Расында да, әрбір істің сапалы болуы қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан байқалады. Биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдау да халықтың қызығушылығын тудырды. Мұның негізі себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қай Жолдауы да нақтылығымен ерекшеленеді. Көзімізбен көріп отырғанымыз, қадірі қашқан мұғалімдік кәсіп абыройлы бола бастады. Жалақылары ауыз толтырып айтарлықтай көтерілген соң, бұл мамандықты таңдайтын жастардың, әсіресе, ер балалардың саны артты.
«Еститін мемлекет» тұжырымдамасының да елімізде сәтті жүзеге асырылып жатқандығын бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп-біліп отырмыз. Сарыағаш ауданы әкімінің бастамасымен әлеуметтік желіде «Өзекті мәселелер» деген арнайы чат ашылып, оған барлық қоғам белсенділері, блогерлер, мемлекеттік қызметкерлер тіркелген. Аудан көлемінде күнделікті туындаған мәселелер осы алаңға шығарылып, тиісті мамандар оны орындау жолдары мен мерзімін айтады немесе орындалғаны жөнінде бейнекөрініс арқылы мағлұмат беріп отырады. Әрине, бастапқыда тәжірибенің аздығынан түсінбеушіліктер болған шығар. Шүкір, бүгінде чаттың барлық мүшелері тәжірибе жинақтап, проблеманың маңыздылығына баса назар аударып, әрекет етуде. Ал, аудан әкімі көтерілген мәселелерді зерделеп, мерзімінде орындалуын қадағалап, қол астындағы қызметкерлерді «қамшылап» отырады. Бұл жұмыс 24/7 форматында жүргізіледі десек қателеспейміз.
Екінші ерекшелігі, бұл Жолдаудың экономикалық бағытқа арналып, елімізде қордаланған көп проблемалардың бетін ашып, оны жою жолдарын айқындап беруі дер едік. Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы өндіріс орындарының негізгі бөлігі жойылып кетті немесе тоқтап тұр. Бір ғана Сарыағаш ауданында табысты жұмыс істеп тұрған керамзит қиыршығын өндіретін зауыт, тоқыма өнімдерін шығаратын фабрика, сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорын, мақта талшықтарын өңдейтін зауыттар жұмыстарын тоқтатты. Керек десеңіз, ондай өндіріс орындарының болғандығы көпшіліктің есінен де шығып кетті. Ал, кезінде бұл өндіріс орындарының даңқы Одаққа мәлім еді.
Биылғы Жолдау кез келген шикізатты тереңдетіп өңдеуге, жаңа, озық технологияларды кеңінен пайдалануға бағыт береді. Сала министрлігінің ұсынысымен астықты шетелге сол күйінде, өңдемей-ақ шығаруға рұқсат берілген соң қаншама диірмендер шикізатсыз қаңырап, бос қалды. Бұдан кім ұтты, кім ұтылды? Әрине, біз ұтылдық. Астығымызды сатып алған шет мемлекет, біріншіден, біздің өте сапалы бидайымызды иеленді, екіншіден, бидайды ұнға айналдырғанда шығатын 22% кебек пен әртүрлі қоспалардан тұратын жемге ие болды. Ал, біз сапалы бидайымызды беріп, орнына сапасы төмен ұн аламыз. Әрі мал шаруашылығына өте қажетті 22% жемнен айырыламыз. Бұл дегеніміз, егер ең кем дегенде 5 млн. тонна бидай экспорттасақ, (5 000 000х0,22 = 1 100 000) ол 1,1 млн. тонна жемді құрайды.
Оның үстіне қаншама мыңдаған жұмыс орны жабылып қалды. Бұл – соншама отбасы нәпақасыз қалды деген сөз. Ең өкініштісі, маманға сұраныс жоқтығынан Алматының технологиялық университеті «Астықты сақтау және өңдеу технологиясы» кафедрасын жауып тастаған көрінеді. Ал, білікті маман даярлау бір-екі жылдың жұмысы емес. Міне, енді осы тәріздес олқылықтардың орны толатын кез келген сияқты. Біз осыған сенеміз.
М.СҮЛЕЙМЕНОВ,
Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.