Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда жасаған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты баяндамасында қоғамда орын алған өзекті мәселелерді ашып көрсетті. Және алдағы уақытта олардан арылудың жолдарын көрсетті.
Мемлекет басшысы «Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз» деді. «Ұлт сапасы қайткенде артады?» деген сауалға жауап бере келіп, ұлт сапасының ұғымы қазақы таным-түсініктен, ұлттық идеологиядан, халықтық дәстүрден бастау алатынын еске сала кетті. Ұлт сапасын толыққанды етудің жолдарын ұсынды. Яғни дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестірген жағдайда ғана ұтатынымызды еске салды.
Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде Қазақ елі талай жолдан өтті. Ел экономикасына, саяси реформаларға назар аударылды. Дегенмен, осы жылдары материалдық байлыққа көңіл бөлінгенімен, рухани байлыққа көңіл бөлінбеді. Адам баласы үшін екеуі құстың қос қанаты секілді. Осы екі байлықтың біреуі кем болса, адам қанаты сынған құс секілді жерден көтеріле алмайды. Біз осы екі мәселені тең ұстамадық. Бүгінде соның залалын тартып жатырмыз.
Мемлекет басшысы құрылтайда бүгінгі қоғамға қажетті адал азамат тәрбиелеу мәселесіне жұртшылықтың назарын аударды. Шынында, алдағы уақытта адал азамат тәрбиелеу мәселесіне көңіл бөлмесек, басқаның бәрі бекершілік екенін өткен отыз жылдық өміріміз көрсетіп берді. Адал еңбек етпей, арам жолмен мал табудың, қанағатсыздықтың ақыры елімізді қандай күйге жеткізгенін көріп, біліп отырмыз.
Адалдыққа тәрбиелеу отбасынан, балабақшадан, мектептен, білім мекемелерінен қалыптасады. Адалдық – құтты қоғамның темірқазығы десек, тәрбие жұмысын осы салалардан бастап мықтап қолға алу керек. Ұлы данышпан ғалым әл- Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Отыз жыл ішінде білім саласында көптеген реформалар жасалды. Мемлекеттік оқу орындары, ондаған білім орталығы ашылды. Мұның пайдалы жағымен қатар, залалды тұстары аз болмады. Ондай мекемелер оқушылардың білімді болуына, ҰбТ- дан сүрінбей өтуіне, олимпиадалардан жүлделі орындар алуға бағытталды да, баланың ішкі әлеміне, тәрбиесіне назар аудармады. Жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне жеткілікті көңіл бөлінбеді. Соның салдарынан талантты, дарынды балалар алған білімін елін көркейтуге, өз Отанына адал қызмет етуге арнау керектігін жете түсінбеді. Бүгінде жастардың көпшілігі шетелдерде білім алып, сонда қызмет істеуге тырысады. Мемлекеттің қолдауымен қалаған мамандығын игерген жастарымыздың әлеуетін елдің, халықтың игілігіне бағыттай алмадық. Болашағын тек шетелдермен байланыстыра қарайтын жас буын қатары күн өткен сайын көбейе түсуде . Сондықтан талантты жастарымыздың ақыл- ойын, күш-жігерін өз еліміздің пайдасына айналдыру үшін мемлекет тарапынан жастарды қолдау саясатына түбегейлі және реформалық өзгеррістер жасау керек.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл бір- бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасыға адалдық – парасат пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді. Құрметке ие болады» дей келе, «Адал азамат» деген ұғымға түсінік берді. «Әділ қоғам құруға тиіс адал азамат – өз саласында нағыз маман болады, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттерді бәрінен биік қоятын жан. Барға қанағат тұта білген адам жаман жолға түспесі хақ» деді.
Президент білімге, ғылымға, өнерге құштар жастардың болашағынан үлкен үміт күтетінін айтты. Әділетті Қазақстанның азаматы болатын жастар «Көп сөзге құмар, жалқау, енжар, масыл болмауы тиіс» деді. Жастарды адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуде аға буынның өмірлік тәжірибесін пайдалану керектігін еске салды.
Болашағымыздың жарқын болуы ұрпағымыздың адал еңбек етіп, адал ас ішуіне байланысты. Еңбектің бағасын білген адам өзгенің маңдай теріне де құрметпен қарайды деді Мемлекет басшысы.
Жастайынан обал, сауап, адал, арам деген қарапайым ұғымдар арқылы баланың санасына адамгершіліктің, ізгіліктің ұрығын сіңіре беруіміз қажет. Ұлттық дәстүр қалыптастырған ұғымда еңбексіз табылған, қиянатпен келген жеуге болатынның да, жеуге болмайтынның да бәрі арам деп есептелген. Зорлықпен табылған, тартып алынған нан да, ақша да, мал да, дүние де арам. Бұларды жеуге де, пайдалануға да болмайды. Ал, осылардың бәрі адал еңбекпен, маңдай термен табылып, өзгенің ақ ниеті, адал ықыласымен берілсе, ол – адал. Сондықтан да ата-бабаларымыздың ежелден адалдан аттамау, арамға жоламау керек деген ұлағаты бүгінде қазақ баласына тән, төл қасиет болуы тиіс. Осындай ұлттық қасиеттерімізді дәріптеуді одан әрі жалғастыра беру керек.
Мемлекет басшысы құрылтайда өскелең ұрпаққа жақсы тәрбие берудің тетіктеріне, оларды неден қорғау мәселесіне тоқталды. Қазіргі балаларды теріс ақпараттардан сақтандыру мәселесі қолға алынбай жатқанын атап өтті. Әлеуметтік желілерде қаптап жүрген теріс ағым өкілдерінің, ел арасында іріткі салуды мақсат тұтатын арандатушылардың ешбір ауыздықсыз кеткен насихат, ақпараттары әлі оң-солын тани қоймаған жеткіншектерге теріс ықпал етіп отыр. Ақпараттық технологиялардың тасқыны рухани құндылықтарды тықсырып барады. Ұлттық тәрбие көзі рухани байлық ретінде бағаланбай, жойылып бара ма деген алаңдаушылық бар екенін жасырмады.
«Отан от басынан басталады» демекші, туған елінің тарихы мен мәдениетінен нәр алмаған ұрпақ уызға жарымаған төл сияқты болып өсетінін естен шығармауымыз керек. Осы жерде педагог, жазушы, Ж.Аймауытов «Тәрбиеге жетекші» еңбегінде мектеп балаға «Қандай тарихтың түрін оқытуды қолға алу керек?» деген сұраққа: «Бізге жалпы тарихты немесе КСРО тарихын оқытудан гөрі жақсы таныс өз жұртымыздың тұрмыс-салты, тыныс- тіршілігімен байланысты тарихын оқытудан бастаған жөн, басқа жұрттың тарихынан жергілікті тарихқа керекті Һәм қазіргі заманға қатысы бар жерлерін ғана алу керек» деп жауап берген. Біз алаш арысының осы пікірін болашақта басшылыққа алғанымыз дұрыс..
Президент бүгінде балалардың кітап оқуға деген ынта-ықыласының төмендегенін айта келіп: «Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті қиын. Бірақ, бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуы тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек… Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады» дей келіп, балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттырудың жолдарын қарастыру үшін тиісті орындарға тапсырма берді.
Осындай жасампаз елдің болашағы, алтын діңгегі – өскелең ұрпақ. Ал, сол ұрпақтың білімді, ұлтжанды, парасатты болып өсуіне, туған жерін, Отанын көздің қарашығындай қорғайтын жаужүрек, патриот болып қалыптасуына қоғам, бүкіл ел-жұрт болып ат салысу – кезек күттірмейтін маңызды міндет.
Ұлттық дәстүрімізді заман талабына сай мәдени үрдістермен үйлестіре білсек, ұтылмасымыз анық. Халықтың отбасылық, ұлттық дәстүрін қайта жаңғырту қазіргі заманда ерекше маңызға ие. Өйткені, өз халқының, ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білу бүгіннің де, болашақтың да адамын тәрбиелейді. Ал, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетіне, ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне тікелей байланысты. Себебі, әрбір халық ұрпағымен көктеп, ұрпағымен өркен жаяды. Әрбір мемлекет рухы таза, сапасы биік, білімді де білікті ұрпағынан қуат алады. Ары таза, адал азамат қана елін, Отанын көркейтуге атсалысады, өрге сүйрейді. Ұлтымыздың сапасы артып, қуатты елге айналады.
К.ЕЛІКБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.