Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықтың табысын арттыру, азаматтарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін айтқан болатын.
Өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Еңбек ресурстарын жетілдіру, өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарын қамтиды. Жаңа жұмыс орындарын — өндірістік кластер құру, шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау жоспарланып отыр. Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту болып отыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында. Егістік жерлердің артуы халыққа үлкен мүмкіндік екені анық.
Апта ішінде Қазығұрт ауданы бойынша астық ору науқаны бастау алып, алғашқылардың қатарында Шанақ ауыл округінде орналасқан «Ықылас» өндірістік кооперативі бұл жұмыстарға кірісті. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов науқанның жұмысын көріп, жан-жақты танысу үшін ауылдарды аралап, атаулы өндіріс кооперативіне де барды. Іссапар барысында шаруаларға сәттілік тілеп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды, соның ішінде жеңілдетілген несиелер жайлы сөз қозғады.
Қазіргі таңда егістік алқаптарында комбайндар жиналған алтын астықты қамбаға құю үстінде.
Айта кетерлігі, жалпы Қазығұрт ауданының жер көлемі 409,3 мың гектарды құраса, оның 275,3 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Соның ішінде:
— 133,6 мың га – жайылым;
— 30,9 мың га – шабындық;
— 100,9 мың га – егістік;
— 7,8 мың га – өзге жерлер.
Осы 275,3 мың гектардың 100,9 мың гектары егістік және 13,5 мың гектары суармалы жерлер.
Жалпы 100,9 мың га егістік алқаптан ағымдағы жылы 88 мың гектары игеріліп, қалған 12,9 мың гектары егістік алқап агротехнологияға сәйкес, жер құнарлығын арттыру мақсатында сүдігерге жер жыртылып пар күйінде сақталып тұр.
Игерілген 88 мың гектардың 48 мың гектары астық болып табылады, оның 43,8 мың га бидай, 4,6 мың га арпа, 303 га дәндік жүгері, 31 га бұршақты дақылдар, 8 мың га мақсары, 237 га күнбағыс, 252,7 га картоп, 517,1 га көкөніс, 74,5 га бақша және 30,2 мың га жоңышқа дақылы жайғастырылған.
2023 жылғы өнімі үшін көктемгі дала жұмыстарына 3 725 тонна жанар жағар май белгіленіп, өтінім берген шаруашылықтардың барлығына қажетті көлемде жеңілдетілген жанармаймен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан көктемгі дала жұмыстары үшін 8 шаруашылық 73,0 млн. теңге 5 пайыздық несие алуға қол жеткізді.
Өнімділікке қол жеткізудің бірден-бір жолы тұқым шаруашылығын дамыту десек, Шарбұлақ ауыл округінде ауданда тұқым дайындаумен айналысатын «Сапа-2002» ЖШС бар. Ағымдағы жылы 1 000 тн масақты дақылдар тұқымы, 180 тн мақсары және 45 тн жоңышқа тұқымы өндіріліп, аудан шаруалары толық тұқыммен қамтамасыз етілді.