Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында да білім саласына басымдық берген.
Жетісай ауданында Түркістан облысының 5 жылдығы аясында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған жаңа типтік үлгідегі білім ордасы аудандағы 74-ші мемлекеттік мектеп болып отыр.
Нысанның салтанатты ашылуына келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева Баянды ауылының тұрғындары мен ұстаздарын, оқушыларды айтулы қуаныштарымен құттықтады.
Салтанатты лента қию рәсімінен кейін қонақтар мектепті аралап көрді. Сынып бөлмелерімен, ондағы оқу құралдарымен танысты. Стандартқа сай салынған спорт залындағы волейбол, баскетбол, үстел теннисі және футбол сынды спорт түрлері бойынша оқушыларға жасалған жағдайларды көзбен көрді.
— Мектеп адамзатты тәрбиелеуші алғашқы орта. Талай-талай ғалымды да, ақынды да үлкен өмір сахнасына тәрбиелеп, қанаттандырып ұшыратын алтын ұяларыңызда тек қана жақсы білім алыңыздар! Еліміздің өркердеуіне үлес қосатын білімді ұрпақ болып қалыптасыңыздар! Болашақ сіздердікі, сондықтан, біз елімізді сенімді қолға тапсырып жатқанымызбен мақтанатын, марқаятын болайық, — деді Ермек Кенжеханұлы.
Мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мултимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, мектеп оқушыларының сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Мұнда спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы, бір мезетте 60 оқушының тамақтануына мүмкіндік жасалған асханасы да бар. Жаңа білім ғимаратының ашылғанына қуанған ауыл тұрғындары мемлекетке және осы игілікті іске күш жұмсаған барлық сала мамандарына өз алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін 3 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан «Жібек жолы» жалпы орта мектебіне қатынап оқыған Баянды елді мекенінің 511 оқушысы енді өз ауылдарындағы 300 орындық білім ұясында 2 ауысымда білім алатын болады.