Қазақ халқы о бастан-ақ, өнермен егіз туған халық десек, артық айтқандық емес. Өнер екінің біріне қона бермейтін қасиет. Біреуге жезтаңдай әншілік, енді біріне он саусағымен қазақтың қара домбырасын сөйлеткен күйшілік қабілет беріледі. Тіпті арамызда отбасымен өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жандар да бар. Сондай замандастарымыздың бірі – ауданымыздағы Есалиевтердің өнерлі отбасы. Жетекші һәм отбасы тірегі – Қали Есалиев. Сайрам аудандық Құрманбек Жандарбеков атындағы Мәдениет үйінде қызмет етеді.
Есалиев Қали Досжанұлы
1988 жылғы наурыздың 20-сында аудандағы Молыбай Оразалиев ауылында дүниеге келген. Асқар тау әкесі Досжан Лесбекұлы Есалиев қарапайым жұмысшы болып отбасы нәпақасын тапты. Табаны тиген жерге өзінің сый-құрметі қалатын, тәрбиенің бәрі мінез бен болмысынан көрінеді. 2 ұл мен 1 қызға саналы тәрбие беріп, өмір ағысына жеткізген әке. Анасы Зулфия Жақсытайқызы Жолтаева Молыбай Оразалиев ауылында №41 М. Оразалиев атындағы орта мектепте ұлағатты ұстаз. Бірнеше жылдық білігі мен тәжірибесі бар. Ол кісі мектептегі әр оқушыны өз ұл-қызындай етіп, тәрбиелуге ұмтылады.
Өнерпаз Қали 2005 жылы Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне «Саз және ән айту» мамандығы бойынша оқуға түсті. Оқып жүріп, университеттің көптеген іс-шараларына қатысып, үлкендердің батасын алды. Талай сахнада жұрт көзіне түсті. Дарыны мен дауысын көпшілік тамсана әңгіме етісті. Жоғары оқу орнын 2009 жылы аяқтап, 2010 жылы «Қанеки, тілім сөйлеші!» атты республикалық шешендік сайысқа қатысты. Би болып сөйлеп, шешендей ағылды. Арқырап тұрып өлең оқыды. Әуелетіп домбыра тартты. Жалындып тұрған жас емес пе, өзгелер қызығатын өнерімен аудан бойынша бас жүлде алып, облыстық сайысқа жолдама алды. Облыста да ұшқын атқандай дараланды. Сосын республикалық сайысқа барып, «Төбе би – Төле би» номинациясын иеленді. Өткел бермес өнер босағада қалмайды ғой.
2010 жылы өзінің жүрегі қалап, көңілін өсірген қызға үйленіп, отау құрды. Жұбайы — Құралай Бауыржанқызы Аймурзаева. Қос
ғашық студенттік дәуірдің қызығын да, машақатын да қатар көрді. Құралай да Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Саз және ән айту», оның ішінде қобызшы мамандығын оқыған, одан бөлек пианино мен домбыраны меңгерген. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі «Самұрық» ансамблінің құрамында 5 жыл өнер көрсеткен. Жеке өзі Астана қаласында өткен «Ғасырлар үні» қобызшылар сайысында бас жүлде алды. Бұған қоса Құрманғазы атындағы республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсында бас жүлдені қанжығасына байлаған.
Қазір бұл жарасымды отбасының 1 қыз және 3 ұлы бар. Қыздары Кәусар Шымкент қаласының №130 жалпы орта мектебінде 5-сыныпта оқиды. Жас өскін мектептің барлық мәдени іс-шараларына белсене қатысады. Жастайынан ән айтып, «Қазына» жасөспірімдер би ансамблінде өнер көрсетіп, ансамбльмен бірге Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларында би жанры бойынша бас жүлде иемденген. Ұлдары Қайсар да Шымкент қаласы №130 мектепте білім алады. Сабақтан тыс уақытта домбыра және каратэ үйірмелеріне қатысады. Қайсар каратэдан жасөспірімдер арасында облыстық жарыста 2 жүлделі орын иеленді. Екінші ұлы Иманғали 4 жаста, ал кенжелері Досжан 2 жаста.
Елге енді танылып келе жатқан Есалиевтер отбасы 2022 жылы ауданда өткен облыстық отбасылар байқауында жүлделі 3-орын алды. Ал биыл яғни, 2023 жылы сол сайыста Бас жүлдені иеленді. Олардың өнеріне сайрамдықтар тік тұрып, қошемет көрсетті. Мұндай да қазекем «Тіл-көзіміз тасқа» дейді.
Қали ағамыз: «Жалпы өнер өзіме екі жақтан, яғни өз жағымнан және нағашы жағымнан қонған. Менің атам мен апам ақын кісілер болған. Айтыста танысып, үйленген. Сол кісілердің өнері немересі маған дарыған. Ал әншілік өнер нағашы жақтан болады. Менің нағашым Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Құрман Шойынбаев. Өз жұртым мен нағашы жұрттан алған тәрбиемнің арқасында Өнер мен Өмір жолында өз ортамды қалаған азаматпын. Өмірдегі ұстанымым «Болсаң от бол, болмасаң жоқ бол» деген қағида. Әрбір азамат өзіндік бір тұлға болуы керек»,- дейді шабытты сөздерінің арасында. Рас, сол қаланған тұлғалық пен бойдағы бар тәрбие, мінезді, ұстанымын қызы мен ұлдарына беру оның басты мақсаты. Балаларын белгілі тұлға қылып тәрбиелеу—әрбір ата-ананың ғұмырлық мақсаты. Сол жолда олар ұрпағына бары мен нәрінің бәрін береді. Біз де Есалиевтер отбасына алар асуларының көп болуын, өнердің өріне шығып, мерейлі болуларын тілейміз.
Н. Тұрдымұратов.