Жасы жетпісті алқымдап қалса да, талай ақындардың махаббат ғадаяттарына өзек болған француз әйелдеріне тән тәкаппарлық кейіптен арылмаған, қысы-жазы ақ үлпеге оранып, талғаммен киінетін Ұлжан Мұстафаеваны бұл қалада білмейтін адам кемде-кем.
Үлкенді-кішілі қайсыбір жиынның басынан табыла кетер белсенділігі бір бөлек, адамға жұғымы бар кішіпейіл жан. Әсіресе, оны салауатты өмір салтына құмар ата-әжелеріміз би залдарынан асыға күтеді. Ұлжанның би жаттығуларынан соң тізесі ауырып келгені секіріп, жамбасы қисайып қалғаны билеп кете береді.
Бұрын Ұлжанды мейрам-жиын жақындағаннан Есімхан алаңындағы дыбыс күшейткіштен әудем жер естіліп тұрар сәл қарлығыңқы дауысынан айнытпай танитынбыз. Осында оның 2 мың адамды «жатқызып-тұрғызар» ауқымды сценарийлері болатын. Ұлжан араласты дегенше, қалалық мерекелік шоу-қойылымдар бір деммен жанданып сала беретін…
Қаратаудан құлай аққан өзен суынан қанып ішкен осы бір бабайқорғандық ерке қыз әу бастан-ақ мәдениетке жаратылған ба дерсің! Шынымды айтсам, бұрын мәдени іс-шараларда көріп, аман-саулық сұрасқаннан басқа Ұлжанмен етене араластығым жоқ еді. Кейін таң демей, кеш демей, тыным таппас қайсарлығына таң қалып, апалы-інілідей жақынырақ араласып кеттік. Оның бір істі алды екен, аяғына жеткізбей тыным таппасын анық аңғаратын болдым. Күйгелек те емес, біреуге қатты жекіп те жатқан жоқ, бірақ іс бітіп жатыр.
Осыдан біраз бұрын жыл сайын Шымкенттегі Шәмші өнербағында аудан-аудан арасында облыстық «Мәдениетім-мерейім» атты өнер фестивалі өтетін. Ұлжанның командасы – түркістандық өнерпаздар бас жүлдесіз қайтпайтын. Бәйгеге тігілген Газель көлігін екі мәрте қанжығаға байлап берген осы Ұлжанның режиссерлік шеберлігі еді!
Ұлжан мәдениет тізгінін ұстап тұрған жылдары қалада өтер айтулы іс-шаралар бір-бірін қайталамайтын. Батагөй қарияларды, абысындарды, келіндерді бір-бірімен сайыстырып, ұлттық дәстүрді жаңғыртып жататын. Қоңсы отырған Кентау, Отырар, Теріскей жұртшылығы «Наурыз-думан», «Ырыс алды – ынтымақ» сияқты іс-шараларды осында – Түркістанға келіп тамашалайтын. Ұлжанның әйтеуір бір жаңа, тың дүниені ұсынатынын сезетін, сезетін де, ептеп-жырымдап керегін алатын. Көршіні айтасыз, облыс әкімінің өзі бас болып, Түркістан төрінде Ұлжан сахналаған театрландырылған көріністерді талай таңдай қаға тамашалағанын көргенбіз! Бір жыл не екі жылда идеясы сарқылып, жаттанды, жадағай сценарийлерге көшетін ұйымдастырушылар болады. Ұлжан олардай емес. Қырық жыл бойы тыным таппай, шынашақтай бойынан тамаша-думандардың қалай қайнап шыға беретініне қайран қалумен болдық!
Ұлжанды, әсіресе, оқушы балалар жақсы көрді. Кейде мыңнан астам оқушы-жастардың басын қосып, алаңда алқалы көрініс жасауға тура келеді. Әрлі-берлі өтіп бара жатып байқайтынбыз, әншейінде партаға қазық қағып отырғыза алмайтын ойын балалары бір нүктеге қадалып, образға беріліп, Ұлжанның «сиқырына» жіпсіз байланып, айтқанын екі етпей орындап жатады. Көпшілікті имандай сендіріп, ұйыта ұйыстырар шеберлік тек жаны да, ары да таза, мәдениетке шын жаны ашитын адамның бойынан табылса керек.
Іс-шараға әзірлік бір күнде өтпейді, кейде апталап репетиция жасауға тура келеді. Мұндайда Ұлжан сол алаңда – сахна басында түней ме деп те ойлайтынбыз. Өйткені кешкі тымықта Ұлжанның шаршаңқы дауысының алаң жақтан талып естіліп жататынын үйде жатып байқайтынбыз.
Сол тұста өнер факультетінің кампусы алаңда болатын. Сондағы студенттердің: «жартылай ашық терезеден, қайталана берген соң ба, репитицияның тұтас сұлбасын тыңдап, жаттап алғандай боламыз, бірақ сол көріністің нағыз іс-шара кезінде мүлдем өзгеріп, ширығып, әсерленіп шыққанын көргенде, Ұлжан апайдың режиссерлік шеберлігіне таң қалатынбыз!», деп баға беріп жатқанын талай естігенбіз.
Кейде алқалы жиын үстінде, мәселен, концерт кезінде Ұлжанның орнынан атып тұрып, алдыңғы қатарда отырған үлкен кісілердің бірін биге шақырып, ырғала вальс билеп кететіні бар. Осы көрініс, ашығын айтайық, концерттің әрін кіргізеді және көрерменге ерекше бір сезім сыйлайды. Марқұм Райымбек ағаның көзі тірісінде қуақылана көзін қысып, әзілін араластыра айтатын бір сөзі болушы еді: «Ұлжан жастау кезінде мың бұралған биімен-ақ талай жігіттердің жүрегін жаулаған шығар…». Сол бір аяулы күндерін сағына ма, әлде рэп пен факстроттан басқа би түрін ұмытқан жастарға бекзат қимылымен өнеге көрсеткісі келе ме, әйтеуір, Ұлжан залда жарасымды бір аура қалыптастырушы еді. Той-жиындарда «Айналайын, қарағым…» деп әуелете ән бастап, дастархан басын бір серпілтіп жіберетін әншілігі тағы бар.
«Жылдан-жылға мәдени-көпшілік жұмыстармен жанын сала айналысатын адамдардың азайып бара жатқаны жанға батады, – дейді Ұлжан кейде ішкі сырын бүккісі келмей. – Қолына диплом алып, жұмыс сұрай келіп жататын мамандардың бар ойлайтыны – дайын сценарий, жеңіл-желпі бағдарлама. Нағыз маман кадрлар тапшы. Жалақысы төмен болғандықтан, мәдениет жұмысына жастар оншалықты қызыға бермейді».
Расында, ел ішінде небір таланттар бар. Бірақ олардың арнаулы білімі жоқ. Білімдері болмағандықтан қалаға келгісі келмейді, олардың сахнасы – дала төсі.
Ауыл мәдениетін басқаруға Ұлжан сияқты таза таланттар көптеп келсе екен дейсің. Бірақ бұған көбіне хас таланттардың қолы жете бермейді. Арнаулы білім алғаныңмен, басшылыққа келу үшін «кемі бес жыл бір мекемені басқаруың керек, тест тапсырып қайтуың қажет» деген сияқты талант жолын бөгейтін толып жатқан себептер бар. Кеше ғана ауылда алаңсыз ән салып жүрген тума дарын қай мекемеге барып басшылық жасай қойсын! Ілгеріде «Қызыл отаумен» ел аралап ән салып жүріп-ақ Серке мен Нартайлар мәдениеттің көш тізгінін ұстаған жоқ па? Меніңше, мәдениетті басқаратын адамға әлгіндей төте ережелермен жолын бөгеу дұрыс емес, бойдағы қабілет-қарымына қарап қызмет ұсынған жөн. Сонда ғана мәдениеттің мерейі үстем болмақ! Ұлжан сияқты мәдениет менеджерлері руханият басына керек-ақ!
Қазір Түркістан мәдениетін – Ұлжансыз, Ұлжанды – мәдениетсіз елестету қиын. Тағы да Райымбек ағаның сөзіне жүгінесің: «Ұлжан Мұстафаева – осы қаланың мәдениет министрі»!
Б.СЕРДӘЛІ, Журналист-ұстаз, композитор.