Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Келес ауданында «Тарихи атауларды қайтару – тарихи жаңғырудың кепілі» атты облыстық семинар өтті. Шараға облыстық мәдениет және туризм басқармасының бас маманы Мадина Утепова және Ербол Назаров, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және ауданға қарасты ауылдық округтердің әкімі мен ономастика саласына жауапты аудан, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің әзірлеуімен «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін жұмыс барысында басшылыққа алу туралы талқыланды. Сонымен қатар Арыс қаласы, Келес ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің ономастика саласы бойынша есебі және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің доценті, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Ербол Абдраманов және Өзбекәлі Жәнібек атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, тарих ғалымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев өз баяндамасын ұсынды.
Айта кетейік, шара мақсаты – ономастикалық атауларды қалпына келтіру, реттеуде басты бағыттардың бірі халықтың қоғамдық санасын жаңғырту аясында жергілікті атқарушы органдардың ономастика саласындағы жұмысын үйлестіру және жүйелендіру.
Естеріңізге сала кетейік, «Тарихи атауларды қайтару ісін Қазақстан бойынша қайта жалғастыруға болады», деген болатын президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
«2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз», – деп жазды Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында.
Ол Қазақстанның біртұтас мемлекет екенін атап өтті. «Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар», – деді Тоқаев.
Кешегі тоталитарлық саясат тұсында ел-жұртымыздың рухани тарихы, жер-су атаулары халықпен санаспай жаппай өзгертілгені баршамызға аян. Осы жүйе біздің ұлттық ономастикамыздың өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігі мен топонимикалық жүйесіне кері әсерін тигізді. Себебі елді мекен, көше, алаң аттарынан тәуелсіз мемлекет екендігіміз көрініп тұруы тиіс, өйткені тәуелсіз мемлекеттің бірден-бір белгісі ұлттық құндылықтарымыз болып саналады. Елді мекендер, көшелер, жер-су атаулары – тәуелсіз мемлекетіміздің бір белгісі, ұлттық нышаны, яғни тарихымыздың бір бөлшегі болуға тиіс.
Қазақтың ұлттық болмысын, белгілі бір дәуірдің тарихын топонимдердің шығу тарихына қарап біле аламыз. Кез келген өңірдің, өлкенің жері мен суының атауынан терең мағына мен құпия сырды аңғаруға болады. Сондықтан жер-су атаулары айшықты болып келеді.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында атқарушы және өкілеттік биліктің төменнен жоғарыға дейінгі міндеттері айқын көрсетілген. Алайда қай деңгейге болмасын билік өз өкілеттігін сол атауы өзгертілуге тиісті жерлердегі халықтың пікірімен санасып қана жүзеге асырады делінген, яғни осы шаралардың бастауында халық тұр деген сөз. Міне, осы заң негізіндегі басымдықты біздің облыстың ономастикалық картасынан анық көруге болады. Байырғы жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын аудандарда бұл мәселе түбегейлі реттеле келді және олардың шешілуіне еш кедергі болған да емес. Өйткені ономастика мәселесі – қоғамның толғақты мәселелерінің бірі. Дегенмен, бұл жерде тағы бір біз ескере бермейтін мәселе бар. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірлерінде кейбір елді мекен тұрғындарының дені өзге ұлт өкілдері боп келеді ғой. Олардың өздері үйренісіп қалған, қала берді, келмеске кеткен кеңестік жүйені еске салса да өз туған тілдерінде аталып, дыбысталатын атаудан ажырағысы келмейтіні айдан анық. (Павлодар мен Петропавл атауларына қатысты дауды еске түсіріңіз). Осы жағы болашақта дүниеге келер «Ұлттық ономастика туралы» Заңда ескерілсе екен.
Ономастиканың келесі бір өзекті тұсы – антропонимика. Осы мәселе бойынша адам аты-жөндерінің құжатта жазылуын қамтамасыз ету мақсатында облыс мектептерінде «Қазақы дәстүрге сай құжат алдың ба?» тақырыбында акция өткізілу дәстүрге айналды. Мәселен орыстың «а» қосымшасының қазақ есімдеріне жалғануы құжатта да көрініс таба бастағанына талай жыл болды. Мысалы: Жанара, Аселья, Айгулья, Гүлнара және т.б. Сөйтіп, ұлттық есімдер өз мазмұнынан, шырайынан айырыла бастады. Осы үрдістен жастарды алшақтату, қауіпті құбылысқа айналмауын қамтамасыз ету және кеңес дәуірінен келе жатқан тегіміздегі -ов, -ев, -ин, -ичтерден арылуды насихаттауда бұл акцияның мәні зор.
Облыстағы елді мекендердің, географиялық нысандардың (объектілердің), мәдени мекемелер мен оқу орындарының, көшелердің атауларына және көрнекі ақпараттардың мазмұнына бірқатар аудандар мен Орал қаласы тұрғындарымен мониторинг жүргізіліп, жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша сараптамалық материалдар жинақталып шығарылды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысындағы ауылдық округтер мен кенттер, өзге де елді мекендер атауларының және олардың орыс тіліндегі транскрипциясының анықтамалығы баспадан шығарылды.
Міне, сараланған осы мәселелерді реттеу «Ономастика туралы Заң» қабылдап, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңына» өзгерістер енгізуді қажет етеді. Өйткені ономастика мәселесі – ел тәуелсіздігінің рухани көзі, ел еңсесін көтеретін саяси мәні бар мәселе. Нағыз тәуелсіз ел болған уақытта тіл мәселесіне қалай болса солай қарау ұлтымызға сын. Осыған орай әлем мойындаған мына бір қағиданы ұстануымыз қажет, ол тәуелсіз елдің тәуелсіз тілі болуы тиіс деген қағида.
Сондықтан ғасырлар қойнауынан сынын бұзбай қуатын кемітпей, әрі мен нәрін жоғалтпай таза да көркем келбетімен жеткен ұлттық құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа жеткізу барлық тіл жанашырларының парызы.
Біздің мақсатымыз – тәуелсіз мемлекетіміздің сипатын білдіретін, ұлттық тарихымызды айшықтайтын атаулар арқылы ұлттық ономастикалық кеңістікті қалыптастыру, бір сөзбен айтқанда, ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу жастардың санасында елдік пен ерлік дәстүрлерін қалыптастыру болмақ. Өйткені Батыс Қазақстан жері – дәстүрге бай, тарихы өнегеге, сырға, шежіреге толы өңір.
Сонымен, жер-су атаулары – ғажайып тарих. Осы орайда «Әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты елді мекен, жер-су атаулары мен адам аттарының атадан балаға жалғасып жататын жақсы дәстүр бар» деген Ш.Уәлихановтың пікірі ойға оралады. Олай болса, осы дәстүрді жалғастыру, оны ұрпақ қажетіне жарату бағытында жұмыла еңбек етейік.
Бір кездегі ешкімнің намысына тимей аса бір сақтықпен жүргізілген тарихи атауларымызды қалпына келтіру мәселесіне енді бүгінгі күннің көзімен қарауымыз қажет. Өйткені сең қозғалып, тоң жібіген шақта төл тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы қазақ өркениетінің көшін ілгерілете алсақ, келесі ұрпаққа жарқын жүзбен қарай аларымыз анық.