Қайырымдылық — қадірлі іс, ерекше ұғым, адами қасиеттердің ең қадірлісі, ізгіліктің көрінісі. Адам ұрпағына жастайынан қайырымды болуды қанына дарытып, бойына сіңіріп өсіруі қажет. Сонда ғана балаларымыз тасбауырлықтан арылып, мейірімділік жолында талай ізгі істердің ұйытқысы болып жүреді. Осындай қайырымды істің үлгісін Түлкібас поселкесі Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің 2003 жылғы түлектері көрсетті.
Биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толып отырған 1985-1986ж. туған азаматтары 4 ұл- қызды тәрбиелеп отырған , жалдамалы пәтерді паналаған жалғызбасты анаға 14 соттық жері бар үй алып берді.Әдемі үйді заманауи жиһазымен толықтырып табыстаған қайырымды істің көшбасшыларына бүкіл ел болып алғыс айтып, бата берді. Жаңа баспанаға ие болған Альбина Сыдықова өзінің және ұл -қыздары Арсен, Айзере, Айсұлтан, Айдынның атынан алғыс айтып, ерекше қуанышымен бөлісті.
Мектеп түлектерінің бұл игі ісіне сол кездегі мектеп директоры Сапарбек Тоғысбаев, сынып жетекшілері Зинагүл Тоқбаева, Жұмағали Рахашов, Айғаным Қосанова , Ақбөпе Сейдалиева және пән мұғалімдері ризашылығын білдірді. Сонымен бірге түлектер мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Жұмағали Исаев пен спорт мектебінің жаттықтырушысы Мейрамбек Шәріпке спортшы балалардың формасы мен добына арналған қаржылай көмек берді.
Мектеп түлектері Қыдырбай ата мешітіне келіп, бақилық болған ұстаздары мен сыныптастарына арнап Құран оқытып, ас берді. Шара соңында 2003 ж. мектеп түлектері эстафетаны 2004ж. түлектерге табыстады.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын көрерсің» дегендей, қайырлы істің ұршығын иірген халқымыздың қанына сіңген игі қасиеттерінің сауабы мол болсын.Түлкібас кентінде алғаш болып бастау алған түлектердің тартуы дәстүрлі шараға айналады деп сенім білдіреміз.
А.МӘМЕТ