Күллі түркі халықтарының астанасы болған Түркістан күн сайын көркейіп келеді. Киелі шаһарға келушілердің де қатары көп. Киелі қалаға табан тіреген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев:
–Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі…
Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деген болатын. Татулық пен берекенің шырағын жаққан шаһар облыс орталығына айналғалы бері қаншама ғимараттар бой көтеріп, күллі әлем назарын өзіне аударды. Соған сай туризм саласында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жатқаны рас. Осы орайда кейінгі уақытта қаламызда туристерге қызмет көрсетуде қандай жобалар жүзеге асып жатқанын бағамдап көрдік. Мысалы, кейінгі уақытта Республикалық деңгейде іске асырылатын тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жобалар іске асуда. Әсіресе, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, «Қожа Ахмет Ясауи», «Жұма мешіті», «Есім Хан» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелері мен қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын көріп жүрміз. Сәулеті келіскен шаһарды жаңғыртатын жобалардың ішінде демалыс, сауда орталықтары да бар. Келушілердің назарына бірінші боп түсетін ойын-сауық орталықтары екені мәлім. Қаладағы туризмді дамыту туралы көкейдегі көп сауалға сала маманынан жауап алған едік. Түркістан қаласы әкімдігінің «Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің» басшысы Талғат Қыдырбаев мырза түркістандықтармен бөлісер жағымды жаңалықтардың көп екенін де жасырмады. Ішкі туризмді дамытуда жаңа қарқын алған қала ең әуелі әуежайымен ерекшелентіні анық. Хазірет Сұлтан әуежайы ашылғалы бері туристердің келуі де жиіледі. Ішкі рейстерге жататын еліміздің он үш қаласынан бөлек бұл әуежайда Ыстанбұл бағытында тұрақты рейстер бар. Талғат мырзаның айтуынша, бүгінде түлеген Түркістанға жасалатын саяхаттар туроператорлар әзірлеген турпакеттер аясында жүзеге асырылып жатыр. Бір күндік стандартты тур пакетінің құны 100 доллардан 150 долларға дейін. Бұл тур пакетке тамақтану, көлік, гид және компанияның маржасы кіреді. Бір күндік түнгі туристік пакеттердің тағы бір санатына 20 мен 40 АҚШ долларын құрайтын көлік, нұсқаулық және компанияның маржасы жатады.
Ендігі сөз жатын орындар жайлы болмақ. Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан» – дейді мамандар. Былтыр 46 қонақүй келушілерге қызмет көрсетсе, биылғы жылы олардың саны 57-ге жеткен. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. Жақында ашылатын «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығады деп күтілуде. Талғат мырзаның айтуынша, салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.
Айта кетейік, өткен жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша келуші және туристер саны 1 257,7 мың адамды құраса, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 29,9 млрд теңгеге жеткен. Күн сайын салтанаты асқан шаһарға тұрғындардың жанашырлығы мен мәдениеті аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Тұрғындардың тазалығы тұтас қаланың тазалығына әсер ететінін естен шығармасақ, ел игілігі үшін атқарылған жұмыстардың болашағы баянды болмақ. Жыл басынан бері жүргізілген жүйелі жобалар да өз нәтижесін беріп, жаңғырған қаланы жаңа белеске шығарады деп сенеміз.