Бүгінгі мақаламыз киелі қала мен жалпы өңірге келушілерге жақсы әсер сыйлау бағытындағы жұмыстарға арналады. Естеріңізде болса, Түркістан облысында және Түркістан қаласында салынатын әрбір нысанның құрылысы сарапшылардың талдауынан өтіп барып жүзеге асады. Оның сәулеті, идеологиялық мәні талқыланып, құрылыс материалдары да қатаң сараптаудан өтуде. Қыркүйек айының басында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен сәулеттік жобалар талқыланған жиында облыста салынатын және салынуы ықтимал нысандардың жобасы сараланды. Өңір басшысы әрбір сәулеттік жобаға жеке-жеке тоқталып, жауапты басқарма мен мамандарға тиісті тапсырмалар берді.
– Елге қажетті әрі туризмді дамытуға серпін беретін нысандар салуға басымдық берілсін. Бос, қолданылмай тұратын ғимараттар керек емес. Жаңа ғимараттар қаланың Бас жоспарымен және даму тұжырымдамасымен үндесуі тиіс. Мәселен, спорт ғимараттарын алайық. Қанша ғимарат керек? Қайда орналасқаны жөн? Ол салынған тұрғындарға қаншалықты оң әсер етеді? Мәдениет, туризм, білім нысандарын салуда осы сұрақтар назарға алынып, сәулетшілер аталған сала өкілдерімен ақылдасулары қажет. Әр ғимарат қаланың сәніне сән қосатындай сәнді әрі өзара үйлесімді болғаны абзал. Тарихи-мәдени орталық маңындағы жеке үйлерден саяхатшыларға арналған шағын хостелдер жасақтау үшін жобалар ұсынылсын. Ол үйлер қазақы нақыштағы ою-өрнектермен безендірілуі керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте облыста жүзеге асырылуы мүмкін 13 нысанның сызбанұсқасы ұсынылып, талқыға түсті. Түркістан облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Нұрлыжан Бөкебаев Шығыс базары, «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынатын білім ұясы, Мәдени-рухани орталықтағы автотұрақ, әкімшілік-іскерлік орталығындағы аллея, жаңа туристік бағыт, Сайрам ауданындағы «Неке сарайы» жобалары туралы баяндады. Сонымен бірге жиында Түркістан қаласында гимнастика мектебін, Олимпиадалық резерв мектебін және Жоғары спорт шеберлігі мектебін салу арқылы спорт қалашығын қалыптастыру жөнінде ұсыныс берілді. Бейнелеу өнері мұражайын салу мен Б.Саттарханов көшесінің бойына кіші сәулеттік формаларды орнату жобасы да ұсынылды. Аталған жобалар туралы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің, «Сәулеттік бюро» мекемесінің басшысы Еркін Жүсіповтің де ұсыныстары тыңдалған болатын.
Сонымен қатар, бұған дейін шаһардың ажарын ашатын 20 қабатты бизнес орталығы мен көпқабатты түрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу бойынша мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктелді. Құрылысты өз мерзімінде тапсыруды және сапалы орындауды ескертті өңір басшысы Д.Сатыбалды.
Мердігер компания өкілдерімен кездескен облыс басшысы қолға алған жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді. Құрылыспен қатар абаттандыру жұмыстарын да жүргізуді тапсырды.
– Бірінші кезекте құрылыстың сапасына басты мән беріңіздер. Ең басты талап – осы. Абаттандыру жұмыстарына немқұрайлы қарамау керек. Отырғызылатын ағаштарды таңдағанда жергілікті климатқа сай болуын ұмыт қалдырмаған жөн, – деді Дархан Сатыбалды. Түркістан теміржол вокзалы аумағын абаттандыру жұмыстары бойынша бірқатар ұсыныстар қаралды. Жарықтандыру мәселесі де маңызды. Сонымен қатар отырыста қаланың рухани және мәдени орталығында қойылатын ортағасырлық тас мүсіндер бойынша бірқатар ұсыныстар талқыланды.
Жобалардың кейбірі қолдау тапса, бірқатарын толықтыру жөнінде тапсырма берілген еді.
Түркістан қаласының дамуы мен гүлденуі туризм және кәсіпкерлік бағытында жүзеге аспақ. Рухани шаһарда бүгінгі таңда туризм аяғынан түрегеліп, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Осы ретте «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасын атауға болады. Өйткені осы жоба арқылы тұтас өңір көлеміндегі кәсіпкерлерге 280 ге жуық жоба негізінде 10 млрд теңге көлемінде несие берілген. Осының өзі кәсіпкерлерге мүмкіндік ашылғанын, сол арқылы өңір дамуына тың серпін болары анық көрініс тауып отыр.
Олай болатыны Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы 2025» бүгінде өңір тұрғындарына тың серпін беруде. Бұл бағдарламаның мақсаты өңдеу өнеркәсібіндегі және агроөнеркәсіптік кешендегі өндірісті кеңейту, сондай-ақ ішкі нарықты отандық өндірушілердің тауарларымен және қызметтерімен толықтыру және импортты алмастыру болып табылады. Осы негізде өңір кәсіпкерлеріне айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқаны байқалады. Атаулы бағдарламалар арқылы қолдаудың маңызын түсіндіру үшін тиісті сала басшылары облыстың қала, аудандарында семинар-кеңестер өткізді. Жеке кәсіпкерлерге арналған несиелеу бағдарламалары арқылы өңірде біршама жаңа жұмыс орындары ашылуда.Енді бір сөзбен айтқанда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы 2025» т.б. бағдарламалар жайлы толық тиімді және өңірдің дамуы мен кәсіпкерлердің өркендеуіне тың серпін болады.
Аталған бағдарламалары кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде кредиттер/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және кредиттер/қаржылық лизинг бойынша кепілдіктер беру инструменттері қаралған. Агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеу, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс, өңдеу өнеркәсібі және көрсетілетін қызметтерге жататын жобалар аталмыш бағдарламаға қатысушы болып саналады. Өңдеу өнеркәсібіндегі және көрсетілетін қызметтердегі жобаларды субсидиялау номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15%-дан аспайтын кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша жүзеге асырылады, олардың 6%-ын жеке кәсіпкерлік субъектісі төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асқан сәтінен бастап 46 млрд. теңгені құрайтын 321 жоба қолдау тапқан.
«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде көрсетілетін қолдаулардың бір түрі несиелердің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау болып табылады. Экономиканың басым секторларында өзінің жобаларын және тиімді жобаларды іске асыратын кәсіпкерлер осы бағдарламаға қатысушы бола алады. Субсидиялау номиналды сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген базалық сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын және 5 (бес) пайыздық тармаққа ұлғайтылған кредиттер/қаржылық лизинг шарттары бойынша жүзеге асырылады, оның 6 %-ын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Инвестицияға бағытталған кредиттер/қаржылық лизинг шарттары бойынша субсидиялау мерзімі субсидиялау мерзімін ұзарту құқығынсыз 5 (бес) жылды құрайды. Айналым қаражатын толықтыруға бағытталған кредиттерді субсидиялау мерзімі субсидиялау мерзімін ұзарту құқығынсыз 3 (үш) жылды құрайды. Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау жүзеге асырылатын кредит сомасы бір кәсіпкер үшін 3 (үш) млрд теңгеден аспайды. Бағдарлама бойынша 2022 жылдың 6 айында 9,6 млрд. теңгені құрайтын 274 жеңілдетілген несиелер берілген. Анықтап айтқанда «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламалары кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін арттырып, шығарған өнім көлемін арттыруға үлкен үлес қосуда.
– Ішкі туризмді дамыту сыртқы туризммен қатар жүруі маңызды. Ол тек қаланың сыртқы көрінісімен ғана емес, ел тарихымен танысуға, білуге жол ашады. Мұны қала халқының мәдениеті мен экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізеді деп толық сеніммен айта аламыз. Себебі қаланы тамашалау кезінде тасымалдаушы такси жүргізушілері, сауда жасаушылардың, қонақүй қызметіне сұраныс артады. Қала туризмінің дамуы жаңаша тыныс алып, дамыту бағытында атқарылар шаруалар әлі көп», дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков. Расымен де, елімізде туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Мақсаты – туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру. Атап айтқанда, осы саладағы жұмыспен қамтылған азаматтардың санын – 800 мың, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемін 6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар қонақүй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, көші-қонды бақылау eQonaq электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады. Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либерализациялауға байланысты тәуекелдердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады.
«Туризмге жұмсалған қаражаттың тиімділігін анықтау үшін туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлердің ұлттық рейтингін енгізу жоспарланып отыр. Рейтинг Қазақстанның туристік картасына енгізілген басым бағыттар мен ТОП-50 дестинацияны қамтиды. Өңірлік туризм саласындағы шағын, орта және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке капитал тартылады. Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Алматы тау-шаңғы кластері және басқа да орындар басым аймақтар ретінде қаралады», дейді ведомство басшысы. Туризмді дамыту бойынша Түркістан өңірі бүгінде көш басында екені даусыз. Атап айтсақ, жыл басынан бері «Әзірет-Сұлтан» қорық мұражайына келуші зияратшылар мен туристердің саны 461 657 адамға жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір артқан.
Бүгінде шаһарда туристерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда туристер жайғасатын қонақ үйлер саны 56-ға жетсе, төсек-орын саны – 2 536-ға көбейген.
Сонымен қатар туризмді дамыту шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда АҚШ, Аустралия және Грузия сияқты елдердің тәжірибесі қолданылмақ. Қазақстанның маңызды табиғи нысандарын сақтау үшін инвесторлар тартылып, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымын дамыту жалғасады.