Тарихын 2013 жылы желтоқсан айында, мектебіміз алғаш «Қолөнер орталығы» болып ашылса, 2014 қыркүйектен бастап «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» болып жұмысын бастады. 2014-2021 оқу жылдары аралығында 1500-ден астам оқушы білім алып, соның ішінде 134 оқушы мектеп бітірді. Бітірген 3 түлегіміз Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де, 2 түлегіміз көпсалалы өнер колледжінде және 3 түлек Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркем-сурет колледжінде білім алуда.
Бұл жас ұрпақты қолөнерге баулу, үйрету және оны жандандыруды мақсат еткен бірегей қолөнер ордасы.
Атадан мирас болып, ұрпақтан ұрпаққа ұлттың қолөнерін үйретіп, жандандыруға еңбек етіп жатқан ұжымды аз уақыт болса да әділ басқарып, талабы мен тіршілігіне жауаппен қарап отырған мектеп директоры Балжан Нәсирдинқызы Жамаловамен сұхбат жүргізген едік.
– Расында, шығармашылық көрмелеріңіз туралы көп жерде айтылып, көрсетілуде. Жалпы сипаттама берсеңіз.
– Мектептің 2 галереясы бар кезде ұстаздар мен оқушылардың жарты жылдық, жылдық шығармашылық көрмелерін ұйымдастырып тұрушы едік. Қазір ондай көрме галереямыз жоқ, бұл біріншіден. Галерея бар кезде халықаралық және елімізге танымал бейнелеу және қолөнер шеберлерінің көрмелерін өткізіп тұрушы едік.
Екінші жағдай, екі жыл көлемі болды, пандемиялық індетке және соған қарсы шектеулерге байланысты шығармашылық көрме ұйымдастыру үрдісі тоқтап қалды. Міне, биыл сол жұмысымызды жандандыру мақсатында Түркістан облысы, Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е.Төлебаевқа жасаған ұсынысымыз қолдау тауып, сол жерде өткіздік. Мүмкіндікті пайдаланып, мекеме басшысы Е.Төлебаев пен ұжымына алғысымызды білдіремін. Көрмеге барлық ұстаздар мен оқушылардың шығармашылық гобелен, майлы бояу және графикалық жұмыстары қойылды. Басты негізгі нәрсе, үйірме жетекшілері оқушыларымен бірге күнделікті сабақтағыдай «шебер сыныптарын», яғни оқушымен тығыз байланыста бұйымдарын жасау тәсілдері мен шеберліктерін көрсетті. Көрмеге қатысушы әрбір оқушы көпшілік алдында қолөнерге деген талаптары мен қабілеттерін шеберлікпен жоғары деңгейде көрсете білді. Мысалы, сурет және кескіндеме үйірмелерінің оқушылары залдың ортасында шеңбер етіп жайғаса отырып, сурет салу және бояу арқылы керемет ойларын қағаз бетіне түсіре білді. Тоқыма және гобелен немесе тігін және дизайн үйірмесінің оқушылары жүнді түту, өңдеу, ши, бисер, сырмақ және гобелен өнерлерінің жасалу жолдары мен бұйымдарын көрсетті. Тігін өнері арқылы кесте, құрақ, ұлттық киім үлгілері мен сәукеле және заманауи сәндік киім үлгілерін көпшілікке паш етті. Ағашты, теріні және былғарыны көркемдеп өңдеу, зергерлік үйірмелерінің оқушылары асқан шеберлікпен жасалған ағаштан жануарлар мүсіндерін, астау-ыдыстарын және ұлттық аспаптардың, домбыраның жасалу реттіліктерін көрсетті. Теріден жасалған қаптамалар, тұмар, сандық, сәндік үлгідегі әмиән түрлері көпшілік назарында болды. Күміспен қапталған, терімен көмкерілген полат семсер көрменің тұмарына айналды. Зергерлік үйірмесінің оқушылары металды түрлі тәсілде өңдеу арқылы алқа, білезік, жүзік жасап көрермендерді тамсандырды. Керамика және мүсін үйірмесінің саз балшықтан жасалған қыш құмыра жұмыстары көне Түркістанның көзіндей жәдігер іспеттес орын алды. Халқымыз «Өнерде шекара жоқ» деп айтқандай, бұл көрме соның дәлелі болды. Ұлттық қолөнеріміздің мерейі бұл шығармашылық көрмеде үстем болды. Ұстаздарымыз Ж.Бейсенова, Б.Мусабекова, Н.Аманқұл, Қ.Рысбеков, С.Әбдіреим, И. Сталинбеков, С.Исматов Ұ.Рысбаева, Э.Оразова, Г.Сарманова, А.Мырзаханова, Ә. Ибрагимов, Г.Әнуар, Г.Сәдібекова, Ф.Хабибуллаева, М.Исмайлова, Н.Аманқұлова және он саусағынан өнер тамған шеберлеріміз – А.Рысбаев, Д.Миншариповтардың жұмыстары көрменің ажарын ашты. Ұстаздардың да, оқушылардың да еңбектері еленіп, қоғам қайраткерлері атынан түрлі дәрежедегі алғыстар мен марапаттарға ие болды.
– Сіздердің үйірмелеріңізге оқушыларды қабылдау тәртібі қалай жүргізіледі? Қай жастағы жасөспірімдерді қабылдайсыздар және қалай оқушы жинайсыздар?
– Алғашқы кезде үйірмелерге қатысамын деген баланың ата-анасының, асыраушысының ұлын не қызын мына үйірмеге деп өтініш білдірсе, мектеп тізіміне бұйрық арқылы қабылдаушы едік. Әрине, өтінішпен бірге арнайы құжаттар тізімі болатын. Қазір 3-4 жылдың көлемі болды түрлі электронды бағдарламалар жүйесі арқылы қабылдау керек. Бұл жүйенің ата-анаға да және оқушыны үйірмеге тіркеу барысында мектепке де көптеген кедергілері бар. Бұл жүйе барлық қосымша білім мекемелеріне яғни, үйірмелер мен секцияларға қатысуға кедергі болуда және уақытты алуда. Десе де, қатысам деген жасөспірімнің бетін қайтарып кері қайтарған емеспіз, керісінше белін буып қалаған өнеріне үйретудеміз. Негізгі үйірмелерге 12-13 жастағы жасөспірімдерді қабылдаймыз. Жоғарыда атап кеттік, бізде «даярлық сыныбы» бар, оған бастауыш сыныптың 3-4 сынып оқушыларын қабылдаймыз. Оқушы 5-сыныпқа көшкен кезде өзінің қалауы бойынша қалаған үйірмесіне бұйрықпен ауыстырылады. Бұл «даярлық сыныбында» бүлдіршіндерді қолеңбегі және қолөнер бойынша даярлық жүргізіп, жоғарыда аталған үйірмелерге бейімдейді.
Мектебіміздің мақсаты, шекарасыз да шексіз өнерді жас буынға жас шыбықты игендей үйретіп, ұлттық қолөнердің құдыретін көтеру және жандандыру. Сондай-ақ үйірмеге қатысам деген ұрпаққа есігіміз әрқашанда ашық.
Түркістан, қанша ғасыр өтсе де, тарихтың төрінде. Көк күмбезі біз үшін, көк байрағымыз секілді, қасиетті, киелі. М.Жұмабаев ағамыз, Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой. Түркістандай тамаша жерде туған, Түріктің тәңір берген несібі ғой – деп жырлағандай, жүрегімізде Түркістанымызға деген қуаныш кернейді. Қаланың төріндегі Қ.А.Ясауи кесенесі – сәулет өнерінің биік шыңы, қолөнердің күре тамыры.
Л.САРЫБАЕВА.