Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең болып тарихта мәңгі қалады. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, жасымаған жігердің отымен келген ұлы күн. Аллаға шүкір, кең байтақ еліміздің егемендіктің дәмін татып келе жатқанына 32 жыл. Отыз екі жылдың бедерінде келбетін көктегі күн сүйген Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес, зайырлы мемлекет болып қалыптасты. Мұның жарқын көрінісін табиғаты тамаша, жері құнарлы, суы шипалы, қасиетті де киелі өңіріміз – Түлкібас ауданының бүгінгі қарышты қадамынан да анық аңғаруға болады. Артта қалған 32 жылда табиғаттың әсем бесігінде тербелген ауданымыз адам танымастай болып өзгерді. Ежелден — татулық пен достықтың туын жоғары көтеріп, адал еңбектерімен көзге түсіп келе жатқан жергілікті тұрғындар ауыз сумен, табиғи газбен толық қамтылды. Ел еңсесі көтеріліп, тұрмыс жағдайлары жақсарды. Құрылыс нысандары бой көтеріп, талай білім ошақтары, балабақшалар, Мәдениет үйлері мен медицина орталықтары ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудан көлемінде шағын және орта бизнес қарқынды дамып, кәсіпкерлікке айқын жол ашылды. Әрине, мұның бәрі бүгінде айтуға оңай ғой. Ал, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жағдай қандай болған еді? Жаңа жүйеге қоғам дайын болды ма? Одан басқа тағы қандай қиыншылықтар кездесті? Сол қиын да ауырлау жылдарда ауданымызды қандай әкімдер басқарды? Олардың аудан көлемінде атқарған еңбектері бүгінде жергілікті тұрғындардың есінде ме? Енді соған келейік. Тәуелсіздік тұсында 1990-2018 жылдары ауданды Зауытбек Тұрысбеков, Тілләбек Мұсабаев, Әзімхан Мелдебеков, Жеңісбек Мәуленқұлов, Асқар Бейсенбаев, Қалыбек Алдабергенов, Дархан Мыңбай, Ерғали Сарманов, Қайрат Әбдуәлиев, Әуелхан Тұрғынбеков, Нұрбол Тұрашбеков басқарған. Сол жылдары жоғарыда есімдері аталған әкімдердің ішінде ең жасы Тілләбек Мұсабаев болған екен. Бар жоғы 32 жасында аудан тізгінін ұстаған оның аудан көлемінде атқарған еңбегі жайлы сөз еткенді бүгінде жөн көріп отырмыз. Алдымен, оның өмірбаянына қысқаша тоқтала кетсек.
Тілләбек Мұсабаев 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылында дүниеге келген. Целиноград ауылшаруашылық институтының инженер-механик факультетін, Қостанай Мемлекеттік институтының құқықтану мамандығы бойынша бітірген. 1982-1983 жылдары ГОСНИИТИ Целиноград филиалының инженері, 1983-1984 жылдары ОҚО, Созақ ауданындағы, «Туркестан степ водстрой» тресі ПМК мекемесінде механик, 1984-1986 жылдары ОҚО «Госкомсельхозтехника» Ленин аудандық бірлестігінің инженері, 1986-1987 жылдары ОҚО, Қазығұрт ауданы, «Қызыл Таң» колхозының бас инженері, 1987-1990 жылдары ОҚО, Қазығұрт ауданы, «Қызыл таң» колхозының төрағасы, 1992-1993 жылдары Түлкібас ауданының әкімі қызметін атқарды.
— Аудан әкімі болып тағайындалған күннің ертесіне алғашқы еңбек жолымды таңғы сағат 7.30 да аудандық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысудан бастадым, — деп қалдырыпты Тілләбек Мұсабаев өз жазбасында.
— Өйткені, ол кезде аурухана жайлы ел арасында жайсыз сөздер көбейіп кеткен еді. Ауруханаға кірсем, адамдар ауруханаға сыймай, дәлізде жатыр. Салынады деген жаңа аурухана ғимаратының ірге тасы жаңадан құйылыпты. Сөйтсем, ол фундамент аудандық аурухананың перзентхана бөліміне тиесілі болып шықты. Мұндағы жағдайлардың бәрін көріп, зерделеп, көңіліме мықтап түйдім.
Таулы жер болып табылатын Иірсу ауылына жол салуға сол кездегі автомобиль жолдарының министрі Х.Бекболатовтың еңбегі мол тиді. Мен еңбекке ерте араласып, орда бұзар отызымда колхоз төрағасы, 32 жасымда аудан әкімі болдым. Біз сол қиын кезеңде егін мен мал шаруашылығын қатар ұстап тұрдық. Экологияға және өзен, суларға зиянын тигізетіндіктен шошқа шаруашылығын азайттық. Өзім әкімдік қызмет атқарған жылдары Түлкібас ауданында талай оңды істер атқарылды. Руханият жағына көбірек көңіл бөліп, белгілі қоғам қайраткері, Алты Алаштың мақтанышы Тұрар Рысқұловтың 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіліп, Алматыдан елімізге танымал ғалымдар мен жазушылар келді. Кейінгі ұрпаққа үлгі болар ғылыми конференция жоғары деңгейде өтті. Кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлдік. Байланыс саласына іскер азамат О.Жаппаровты, «Көктерек» астық комбинатына А.Бейсенбаевты лайық деп танып, басшылыққа алдық. А.Бейсенбаев кейін іскерлігінің арқасында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болып, сенімімізді ақтады. Шынымды айтсам, орда бұзар 32 жасымда Түлкібас ауданында әкім болып қызмет атқарғаныма бүгінде қуаныштымын. Халқы адал, еңбекқор жерде шыңдалып өскеніме ризамын. Түлкібасқа келген сайын көңілім марқайып қалады. Қиындау кезде келген менің алда атқарар жұмыстарыммен құрған жоспарларым көп еді. Оның көбісі жүзеге асты да, кейбірі қаржы тапшылығынан жүзеге аспай қалды. Бүгінгі Түлкібас ауданының өсіп-өркендеп тұрғанын көріп қуанамын. Бұдан басқа да биік межелерден алдағы уақытта көріне беруіне тілектеспін.
Облыс әкімі М.Үркімбаев пен оның экономика жөніндегі орынбасары Н.Өтебаев пен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан жоғарыда айтылған кірпіші қаланбай тұрған ауруханадағы ғимаратты қолға алып, айналасын қоршап, жолын жөндеп бердік. Сонымен қатар, «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне де ғимарат салып беруге қол жеткіздік. Сол кездері денсаулық сақтау мекемесінің басшысы Н.Ормановқа көп нәрсені талап еттім. Маман тапшы кез еді. Өзі хирург болғандықтан науқастарға отаны өзі жасайтын. Одан әрі Дауан ауылындағы шипажайдың жанынан балаларды емдеу сауықтыру орталығын салу жөнінде бастама көтердім. Бірақ, ол ойым да қаржы тапшылығынан жүзеге аспай қалды. Әкімдік қызметте апта болмай жатып, Азаттық ауылында жол көлік оқиғасы орын алды. Есек арбамен жолда келе жатқан екі баланы «КАМАЗ» көлігі байқамай қағып кеткен. Бұл жағдай жүрегіме қатты тиді. Осы аянышты оқиғадан соң Т.Рысқұлов ауылы мен Азаттық, Түлкібас кенті мен Алғабас ауылдарының көшесін кеңейтуге ықпал жасадым. Кейіннен ауданның ішкі жолдарымен жүретін көліктерді ауылға кіргізбей сыртпен жүруін ойлап, сыртқы жобасын жасап, сол кездегі еліміз бойынша автомобиль жолдарының министрі болған Х.Бекболатов деген кісінің алдына кіріп, жасаған жобамды алдына қойдым. Соның нәтижесінде қаржы көзі табылып Жаскешу, ауылына дейін жолдың құрылысы басталды. Әйтсе де, басқа қызметке ауысқан соң бұл жұмыс толық аяқталмай қалды. Т.Рысқұлов пен Түлкібас поселкесі арасындағы жолдың бойынан мал базарын салу жоспары іске асты. Мен әкім болған жылдары Елтай және Ақбиік ауылдық округтерінде жаңа мектептерге Т.Иманбеков, Бағысбаев атаулары берілді.
Жол мұраты жету- дегендей сол кезде аудан көлеміндегі жолдарға көп көңіл бөлу керектігін ұғынып, оның іс жүзінде атқара білген Тілләбек Мұсабаевты да түлкібастықтар ешқашан ұмытпайды.
— Тілләбек көп сөзге жоқ, нағыз еңбектің адамы болатын, — дейді аудан тұрғындары.
— Оның адамгершілік қасиеті, кішіпейіл мінезі, өзін-өзі ұстай білуі жас та болса бойынан молынан табылып тұратын. Сол кездегі қиын кезеңде жылу, жарық, жалақы мәселелерін байыппен шешуі, қызмет саласындағы ұйымдастырушылық қабілеті біздің жадымызда мықтап сақталынып қалыпты. Түлкібас ауданының тізгінін ұстаған Тілләбек Мұсабаев кейіннен «Шымкент агро сервис» АҚ-ның вице президенті, Қазығұрт ауданының әкімі және Астана қаласындағы бірқатар лауазымды қызметтерді атқарып, өзінің нағыз іскер, ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы екенін іс жүзінде дәлелдей алды. Қанша өңірде қызмет атқарса да Тілләбек Мұсабаев бауырымыз өзі қызмет атқарған Түлкібас ауданын ешқашан да ұмытқан емес. Түрлі игі шараларда ат басын арнайы бұрып, аудан жұртшылығымен жиі қауышып тұрады.
Иә, қыран биікте самғайды дегендей Түлкібастан түлеп ұшқан абыройлы азаматтың шығар биігі әлі алда екеніне біздің де сенгіміз келеді.
О.КӨМЕКОВ.