Мемлекет басшысының қай Жолдауы болмасын елдің егемендігін, жеріміздің тұтастығын сақтауды, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Ал, биылғы Жолдаудың ерекшелігі айтылған аса күрделі міндеттерді жүзеге асыруға нақты мерзім бекітілгендігі.
Басты бағыт экономиканы дамытудың жоба-жоспары болғандықтан «экономика» сөзінің Жолдауда көп кездесуі заңды. Одан кейін кездесетін «мемлекет», «заң», «халық», «бизнес» сөздері Жолдаудағы қойылған мақсаттарға сай рет-ретімен қажеттілігіне сай орын алған. Яғни бұл Мемлекет–Заң–Бизнес–Халық төрттағаны бірлесе жүйелі түрде әрекет жасағанда ғана көздеген межеге жетеміз дегенді білдіреді.
Жолдауда айтылған басты міндет – елімізде өндіріс пен өнеркәсіпті дамыту арқылы экономикамызды көтеру, табысты арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Оны жүзеге асыру бойынша Үкімет іс-шаралар жоспарын бекітеді деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысы осы Жолдауда экономикадағы реформаларды жүзеге асырудағы қаржы, салық-бюджет, ақша несие саясатының үйлесімдігі қамтамасыз етілген тұста ғана орын алатын макроэкономикалық тұрақтылыққа тоқталды. Әсіресе, банктердің жұмысына қатысты ерекше екпін түсіре айтты.
Банктер экономиканы дамытуға атсалысудың орнына тұтыну несиелерімен айналысып, оның соңы көптеген азаматтардың қарызға батып қалуына әкеп соқтырды. Банктердің таза пайдасы былтыр бір жарым триллионды құраса, биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде таза пайдасы бір триллионнан асып жығылыпты. Бұл – экономика салаларында өзара үйлесімнің жоқтығын білдіреді. Таразының бір жағында банктер, екінші жағында несие тұтынушы халық. Ұлттық банк инфляциямен күресу жолында базалық мөлшерлемені жоғарғы деңгейде ұстап тұрғандықтан банктердің есепсіз мол табыс табуына жол берілді. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін мықты экономист-эксперттердің талдаулары қажет. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудағы табысы зерделеуді, құнды қағаздар, акциялар жөніндегі заңнамалар сұрыптауды қажет етеді.
Сондай-ақ, банктердің «қозғалыссыз» жатқан 2,3 триллион активтерін экономикалық айналымға қосу туралы нақты шаралар қабылдау бұрын-соңды болмаған, бұл жөнінде Мемлекет басшысы цифрлық платформа құруды тапсырды. Бұл – ашық әрі әділ қадам.
Жолдауда Мемлекет басшысының Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін пилоттық режимде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізуді тапсыруы бюджет саясатының тиімділігін арттыра түспек. Корпоративтік табыс салығының бір бөлігін, жергілікті бюджетке түсетін салықтарға байланысты жеңілдіктерді өңірлерге беру аймақтардың дербестігін арттырады. Қосымша құн салығын қайтарудың күрделілігі өз алдына үлкен мәселе. Бұл тұста кәсіпкерлердің де пікіріне құлақ түрген жөн. Жаңадан ашылған өнеркәсіп орындарын да алғашқы үш жылда қосымша құн салығынан босатса, кәсіпорындардың аяғына тұрып кетуіне жақсы демеу болар еді.
Жеке тұлғалардың кепілсіз несиесін кешіру, әрине, жақсы көмек, алайда, мұнымен проблема түгел шешілмейді. Тұрғындардың өздері де ойланып несие алу керек пе, оны қайтара ала ма, жоқ па, деген ойды әбден таразылау қажет. Дәл осы тұста Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» атты партиялық жобасының халықтың қаржылық сауатын арттырудағы тиімділігі туралы өте жақсы пікір білдірді. Қазірдің өзінде жобаның игілігін ауыл тұрғындары көре бастады, бұл жоба әсіресе несиесін қайтара алмай жүргендер үшін үлкен әдістемелік көмек болды. Түркістан облысының өзінде «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында 12650 адамды оқыту жоспарланса, қазіргі таңда 8931 тұрғын оқудан өтті. Бүгінгі күнде Қазығұрт, Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Сарыағаш аудандарында 600 адам оқытылуда.
Қаржыны игеру, тиімді жарату, есептеу, жоспарлау жолдарын «AMANAT» партиясынан бекітілген тренерлер егжей-тегжейлі түсіндіруде.
Жолдауда белсенді орта кәсіпорындардың әрқайсысына нақты жоспар әзірлеу жөнінде тұшымды тапсырма айтылды. Орта кәсіпкерлікпен айналысатындар енді қарқын алып дами бастаған кезде, салықты көп төлемеудің жолын іздеп, бөлшектеніп жататыны белгілі жәйт. Бұл – үлкен кедергі. Кедергіні жоюдың бірден-бір жолы – заңға өзгерістер енгізу. Мақсаты бір «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіріп, орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін кешенді бағдарлама жасау, «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, цифрландыру мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Еңбек нарығын дамытуға арналған 2030 жылға дейінгі кешенді жоспардың тез арада бекітілуі жөніндегі Үкіметке берілген тапсырма өте күрделі тапсырма, ол аса мұқият экономикалық болжамды талап етеді. «Биылғы мектеп түлектерінің басым бөлігі мұғалім болуды таңдағаны қажеттіліктен туындаған құбылыс па, әлде мұғалімнің жалақысы жоғары болғандықтан ба? Мүмкін күнделікті өмірде тұрақты жалақы шынында да мұғалімде ғана болғандықтан шығар?» деп өз сұрағыма өзім іштей жауап іздедім. Меніңше, бір күнмен ғана өмір сүру алысқа апармайды. Соншама мұғалім ертең қайда орналасады, мектептер резина емес қой. Сұраныс бірте-бірте ұсыныстан басып озып, ақырында жұмыс іздеп сабылып жүретін мұғалімдер легі пайда болатыны сөзсіз. Бұған терең эксперттік пікір де қажет емес, кез келген азаматқа түсінікті. Жастар техникалық мамандықтарға баруы керек, бүгін болмаса жұмыс орны ертең, бес жыл көлемінде міндетті түрде болады. Бізде кадр даярлау бойынша алдағы үш жылда қанша кәсіпорын ашылады, қандай мамандықтар қажет деген экономикалық болжам жетіспейді. Бұл жерде қаланы айтпағанда, ауылды жердің географиялық ерекшелігіне, тұрғындардың бейімділігіне қарай сегментке бөліп кәсіпорын ашуды қолға алу керек. Шығынды көп қажет етпейтін отбасылық бизнесті дамыту қажет. Жұмыс болса, істейтін адам табылады. Тек білекті сыбанып кірісу жағы жетіспейді. Мұны жаңадан сайланып жатқан ауыл әкімдері қаперінде ұстаса дейсің.
Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының елге қажет екендігін, шаруашылық иелерінің өзара бірігуіне жағдай жасау керектігін айтқан болатын. Аталған жоба науқандық жұмыс емес. Алдағы үш жылда барлық өңірлерге «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 триллион теңге бөлінеді. Түркістан облысының өзіне ғана биыл республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, 14,8 млрд. теңгені құрайтын 2381 өтініш қабылданды. Несие комитеті 5,2 млрд. теңгеге 979 жобаны қаржыландырды, қалған өтініштер қаралу үстінде. Тұрғындардың бірлесіп, бірігіп кооператив құрып жұмыс орнын ашуы өте тиімді. Біріншіден, кооперативке қажетті қаржыны жеткілікті алуға, екіншіден, неғұрлым алынған қаржы көлемі өскен сайын ескірген ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға мүмкіндіктер туындайды, үшіншіден, еңбек өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді.
Жолдауда атом электр стансасын салу-салмауды халық талқылауына шығару жөнінде айтылды. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, халықтың экологиялық қауіптерден сескенетіні жасырын емес. Егер де барлық экологиялық қауіпсіздік талаптары сақталса қорқатын несі бар, салу керек деп ойлаймын. Дәл қазір энергияның қымбаттығынан біздің кәсіпкерлер шығарған өнімнің бағасы көрші Қытайдан келген тауарлардан анағұрлым жоғары болғандықтан, бәсекеге төтеп бере алмауда. Отандық өнім шығаруды қолдаудың бір жолы – энергия бағасының қолжетімді болуы. Электр энергиясы өзімізде өндірілсе, әрине, оның бағасы арзан болады.
Кәсіпкерлік ауыл шаруашылығы саласында немесе өнеркәсіпте, өндірісте болмасын экономиканың басты қозғаушы күші болған, болып қала бермек. Дамығымыз келсе, АЭС-ті тәуекел деп салған дұрыс. Біз салмасақ, көрші өзбек елі салып, электр энергиясын олар бізге ұсынатын болады. Ал, қайдан салу керектігін, қуаттылығы қанша болатындығын зерделеуді нағыз кәсіби мамандардың, ғалымдардың еншісіне қалдырайық. Инвесторды таңдағанда да геосаяси жағдайды назарда ұстаған жөн деп санаймын.
Мен өз басым барлық Жолдауды жинап, сақтап жүремін. Тап осы Жолдаудағы тапсырмалар 2012 жылдың 14 желтоқсанында жарияланған Жолдаудың «XXI ғасырдың жаһандық он сын қатері» атты екінші тарауында біраз айтылыпты. Әсіресе, төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе. Су – шектеулі ресурс. Қайталанған тапсырманы қате деп санамаймын, қайта осы Жолдауда трансшекаралық сулардың геосаяси астарына да мән берілген, суды үнемдеу технологиясын енгізу саясатын жүргізу қажеттігі өткір қойылған. Кезінде мықты мамандар даярлаған гидромелиоративті жоғары оқу орындары жабылды, бірігіп кеткендері тағы бар. Ғылыми-зерттеу институттарының орнын сипап қалдық. Жолдауда айтылғандай, Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылатындығы көпшілікті қуантады. Тозығы жеткен каналдарға жан кіріп, шаруа тірлігін оңдап алар еді.
Ең бастысы, адам баласын алға сенімі жетелейді. Жолдауда айтылған салаларды толық цифрландырған жақсы, алайда, сананы сілкімей, елдік сезімді шыңдамай межелі биікке 100 пайыз жету қиындау. Мемлекет басшысының Жолдауда Абайдың «Толық адам» ілімінен тарқайтын «Адал азамат» тұжырымдамасын ел алдына тартып, адалдық жоқ жерде әділдік болмайды деуі қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған.
Жолдаудың кілтті сөздері – Мемлекет – Бизнес – Халық. Үштағаны мықты елдің саяси-экономикалық әлеуеті де жақсарады. Мемлекет бизнесті қолдаса, халық пен мемлекет арасындағы алшақтық азайса – ел сұранысына жауап беру, қоғамның қолдауына ие болу деген осы.
Қ.ЖАНТӨРЕЕВА,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары,
облыстық мәслихаттың депутаты.