Түркістан облысында «Туған жер – алтын бесігім» атты мәдени байланысты нығайтуға бағытталған қала, ауданаралық мәдениет күндері Сарыағаш ауданының Келес ауданындағы мәдениет күндерімен жалғасты. Шараға Сарыағаш ауданның мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әбіләзім Жаншуақов пен Келес аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Илесов қатысты.
Аудан, қалалар арасында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шараға Сарыағаш ауданы қолөнер және қылқалам шеберлері, сонымен қатар кітап көрмесі Келес ауданы тұрғындарының назарына ұсынылды. Сондай-ақ «Саялы-Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі бастаған «Еркетай» би ұжымы мен сарыағаштық жезтаңдай әншілер өнер көрсетті.
Айта кетейік, алдағы уақытта Келес ауданының өнер керуені Сарыағаш ауданына аялдамақ.