Біз әділетті Қазақстанды жаңа заңдар мен жаңа қоғаммен және жаңа тіршілікпен құрамыз. Ең алғашқы қадамның саяси реформалардан басталуының басты себебі еліміздің ішкі-сыртқы саясаттың тұрақтылығын сақтау болды. Саяси тұрақтылық жоқ жерде ел болып қалу мүмкін емес.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы сайлауда халыққа кең ауқымды «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін» деп аталатын сайлауалды бағдарламасын ұсынған болатын.
Бүгінде осы бағдарламада айтылған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге талдау жүргізу және жетілдіру барысы қарқынды жүргізілуде. Десе де, барлығын бірден реформалау мүмкін емес, өзгерістер де уақыт талап етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен дәстүрлі жолдауларын жалпы жаңару мен жаңғыру, жүйелі реформалар, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, әділетті мемлекет құруға негіздеген. Мұның бәрі де кезең-кезеңімен, кезек-кезегімен іске асып келеді. Оның бір дәлелі сот және құқықтық жүйенің оңтайландырылып жатқаны.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық- атқару кодекстеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ондағы мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бизнестің жүргізілуіне бюрократиялық кедергісіз жол ашу. Сондай-ақ лауазым иелерінің өз өкілеттіктерін теріс пайдалануға жол бермеу, қылмыс жасағаны үшін санкцияларды қайта қарау, сот төрелігін реттеу сияқты өзге де өте маңызды мәселелерді шешу. Осыған байланысты құрылған жұмыс тобы былтырғы жылдан бері жоғарыда аталған кодекстерге талдау жүргізіп, жұмыс істемейтін нормаларды, коллизияларды талдауға кірісті.
Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді жетілдіру әділетсіздіктерді жоюға сеп болып, қылмыстық іс пен әкімшілік құқық бұзушылықтардың, қылмыстық қудалау мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аражігін ажырату, сотқа дейін тергеп-тексеру түрлерін қысқартуда әділеттілік қалыптастырады. Бұл бойынша алдағы 3 жылда терең ғылыми-практикалық талдау жүргізіледі. Мысалы, бір тауық ұрлаған да, бір үйді тонаған да қылмыс болғанымен, тауық ұрлаған 7 жылға, үй тонаған 3 жылға сотталуы әділетсіздік. Қылмыс дәрежесіне қарай жаза тағайындауға қатысты халықтың талабы орындалмақ. Мұның бәрі Президенттің әлеуметтің талап-тілегі, мұң-мұқтажынан хабардар, сол себепті ескі жүйені жаңартып, әділетті мемлекет құрмақшы. Сыбайлас жемқорлық бабымен сотталғандарға шартты жазаға кесіліп, жазасын еркіндікте өтеуге мүмкіндік берілмейді.
Енді қарызды өндіріп алу үшін өз өкілеттігін асыра пайдаланып заңсыздықтарға барған коллекторлар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Себебі олардың қысымына шыдамай өз-өзіне қол салу жиілеп кетті. Кісіні қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, өлімге итермелеу қылмыс. Құқық бұзған коллекторларға да 5 жылға дейін қызметінен айыра отырып 5000 АЕК айыппұл салу, не 1200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 жылға бас бостандығынан айыру көзделген.
Жұртшылықтың құқықтық сауатсыздығын пайдаланатын алаяқтар да бар.
Президент пәрменімен «AMANAT» партиясы дәрменсіз адамдарды қаржылық және құқықтық сауаттандыру ісімен айналысып келеді. Қазір алаяқтар мен пайдакүнемдерге алданып қалып жатқандар көп. Әсіресе жер алу, үй сату, құжаттарды рәсімдеу, біреудің мүлкін иемдену сияқты заңсыздықтар орын алуда. Әлбетте құжат рәсімдеу, мүлікті бағалау бағалаушылар мен нотариустардың қатынасуынсыз іске аспайды. Сондай-ақ жеке сот орындаушыларына деген арыз-шағым толастар емес. Жетімдердің алимент ақысын егеленіп алғандарға не дерсіз? Алдағы уақытта өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарын бұзған нотариустар, жеке сот орындаушыларының мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4000 АЕК көлемінде айыппұл салынып, не сол мөлшерде 1000 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Мемлекет басшысы еліміздің басты құндылығы адам деп бағалап, қоғамның орнықты дамуын ұлт саулығымен байланыстырады. Әлемді алаңдатқан су мәселесіне Президент те бей-жай қарамай, суды үнемдеуге және бүлдірмеуге үндейді. Өкінішке қарай ағын су тұрмақ, жерасты суларын ластайтындар да азаймай тұр. Жалпы табиғи байлыққа тыныштық бермейтін жер қойнауын заңсыз әрі аяусыз пайдаланатындар көбейіп барады. Білгенге бұл экологиялық құқық бұзушылыққа жатады. Өйткені су ластанса, соның салдарынан сарқылса табиғатқа да, адамзатқа да зиян. Заңда экологиялық қылмыс жасағандарға жауаптылықты арттырмақшы. Адамзатқа қауіп төндіргені үшін не Қазақстан Республикасының азаматтығынан немесе 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, денсаулыққа келтірген зиянның дәрежесіне қарай 3 жылдан 8 жылға дейін жазаланады. Бұл тұрғындар қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға арналған шаралар.
Сол сияқты мұнай мен мұнай өнімдері тасымалдау, сатып алу, сақтау, өткізу, сапасы анықталмаған мұнайды өңдеу, клиникалық зерттеулер жүргізу, жаңа әдістер мен құралдарды қолдану тәртібін бұзу, жалған дәрілік заттармен немесе медициналық бұйымдармен жұмыс істеу, экологиялық талаптарды бұзу, ауаны ластау, жерді бүлдіру, жер қойнауын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша да бірқатар баптарға өзгертулер енгізіледі.
Кеденде кедергілер де, келеңсіздіктер де жетерлік. Кедендік рәсімдерді «бір терезе» қағидатына көшу, кедендік бақылауды интеграциялау тапсырылған. Президент кедендік тексерушілердің көптігі салаға кері әсер еткенін, салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына байланысты екенін атап өткен еді. Салық пен кедендік рәсімдеу жүйесін реттеу де сайлауалды бағдарламаның бір тармағы болатын.
Осыған орай Қылмыстық кодекстің баптарында жауапкершілікті арттыру қарастырылған. Яғни кодексте сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, алаяқтық, экономикалық контрабанда, кедендік алым-салымдарды төлеуден, бюджет пен басқа да міндетті төлемдерден жалтару бойынша бірнеше еселенген айыппұл көлемін көбейту көзделіп отыр. Мұндай еселенген айыппұлды төлету тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға қатысты қолданылып, қалған адамдарға қолданылмайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс» деп, бизнестің еш кедергісіз дамуы үшін заң жүзінде жеңілдіктер жасауды тапсырды.
Әлемнің алпауыт мемлекеттерінде бірінші кезекте бизнеске қолайлы жағдай жасайды. Экономиканың қозғаушы күші – бизнес. Қазір «Бизнесті жүргізу мәселелері туралы» Заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған заң жобасы еліміз үшін маңызды әрі тиімді екені ақиқат. Бұл заңды мыңдаған бизнес өкілдері тағатсыздана күтіп жүр. Бизнесті жүргізуде мейлінше бюрократиялық міндеттемелерді азайту, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы қарым-қатынасты реттеу, адами фактордың араласуын азайтып, бизнесті ашықтыққа көшіру сияқты өзге де мәселелер қарастырылған. Заң жобасын оңтайландыру барысында 86 заңнамалылық акт, оның ішінде 11 кодекс қамтылды. Бұл 28 мемлекеттік органдар, оның ішінде көптеген комитеттерге қатысты жұмыстар. Мәжілістің 6 комитетінен 11 депутаттан құралған жұмыс тобы заңның дұрысталуына күш салып келеді. Заң жобасы бүге-шүгесіне шейін жұмыс тобының талқылауынан өтіп, 1500-дей түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде пленарлық отырыста заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Әлі алда екінші оқылым бар. Түсініспеушілік туындаған жағдайда әр саланың мамандарымен кеңесіп, арнайы жиналыстар өткізілуде. Заң жобасының бизнес жүргізуге ыңғайлы болуына барлық салалық мемлекеттік органдардың арнайы қызметкерлері, кәсіподақтар, ассоциациялар, Атамекен палатасынан құралған мамандар да атсалысып жатыр.
Президент Парламентке сенім артады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда «AMANAT» партиясының атқарып жатқан рөлі зор. Ел мен мүдде бір болғандықтан мемлекеттің дамуына қазақстандықтардың жаппай атсалысуы азаматтық борыш деп есептеймін. Президент айтқандай, адалдық пен әділдікке көшсек, жаңа Қазақстан сөзсіз құрылады. Ол елге көзсіз қызмет етіп, еңбегін аямайтын азаматтар көптеп керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының әрбір бастамасы мен тапсырмалары бас пайдасы үшін емес, ел мен жердің қамы үшін екенін түсінсек игі. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, орнында бардың оңалатын күніне де жетеміз. Ең бастысы, айналадағы геосаяси жағдайлардан сабақ алып, тыныштық пен ауызбіршілікті сақтау міндет болып тұр. Өзгерістер мүлде жоқ емес, бар екенін мойындау қажет.
Қ.БАЛАБИЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының
мүшесі.