Түркістанға келетін туристер саны артуда.
Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, әлемдік жалпы өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 10 пайызын туризм қамтамасыз етеді. Тіпті әлемдік тәжірибеде туризмнен түскен табыспен ғана күн көріп отырған елдер бар. Жаһандық өндірістегі әрбір тоғызыншы жұмыс орны да осы саланың үлесіне тиесілі. Сондықтан дамыған елдердің қатарына енуге талаптанып отырған Қазақстан үшін туризмді дамытудың маңызы зор. Оның ішінде, Түркістан өңірінде туризмді дамытудың мүмкіндігі мол.
Түркістан қаласындағы туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы белгілеген басты міндеттердің бірі. Бүгінде бұл салада айтарлықтай тың өзгерістер орын алған. Соның дәлелі Түркістан республикалық деңгейдегі топ-10 негізгі дестинациялардың қатарына қосылған. Осы тұрғыда, туристік инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде қонақ үйлер мен туристік кешендер салуға ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы 2023 жылы туристер саны 1451,5 мың адамды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға артқан. Ішкі туристердің саны 2023 жылы 9 ай бойынша 95 509 адамды құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,3%-ға ұлғайған.
Ең көп турист баратын орта.
Түркістан қаласында қазіргі таңда сұранысқа ие діни, танымдық және рекреациялық туристік бағыттар бірінші кезекте. Бұл әрине қаладағы тарихи ескерткіштердің көп шоғырлануы және «Керуен-сарай» туристік кешенімен байланысты. Сонымен қатар қазіргі таңда этнотуризм, іскерлік туризм, спорттық туризм салалары дамып келе жатыр. Туристерді тартудың магниті – Қ.А.Ясауи кесенесі. Кесенеге 2022 жылы 566 457 адам келсе, жалпы қала бойынша басқа да туристік бағыттарға 1,5 млн. жуық туристер келген.
Түркістандағы эко және этнотуризм бойынша.
Эко туризм бағыты өзге өңірлермен салыстырмалы түрде қарағанда жақсы дамымаған. Алайда оны тек табиғат аясындағы туризмдік бағытпен шектеп қарауға болмайды. Мәселен қала тазалығы, қоқыстарды оңды-солды шашпай, табиғи өнімдерді жиі тұтыну көрсеткішінің өзі эко туризмнің алғышартына сыйып кетеді. Ал қалаға келетін әрбір туристің айтатыны қаланың тазалығы жайындағы мәселе. Яғни шаһар тазалығының жоғары екендігін тілге тиек етеді. Ал этнотуризмге келер болсақ, қалада арнайы этноауыл кешені іске қосылған. Этноауыл аймағында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттайтын іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Сондай-ақ, Түркістан-Отырар тас жолында тағы да этноауылдың құрылысы аяқталып тұр. Енді оны жүйелі жүргізу үшін сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүргізілуде. Этнотуризмнің тағы бір бағыты ретінде қазір қолөнершілердің туындыларын танытуға да көңіл бөлініп жатыр. Қалада қазіргі таңда, қолөнершілердің көрмесін ұйымдастыру да дәстүрге айналып келеді. Себебі қолөнер креативті индустрияның ажырамас бөлігі саналады. Сондай-ақ ағымдағы жылы Өзбекстан мемлекетіне қолөнер саласы бойынша қолөнершілер мен туризм саласының мамандарынан тұратын арнайы іс-сапар ұйымдастырылған болатын. Одан бөлек, 2024 жылға қарай мәдени-рухани орталық аумағынан «Қолөнершілер» қалашығын салу жоспарлануда. Аталған кешен этнотуризм саласын жандандыруға өз септігін тигізері хақ.
Туризм инфрақұрылымы саласындағы жаңалықтар.
Түркістан қаласы тарихи ескерткіштерге бай өлке. Облыс орталығы болғалы өңірде мәдени-рухани орталықтар, рекреациялық орталықтар, парктер салынуда. Қалада тарихи ресурстарға тоқталатын болсақ, «Қ.А.Ясауи» кесенесі, «Сұлтан Бегім» кесенесі, «Есiм – Хан» кесенесі, «Тәуке хан» кесенесі, «Шілдехана», Ортағасырлық шығыс моншасы Цитадель қамал қабырғасы, «Хан» ордасы, «Хан» мешіті, «Дарбаза» қақпасы, «Мүсәллә» қақпасы, «Такия» қақпасы, «Жеті ата» қақпасы, «Құмшық ата» жерасты мешіті, «Жұма» мешіті, археологиялык қазбалар, ежелгі «Күлтөбе» қалашығының павильоны, казарма ғимараты, «Әлқожа ата» кесенесі және т.б. тарихи ескерткіштердің қазіргі таңда, рестоврациялық яғни қайта қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен тұрақты түрде жүргізілуде. Мысалы ретінде 2021-2022 жылдары Қ.А.Ясауи кесенесінің күмбезі, «Сұлтан Бегім» кесенесінің сыртқы және ішкі бөліктері, «Жұма» мешіті туристік нысандарына рестоврациялық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, 2023 жылға Ортағасырлық «Жеті ата» көшесін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Туристік орындарға апаратын барлық автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өткізіліп, арнайы автотұрақтармен қамтамасыз етілген. Қалада 20 бағытта 220 автобустар қызмет көрсетуде. Автобустарда цифрландыру мақсатында «Alempay» электронды билеттеу жүйесі енгізілді. Темір жол көлігін дамыту мақсатында, 2024-2026 жылдарға Ташкент-Шымкент-Түркістан бағытында жоғары жылдамдықты темір жолы жобасын іске асыру жоспарлануда.
Г.Серікқызы