Астанада «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVI «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
Марапатталған азаматтардың қатарында Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Тастұмсық ауылының тұрғыны Мейірхан Топанбай да бар.
Түлкібас ауданына қарасты Тастұмсық ауылының тұрғыны Мейірхан Топанбай замандастарының ортасында полиглот атанып кеткен. Ол түрік, парсы, неміс, грек, испан, армян, поляк, тәжік, француз тілдерін жетік біледі. Ал, ағылшын тілін тұрмыстық деңгейде меңгерген. «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білімді полиглот қазір италян тілін үйреніп жүр. Сондай-ақ шет тілдегі әдебиеттерді қазақшаға аударып, жинақтар құрастырумен айналысады.
«Тіл үйрену – мен үшін жан рахаты. Тіл үйрену арқылы көңілім тынышталады. Анам бұл қасиет нағашыларымнан берілген дейді. Жазушы, қоғам қайраткері, ғалым Мырзакелді Кемел – нағашы атам. Сол кісі бағыт-бағдар беріп, білгенін үйретті. Әрқашан ақылын айтып отыратын», — дейді ол.
Мейірхан Мейрамбекұлы туғаннан сал ауруына шалдыққан. Бір көзі мүлдем көрмейді. Таяқтың көмегімен жүреді. Денсаулығына әрдайым күтім керек. Дегенмен, жігерлі жанның өмірге деген құлшынысы жоғары. Әрдайым ізденіп, өзін жетілдіріп отырады. Ең бастысы, «Мүгедек болсам да, масыл болғым келмейді» деген қағиданы ұстанады.
«29 жыл бойы осы дертпен күресіп келемін. Басыма не келіп, не кетпеді? Бәрін сынақ ретінде қабылдап, қиындыққа еш мойымадым. Жалпы, мен үйдің үлкенімін. Менен кейін қарындасым бар. Әкем Мейрамбек трактор айдаған қарапайым еңбек адамы болды. Анам Ұлбосын шет тілі пәнінің мұғалімі еді. Мені босанған соң жұмыс істеуге мүмкіндігі болмады. Емдетіп жүріп, амандығымды тілеп, қатарға қосты. Осындай мықты болуыма нағашы әжем Жұмаш та себепкер болды. «Құқыңды қорғауға керек болады» деп 5 жасымнан бастап заңды жаттатты. «Алла сынақты сүйген құлына ғана береді» деп, жігерлендіріп отырды. Өмірге бейімдеді.
Зейнетақысына брайль алфавитін алып беріп, жазуды, оқуды меңгертті. Оқуға деген махаббатым әжемнен дарыған. 1 000-ға жуық кітап жиып, маған үлкен азық қалдырды», — дейді ол.
Мейірхан оқуды бітірген соң, алғашқы еңбек жолын Жаскешу аудандық мәдениет үйінен бастады.
Ұйымдастырушының көмекшісі ретінде «Үміт керуені» атты фестиваль мен «Өзіңді сүй» атты мотвациялық кеш өткізді. Ерекше жанның қолға алуымен іске асқан жобалар бүгінгі күнге дейін жылда жалғасын тауып келеді.
«Өзім секілді науқас балаларға көмек көрсетуді мақсат етіп, «Дефектолог» мамандығын меңгердім. Кейін екінші рет оқуға түсіп, «орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі дипломын алдым. Екеуінде де мемлекеттік грантпен білім алдым. Мырзагелді Кемел мен Әбдімұса Қуатбеков есімді жаны жомарт жандар көп қолдау көрсетті. Ал, менің мамандық алуыма ұстаздарым Рабиға Қуатбекова мен Жанна Ботабаева үлкен еңбек сіңірді. Баршасына ризашылығым шексіз», — дейді ерекші жан.
Бүгінде Мейірхан Топанбай Тастұмсұқ ауылындағы кітапханада қызмет етеді. Таңертеңмен келіп, кітаптарды түгендеп, оқырмандармен байланыс орнатады. Түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Кітапханашы жігіттің бұл талпынысын көрген жерлестері де қолдау көрсетіп, жігер беріп жүреді. Мейірханның өзі де кітапты көп оқиды. Бүгінгі күнге дейін 68 мың кітапты оқып тауысыпты.
«Кітапханада 14 000-нан астам кітап бар. Олардың ішінде тек жаңадан келгендерін ғана әлі оқып үлгермедім. Сондай-ақ бос кезімде тоқыманы ермек етемін. Себебі, ол біздің денсаулығымызға өте пайдалы. Ал, тоқыған сөмке, шұлық секілді заттарымды таныстарыма сыйлап жіберемін», — дейді ол.
Бүгінде Мейірханның «Ақиқаттан аттамайық!» атты алғашқы аудармалар жинағы жарық көрген. Қазір «Жанымның жақұты» атты екінші жинақты баспаға дайындап жатыр. Бұл іске журналист Бейсенкүл Нарымбетова ұйытқы болыпты.
Кейінгі кезде полиглот жігіт ертегілер жазуға бет бұрды. «Сардар сүйген сұлулар», «Гүлге ынтық Гүлбахар» атты туындыларын оқыған көпшілік жоғары бағасын берген. Қазіргі таңда түрік жазушысы Гүнай Текиннің «Жүрегімдегі қала» кітабын аударып жатыр.
Мейірхан Топанбай «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVI «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаты атанды. Жеңімпаз 1 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Еске сала кетсек, 10 тілді еркін меңгерген түркістандық азамат 68 мың кітап оқыған.