Сайрам ауданы — Түркістан облысындағы аграрлы аудандардың бірі. Аудан орталығы – Ақсу ауылы. 1928 жылы құрылған. Жерінің аумағы 1,7 мың шаршы шақырым.
Ақсу өзенінің бойына орналасқан, жүз жылдан астам тарихы бар ауданда барлық автомобиль және темір жолдары осы орталықта түйіседі. Аудан Шымкент қаласының айналасын сақина тәрізді орай қоршап жатыр. Ауданның шығысында Машат өзені, орталығында Ақсу өзені, ал солтүстігінде Арыс өзені ағып өтеді. Аудан жері негізінен оңтүстіктен солтүстікке қарай көлбеу жатқан тауетектік жазық; кей жері төбелі, сайлы-жыралы келеді.
Климаты континенттік, қысы біршама жылы, жазы ыстық, қуаң, аңызақты. Ауаның орташа температуарасы қаңтарда 2 – 3 °С, шілдеде 26 – 28 °С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 – 350 мм-ді құрайды. Аудан жерімен Арыс, Ақсу, Қарасу өзендері ағып өтеді. Аудан аумағында құрылысқа қажетті материалдардың кен орны бар. Жерінің басым бөлігі сұр, сұр-қоңыр топырақты. Табиғи өсімдік егістік, сай-жыралардың беткейлерінде ғана сақталған, жусан, жантақ, жыңғыл, өзен бойында құрақ кездеседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, борсық, саршұнақ, қырғауыл, бөдене, кекілік мекендейді. Тұрғындардың құрамы көпұлтты. Аудан 11 ауылдық округке біріктірілген. Олар: Ақбұлақ ауылдық округі, Ақсукент ауылдық округі, Арыс ауылдық округі, Жібек жолы ауылдық округі, Көлкент ауылдық округі, Қайнарбұлақ ауылдық округі, Қарабұлақ ауылдық округі, Қарамұрт ауылдық округі, Қарасу ауылдық округі, Құтарыс ауылдық округі, Манкент ауылдық округі.
Кәлен баб әулие
Қарамұрт ауылының солтүстік-батысындағы ағайынды Полатовтар көшесінің бойындағы ауыл қорымында орналасқан. Қытай тарихнамасында ол садағы мен семсері қолынан түспеген қаһарман қолбасшы ретінде айтылады. Ескі қытай жазба деректерінде мынадай мағлұматтар кездеседі: әскер ұстап, қол бастағандарды хэлан (қыран, сайыпқыран) деп атаған. Шындығында, Кәлен баба үлкен қол бастаған даңқты қолбасшы екендігі ескі қытай жазбаларында жақсы жазылған. Қара түстілерді хэ ло бян – хэ ло шуо- «қара шор» деп атады. Шор атауы он оқ (бес дулат және бес нуфуби) тайпасы билеушісінің лауазым иесі.
Дулат руының төрт атасының бірі. Қазақ шежіресі бойынша, Сиқым негізінен он атаға бөлінеді: Борас (Қарақойлы), Тоғатай, Шуылдақ (Байсейіт), Буас, Құлсейіт (Қусирақ), Ақылбек, Құттыбай, Есбол (Аққойлы), Есенгелді (Аққойлы мен Қарақойлы). Түрікмендер ішінде де Аққойлы, Қарақойлылар бар. Олар XIV-XV ғасырда Әзірбайжан мен Арменияда билікке таласты. М. Тынышбаевтың ескертуінше, оларды да Дулаттан шыққан деп шамалауға болады. Ел аузында Борас, Тоғатай мен Буасты Байсейіт атымен атайды. Байсейіттің шын есімі- Шуылдақ. Есбол мен Есенгелдінің ұрпақтарын жай ғана «Естілер» атандырған.
Жаныс баба кесенесі
Сайрам ауданының Қарамұрт ауылында. Дулат тайпасынан шыққан шешен, талантты қолбасшы және ел басқарған көсем Жаныс бабаның басына арнап кесене 2004 жылы тұрғызылды. «Жаныс бабаның ақжал арыстандары болған» деген ел аузындағы аңызға сәйкес, кесененің кіре берісіне қоладан құйылған айбатты қос арыстан бейнесі орнатылған. Кесененің табанынан ұшар басына дейінгі биіктігі – 27 метр, шаңырақтағы күмбезінің шеңбері – 9 метр. Кесененің пештағы Жаныс баба тәу еткен Тәңіртаудың шыңдары тәріздес үшкілденіп безендірілген. Қас бетінде «Жаныс баба» деген жазу және таңбасы бар. Кесененің ішкі жағы сегіз қырлы (сегіз қанатты) болып салынған. Бұл Жаныс бабаның сегіз баласының болғанын меңзейді және әр қанатта сол аталардың шежіресі жазылған.
Ербекші ата кесенесі
Әр өлкенің пір тұтар әзіз ұлдары болады. Ғасырлар өте ол кісілердің есімі халық жүрегінен орнын тауып, кез-келген кедергілерден аттап өтіп, көңілінде сақталып қалады. Адамдар Алланың осындай сүйікті пендесі төңірегіне жіпсіз байланып, оны пір тұтып, әруақтарына сыйынып жүреді. Осындай қасиетті де киелі жайдың бірі Қарабұлақтан алты шақырым арыда, Арыс өзенінің бойындағы биік төбедегі Ербекші ата кесенесі. Ол кісіні Бекжан ата немесе Бекші ата деп те атайды. Кесене түбінде ағып жатқан қасиетті Әулие бұлақ жайылып ағып, әуізге айналған.