Тарихқа көз жіберсек ХХ ғасырдың басы дүрбелең оқиғаларға толы болғанын көреміз. Аласапыран, алмағайып кезеңде қазақтың маңдайына біткен, қаймағындай болған ұлттың зиялылары ел үшін күресті, бастарын бәйгеге тікті, ұрпақ қамы үшін жан аямай арпалысты.
Бұл кез қазақ халқы тарихындағы ең бір талмау тұстардың бірі болатын. «Қазақтың бар болу немесе жоқ болу» мәселесі таразыға тартылған кезеңде Алаш қозғалысы өмірге келді. Оның басы-қасында Қазақ мемлекетінің дербес, тәуелсіз болғанын қалайтын азаматтар тұрды. Алайда мұның соңы не болғанын сіз бен біз тарихтан жақсы білеміз.
Біздің тарихшыларымыздың зерттеуіне қарағанда сол бір кезеңдерде жүз мыңнан астам адам итжеккенге айдалды. Жиырма бес мыңдай қазақтың маңдайына біткен мықты тұлғалары, жақсы жайсаңдары ату жазасына кесілді…
Сол қатарда Жалау Мыңбаев та бар еді.
Жалау Мыңбаев 1892 жылы бұрынғы Адай уезі, Құнанорыс ауылында дүниеге келген. 1905-08 жылдары Форт-Александровскідегі (Форт-Шевченко қаласы) екі сатылы орыс-қазақ мектебінде білім алған.
1917 жылдан Маңғыстау уездік кеңесінің мүшесі. Сол жылы желтоқсанда Түркістан (Қоқан) автономиясын Маңғыстау өңірі адайларының қолдайтындықтарын білдіру мақсатында Қоқанға барды. Мұстафа Шоқаймен осы жолы танысқан ол, 1919 жылы көктемде оны теңіз арқылы шетелге шығарып салды.
1919 жылы «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы. 1920-23 жылдары Маңғыстау уездік атқару комитетінің азық-түлік бөлім бастығының орынбасары, Адай уездік милиция бастығы, Адай уездік ревкомының (1923-24) төрағасы қызметтерін атқарды.
Ж.Мыңбаев БК(б)П 14-съезінің, қазақ облыстық 3-5 партия конференцияларының, Қазақстан кеңестерінің 4-6 съездерінің делегаты болды.
Қазақ АКСР Кеңесінің 5-съезінде Қазақ АКСР ОАК-ның төрағасы болып сайланды. Бұл қызметте жүріп республикадағы барлық басқару органдарын жергіліктендіру (қазақтандыру) ісіне басшылық жасады, халықтың әлеуметтік жағдайын және денсаулық, оқу-ағарту, мәдениетін жақсартуға күш салды. Мыңбаев қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін Кеңес өкіметінің солақай саясатын сынға алып, балама жол ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақұлы, т.б. тобында болды. 1926 жылы 25 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің пленумында бұл топқа ұлтшылдар деп айып тағылып, қатал сынға ұшырады. Ф.Голощекиннің тапсырмасымен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясы Мыңбаевтың үстінен іс қозғады. Мыңбаев ұлтшыл атанып, сынға ұшырады.
1927 жылы орнынан алынып, Гурьев (Атырау) округі атқару комитетінің төрағасы қызметіне төмендетілді. Ол бұл қызметі барысында Гурьев округінің мұнайлы өңір екенін ескеріп, ауыр өнеркәсіпті дамытуға күш салды. Балық шаруашылығын жандандырды, бұл кәсіпшілікке қазақтардың тартылуына жол ашты. Гурьевте электрстанса құрылысын салу жұмысына тікелей басшылық етті. Байлар мен орташаларды күштеп тәркілеуге, жер аударуға барынша қарсылық танытты.
1929 жылы қызметінен өз еркімен кетіп, ауыр науқастан көз жұмды.
Кешегі аптада Шардара қаласы, Өтеғұл елді мекенінде Алаш ардақтысы, қоғам қайраткері Ж.Мыңбаевтың ескерткіші орнатылып, салтанатты жиын болып өтті.
Жиын барысында Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосов, «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аталған ескерткіштің орнатылуына сеп болған бастамашыл топтың жетекшісі Әбдібай Төреев, Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар комитетінің зейнеткері Қонысбай Ақниязов, Маңғыстау мұнайшылар ұйымының құрметті ардагері Бақтығали Базарбайұлы, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының Құрметті азаматы Тайыр Дәрментаев, Ж.Мыңбаев жайлы шежіре-деректерді жинақтаушы Көптілеу Ізтұрғанұлы, зооветеринария саласының ардагері Жайғали Ережепбаев, Ақтау қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Нұрдәулет Жазубайұлы сөз алып, қоғам қайраткерінің еңбектеріне кеңінен тоқталды.
Жиын барысында осынау ескерткіштің ашылуына атсалысқан аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен бастамашыл топ жетекшісі Әбдібай Төреев «Жалау Мыңбаевтың 130 жылдығы» медалімен марапатталды.
– Ж.Мыңбаевтың саналы ғұмыры жайында, елге сіңірген еңбегі туралы тарихшыларымыз, жазушыларымыз алдағы кезеңде айта жатар. Менің ойымша мұндай іс-шаралар, белгі қоюлар біз үшін өте қажет. Өскелең ұрпақ үшін қажет, жастар үшін керек. Осы уақытқа дейін Жалау Мыңбаев сынды тарихи тұлғаның болғандығын, елге сіңірген еңбегін аға буын еміс-еміс естісе де көбісі білмей өсті. Мектепте оқытпады. Олар туралы айтылмады. Олар туралы еңбектер жазылмады. Тәуелсіздігіміздің арқасында, азаттығымыздың арқасында ақтаңдақтардың орны толып, өткенге қайта үңіліп жатқан жайымыз бар. Ұзағынан сүйіндірсін дегім келеді.
Сөз реті келіп тұрғанда осы іс-шараның ойдағыдай өһтуіне демеушілік еткен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Б.Серманизов, аудандық мәслихаттың депутаты Т.Жалғасбаев, кәсіпкер Қ.Жұмабеков, О.Тілеков, Е.Көшеров, Б.Бердібаев, Ө.Меңлібаев, М.Тілепов есімді азаматтарға арнайы алғыс айтқым келеді, – дейді бастамашыл топ жетекшісі Әбдібай Төреев.
Іс-шара соңы Ж.Мыңбаевтың құрметіне арналған спорттық жарыстарға ұласты.