«Turkіstan Textile» тігін фабрикасы – бірлескен кәсіпорны 2020 жылы қараша айында Қазақстан және Өзбекстан Премьер-Министрлерінің қатысуымен лентасы қиылып, ашылған болатын. Кәсіпорын алдағы уақытта тапсырыс болса кең көлемде ұлттық дәстүрді ұлықтап, қазақы нақыштағы ұлттық киімдерді тігуге дайын екендіктерін жеткізді. Оның үстіне киелі шаһапдың рухани-мәдени және туризм астанасына айналғанына орай, Түркістанға келетін туристердің көңілінен шығатын сапалы ұлттық киімдер сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Тоқыма фабрикасы “Turkistan” индустриялық аймағында 2 га аумақта орналасқан. Инвестиция көлемі – 700 млн теңге.
Біз өндіріс басшысы Абултаев Алишер Ералыұлымен сұхбаттасып, фабриканың бүгінгі жай-күйі, жұмыс барысымен танысып қайтқан едік.
– Алишер Ералұлы, кәсіпорын қай кезден жұмыс істеп жатыр, қазіргі жай-күйі қалай, таратып айтсаңыз.
– Иә, бұл бірлескен кәсіпорын. Фабриканың ғимаратын салып, еңбек құралдары мен жабдықтары, техникасын орнатып, небәрі 3 ай уақыт ішінде өндірістің іске қосылуына Өзбекстан тарапы белсенді әрекет етті. Қос Премьердің қаламызға келуіне орай 2020 жылдың қараша айында ашылғанымен, келер жылдың наурызынан бастап нақты іске қосылды. Өйткені жұмыс күші ресурсын, т.б. ұйымдастыру жұмыстары біршама уақыт алды.
Бұл жобаның бастамашысы – өзбекстандық «Qojakent Textile» ЖШС компаниясы. Бұл — Өзбекстанда ғана емес, текстиль өндірісі бойынша Орталық Азия, ТМД елдері нарығында танымал компания.
Біздің кәсіпорын жүйелі түрде тоқыма өнімдерін: түрлі арнайы киімдерді (медициналық халаттар, жартылай комбинезон арнайы жұмыс киімдері, униформалар және т.б.), киімдер өндірісін жолға қойды. Өндіріс жүйелі жұмыс жасауда.
Серіктесіміз «Qojakent Textile» компаниясында мастерлеріміз, технологтеріміз, механиктеріміз 10 күн, 14 күннен тағлымдамадан өтіп шеберліктерін жетілдіріп қайтты.
– Инвестор, әрі инициатор бастамашы ретінде өндіріс орнының құрылуына мұрындық болғандықтан, шикізат материалдар сіздерге өзбекстандық серіктестер тарапынан жеткізіле ме? Жалпы, шикізатты қайдан аласыздар?
– Қазіргі кезде біз тапсырыс берушіге қызмет көрсетуші ретінде тігіп жатқандықтан, материалды да тапсырыс беруші тарап жеткізеді. Әзірге тікелей тапсырыс болмағандықтан осылай жасап отырмыз, жақсы тендерлерге шығып тікелей тапсырыс алған кезде материалдарды Қытай не Өзбекстаннан алдыртатын боламыз.
– Жасыратыны жоқ, бізде қандай да болмасын жаңа жұмыс орны ашылғанда көрсеткіштерді артығырақ көрсетіп дабырайтуға бейімбіз. Осы фабрика ашылғанда да «кәсіпорын жыл сайын 15 000 бірлікке дейін тоқыма өнімдерін өндіруге қауқарлы, 1000 адамға дейін жұмыс істейтін болады» делінген еді. Осы көрсеткіштер қаншалықты шындыққа жанасады? Расында 1000 адам жұмыс істеп жатыр ма, бір айда 15000 дана өнім өндірілді ме?
– Иә, біз өнім өндіру бойынша ол межеге жеттік. Жаңа өзіңіз көрген медициналық халаттарды 15 мың емес, күніне 4 мың дана, яғни айына 100 мың данаға жуық шығардық. Сол жылы медициналық халаттарға сұраныс жақсы болды, тапсырысқа қарай өндіріс жүрді. Сұранысқа қарай анықталады ғой бәрі де. Шикізаттардың басымы Ресейден келеді. Халаттардың, жұмысшылардың арнайы киімдері, комбинизондарының материалдары, фурнитуралары Ресейден келетін, саяси жағдайға байланысты кішкене тоқтаңқырап тұр. Басында тапсырыстардың көбі де Ресейден болды бізде. Шикізатымыз да сол жақтан алдыртып отыратынбыз. Себебі, фабриканың басым өнімдері арнайы жұмыс киімдер. Олардың материалдарының көбі Ресейде шығады, кейбірін Қытайдан аламыз. Арнайы жұмыс киімдерінің, комбинзондардың «жиро отталкивающий», «огонь отталковающий», «вода отталковающий» деген ерекшеліктері бар материалдары болады, оларды өндіруде әзірге Ресейден озған ел жоқ. Сол себепті материалдар Ресейден, Белорусиядан, фурнитуралар, жіп жағын ішінара Қытайдан, Түркиядан алдыртамыз.
Ал, жұмысшылар санына келетін болсақ басында (тапсырыс жақсы болғанда) 120-150 адаммен бастағанбыз, оның көбі үйренуші болды. Бірер жылда оны 500, екі ауысымда жұмыс істесе 1000-ға жеткізу межеленгені рас. Алайда, адамның дегені бола бермейді екен, бүгінде тігіншілер саны азайып кетті. Үлкен кәсіпорын болғандықтан 50 дана, 100 дана деген тапсырыстар өзін өзі ақтамайды. Бізге кем деген 2000 дана затқа тапсырыс алу керек. Сол кезде ғана ақтайды.
– Болашақта фабриканың жұмысы қалай болмақ? Перспектива бар ма?
– Перспективті жоспарларымыз бар, әрине. Бұйыртса ірі тендерлерге құжат тапсырып қойдық, жауабын күтіп отырмыз. Тапсырыстар келсе жаман болмаймыз деп ойлаймын.
– Жаңа өнімдеріңіздің витриналарынан «Ataman және Ramsay» брендтерімен ерлерге де, әйелдерге де арналған костюмдерді байқап қызықтым, расында өте сапалы екен. Осындай костюмдер тігу, жалпы күнделікті көпшілік киімін, мектеп формасын тігу жоспарларыңызда бар ма?
– «Ataman және Ramsay» брендтері негізінен өзбекстандық серіктестерде тігіледі, жартылай фабрикат өнім. Бізде тек жаға-жиектері операциялары жасалып, фурнитураларын орналастырып шығару көзделген. Солай жасап та көрдік. Бірақ ол костюмдер өте сапалы болғандықтан, бағасы да қымбат. Түркістан нарығында айтарлықтай сұраныс болған жоқ, өзін ақтамады. Адамдар одан арзанырақ қытайлық костюмдерді құп көреді сол себепті тоқтаттық. Мектеп формасына келсек әзірге бізге тапсырыс болмай тұр, болса 1 емес, 1000 мектепке форма тігіп беруге фабриканың қауқары жетеді. Ал тікелей тапсырыс болмаған соң, оны тігіп қойып «бұйырғанынша сатып» қалғанын қоймада сақтап отыру бізге тиімсіз. Бізге тек тапсырыс болса, тапсырысшының қалауынша тігіп берер едік. Кей кезде болады 20 дана костюм тігіп берсеңіз деген сияқты сұраныстар. Ол ақталмайды, 10 дана, 20 дана костюм үшін Қытайға материалға бара алмаймыз ғой. Шымкенттегі «Алтын адам» т.б. мектеп формасы нарығын жаулап алған фабрикалар бар. Олар мыңдап, 100 мыңдап костюм тігеді, ол еңбекті ақтайды. Біз де сондай құрал жабдығымыз бар, тапсырыс болса тігуге болар еді.
– Жалпы, өнімдеріңізге сұраныс бар ма?
– Жоқ деп ауызымызды қу шөппен сүртпейміз. Бар. Әрекет жасаса болады әрине. Бәсекелестік жоғары. Елдегі, көрші елдердегі саяси экономикалық жағдайлар да өндіріске әсер етпей тұрмайды.
– Сізді өндіріс басшысы ретінде не мәселе алаңдатады?
– Бізде тігінші жетіспейді. Адамдар-ды көшеден еңбек тартамыз, кәсіби тігіншілер жоқ. Еңбек биржасынан бір 10-15 адам алдық. Былайша айтқанда өз бетімен үйренген «самоучкаларды» тартамыз, оларды үйретуге 3-4 ай уақыт кетеді, Өзбекстаннан мастерлер келеді. Оларды әкелу де бізге шығын. Олардың ақысы, тамағы, қонақүйі айына 1 мың АҚШ долларына дейін шығын болады. Ең өкініштісі, осылай бейнетпен үйреткен мамандарымыз тұрақты емес. Үйреніп алып үлкен қалаларға кетіп қалып жатыр. Кәсіби тігіншілер аз. Бұрынғы фабрикада істеген кадрлар қалмаған. Олар бүгінде зейнет жасындағы адамдар. Жастар жағы арнайы колледжді, курсты бітіріп келсе де тез үйреніп, алып кете алмайды. Көбі жұмыссыз үйде отырған аналар, тігіншілікпен тұрақты айналыспаған, Барымызды, жанымызды салып үйретеміз. Жұмыс жүрсін деп, қатаң еңбек тәртібін қолданамыз. Олай болмаса да жұмыс өнбейді. («Талап қатаң жалақы аз. Бұдан да кафеде даяшы болып, ыдыс жуып айына 100-150 000 теңгені шытырлатып алмаймын ба» деген түсінік бар). Бірі келсе, бірі кетіп жататын жағдайлар бар. Мәселені оң шешу үшін бірқатар колледждермен: Түркістан гуманитарлық техникалық колледжі, «Ахмет Ясауи кәсіби колледжі», «Түркістан кәсіптік-техникалық колледжі», Иқандағы кәсіптік-техникалық колледжімен дуальды оқыту бойынша келісімшарт жасастық. Олар кезең-кезеңімен практикадан өтіп, үйреніп жатыр тігіншілікті. Фабрикадағы тігіншілік жай тігіншілік емес, мұнда операциялық тігінді меңгереді. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда бір костюм емес, бірден мың костюм тігіледі. Бұл жерде тігін өндірісінің қыр-сырын үйренеді.Тігін өндірісі ол үлкен еңбек һәм өнер. Ол өте ыждаһаттылық пен шеберлікті, төзімділікті талап ететін өнер.
Биылғы жылы Түркістан гуманитарлық техникалық колледжінен 4 студентті оқуын бітірмесе де, талабына қарай жұмысқа қабылдадық. Бұйрықпен заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Бітірген соң қаламыз деп отыр қыздарымыз, қалып жатса қуанамыз әрине. Осындай жастарға үміт артамыз . Бірақ та, бүгінгі заманда көп жастар шұқыланып, тігін тігіп отырғысы келмейді. Қай жерде көп ақша бар, тез байып кетсем, көп ақша тапсам деген түсінік берік орнаған санада. Сондықтан бұл мені ғана толғандыратын мәселе емес көпті толғандыратын үлкен қоғамдық мәселе.
– Алдағы жоспарлар қалай?
– Жоспар да, арман да көп қой, оны уақыт көрсетеді. Тапсырысты көбейтіп, жұмыс ресурсын арттыру, жүйелі де сапалы, рентабельді өнім өндірісін жолға қою.
– Негізгі сұраныстар қай жақтан болып жатыр?
– Коммерциялық құпия десем бе екен. Жалпы, еліміздің барлық өңірінен тапсырыстар болып тұрады. Шымкенттегі «Казпласт» деген компаниямен жұмыс жасап жатырмыз соңғы кезде, қысқы, жазғы арнайы жұмыс костюмдерін тігеміз.
Жалпы, Текстиль өндірісі деген кемі 5-6 жылсыз аяққа тұруы қиын. Біз бұл қиындықтарды жеңеміз деп ойлаймын, бір-екі жылды артқа тастасақ аяққа тұрып, нарықта өз орнымызды айқындаймыз , «Turkіstan Textile» деген бренд қалыптастырамыз деп ойлаймын. Жалпы ел көлемінде алсақ, тігін өндірісі қазір бір жүйелі жолға түсіп келеді. Нарықта 20 жылдан астам орны бар «Гауһар», «Альянс», «Алтын адам» секілді тігін фабрикалары бүгінде нарықта өте танымал кәсіпорындар, олар ірі тапсырыстарды орындап, еліміздің жеңіл өнеркәсіп индустриясын дамытуға үлес қосып келеді. Мен бұған кәсіпкер ретінде қуанамын. Бәлкім, оған біраз уақыт керек шығар, дегенмен текстиль өндірісі күн сайын құлаш жазып келеді ғой. Нәтижеде: алдағы уақытта біздің отандық өнімдеріміз нарықтан берік орын алып, шетелдік өнімді ығыстыратын деңгейге жетеді деп ойлаймын. «Turkіstan Textile» де өз дәрежесінде отандық индустрияны, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға үлес қосатынына сенемін.
– Сұхбатыңызға рахмет, сәттілік, істеріңізге береке тілеймін!
Ә.ТӘШІМ, «Түркістан».