екі-ақ себебі бар. Біріншіден, көп жағдайда ондай «орталықтардың» қызметкер­ле­рінде ежелгі қорған деген не және оны қалай танып-білуге болатыны туралы аздап болса да түсінік жоқ. Екінші себебін ашып айтсақ, ондай «орталық­тарда» «ескерт­кіштерді қорғау» деген не, ол жұмысты қалай жүргізу керек, ол қандай тетіктерден тұ­ратыны жө­нінде ұғым қалып­таспаған.

Тарих және мәдениет ескерт­кіштеріне археологиялық қыз­метті іске асыру үшін лицензия алу және рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселесінде үнемі өзге­рістер мен толықтырулар болып жататыны қазақстандық маман­дардың алаң­дау­шылығын тудырып отыр.

Ескерткіштерді анықтап және оларды зерттеп, сараптамадан өткізу ісімен тек кәсіби археологтар, біліктілігі жоғары және мол тәжірибе жинақтаған, кәсіби та­ғылымы зор еңбек өтілі бар мамандар ғана айналысуы тиіс екен­дігіне сенімдіміз. Олардың жұ­мысы артефактардың мәдени те­рең қабат­тарын табумен шектел­мейді, ең бастысы, мәдени мұра объек­тілері ретінде ескерткіш­тер­ді сақ­тау мен дұрыс пайдалану болып табылады. Бүгінгі таңда зерт­теуші-археологтар Отырар, Қой­лық, Талғар, Ақыртас қала­шық­­тарында, Беғазы, Есік, Берел қо­рым­дарында іздестіру және қайта қалпына келтіру жұмыс­тарын жүргізуде. Олар ескерт­кіштердің сақталуы мен «өмір сүруін» ұзарту, мұра­жайландыру, яғни мұражайлық және күзе­тілетін ны­санға айналдыру (Әзі­рет Сұлтан, Есік, Берел, Мерке-Жайсаң, Там­ғалы петро­глифтері тарихи-мәде­ни қорықта­ры) мәсе­лелерімен айналысуда; тарих жә­не мәдениет­тің ғажайып ескерт­кіштерін (Бесшатыр, Есік, Берел, Боралдай мен Шілікті қор­ған­дарын және еліміз­дің түкпір-түкпірінде орналасқан көптеген тау-тасқа салынған су­реттерді) қи­рап жойылудан құт­қарады, Май­бұлақ тұрағы мен Сарайшық қалашығының сақта­луы жолында еңбек етуде. Осы тұста атап айтар болсақ, орта­ғасырлық кезеңде үлкен әкім­шілік округтің орта­лығы болған, аумағы Шаштан Қашғарға дейін созылып жатқан Испид­жабтың археологиялық ес­керт­кіштерін зерттеуде археолог­тар­дың қосқан үлесі зор.

Бір алаңдатарлық жәйт, бү­гінде көптеген адамдар археологиямен айналысуға әуестеніп жүр. Мә­селен, қажетті біліктілігі жоқ түрлі мамандықтың өкілдері, мұражай қызметкерлері, университет ұстаз­дары және кәсіби археологиялық қызметке тікелей қатысы жоқ адамдар археология­лық іздеу жұмыс­тарымен айналысады. Олардың көпшілігі архео­логиялық зерт­теудің әдістеме­сінен бейхабар, соның нәтиже­сінде археологиялық объектіні далалық зерттеу про­цесінде ес­керткіштің мәдени қабаттарының қирауы, оның құ­рылымдық бір­тұтастығының бұ­зылуы жиі орын алып жатады, сондай-ақ және басқа да маңызды бөліктері жойылып кетеді. Бұл жерде құры­лыстар жүргізу, жолдар салу жұ­мыстары барысында ескерткіш­тердің бульдозерлермен қираты­луы, бүтіндей тарихи археоло­гиялық құндылықтардың қабат­тары жойылып кетіп жатқаны туралы не айтуға болады?! Ондай еленбей жатқан ескерткіштердің ежелгі және ортағасырлық тарихты зерттеуде маңыздылығы өте зор екеніне ешкім де терең мән беріп жатпайтыны қынжылтады.

БөлісуTweetБөлісуБөлісуЖолдау
Алдыңғы мақала

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРЫ «ENBEK» ЛАГЕРІНДЕ БАС ҚОСТЫ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

КЕЛЕСТІКТЕР «АУЫЛ АМАНАТЫ»-НЫҢ ШАРАПАТЫН КӨРУДЕ

Оқи отырыңызМақалалар

Мемлекет басшысы сауда-логистика орталығына барды
Жаңалықтар

Мемлекет басшысы сауда-логистика орталығына барды

11.04.2025
6
Президент жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытына барды
Жаңалықтар

Президент жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытына барды

11.04.2025
10
Қоғам

Түркістанда сотты болған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алу бойынша форум өтті

15.03.2025
4
Жалған қоңырауларды қалай болдырмауға болады?
Қоғам

Алаяқтар әрекеті толастар емес

22.02.2025
4
Интернет-алаяқтыққа жол жоқ!
Қоғам

Интернет-алаяқтыққа жол жоқ!

21.02.2025
9
Түркістан облысында полиция колледж студенттеріне интернет-алаяқтықтан сақтану жолдару туралы айтты
Қоғам

Түркістан облысында полиция колледж студенттеріне интернет-алаяқтықтан сақтану жолдару туралы айтты

21.02.2025
4

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

«Жасыл экономиканы» дамытудың шетелдік тәжірибесі

01.10.2022
429

Энергияны үнемдеу технологиясы және энергия ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері           

01.12.2022
353
БАЯНДЫ БАСТАМАНЫ ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық ынтымақтастық

11.10.2022
212
ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР – САН САЛАЛЫ МӘДЕНИЕТ ЖЕМІСІ

ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР – САН САЛАЛЫ МӘДЕНИЕТ ЖЕМІСІ

07.12.2023
157
ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ИГІЛІКТІ ІС

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ИГІЛІКТІ ІС

27.09.2022
155

БІЗ ТУРАЛЫ

Төрттаған

Ақпараттық агенттік Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінде 08.04.2022 ж. тіркеліп, №KZ92VPY00047746 куәлігі берілген.

САЙТ ЕРЕЖЕСІ

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

РЕДАКЦИЯ

  • Біз туралы
  • Сайт ережелері
  • Байланыс
  • Біз туралы
  • Сайт ережелері

© 2022 / 4tagan.kz - ақпараттық агенттігі / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Біз туралы
  • Сайт ережелері
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Руханият
  • Мәдениет
  • Әдебиет
  • Әлемде
  • Тарих
  • Спорт

© 2022 / 4tagan.kz - ақпараттық агенттігі / Барлық құқықтар қорғалған.