«Ауыл аманаты» жобасының VI бағыты аясында тұрғындардың өз кәсібін ашу бағытын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне насихаттау жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған жұмысшы топ өкілдері Жетісай ауданының тұрғындарымен кездесті.
Аталмыш жиынға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ директоры Сапаралы Құрбанов, «Ырыс» МҚҰ өкілі Бердалы Өтепов пен Ж.Ералиев, Мақталы, Қарақай және Қазыбек би ауылдық округінен тұрғындар қатысты.
Басқосу барысында жұмысшы топ мүшелері тарапынан Түркістан облысы тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен жыл басында 11 млрд теңге, қосымша тағы 8,7 млрд теңге қаржы бөлінгендігін, сол арқылы 4 000 бірлікке жуық жобаға 2,5 пайыздық несиемен қолдау көрсетілетіндігін, жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілетіндігін айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар, жиында аталмыш бағдарламаның VI бағыты бойынша кәсіп ашуға ниет білдірген тұрғындарға 2,5 пайызбен 5 жылға 1 жылдық демалысымен 8 625 000 теңге қаржылай көмек көрсетіліп, бағыт-бағдар берілетіндігін, азаматтар тауар өндіру, өңдеу және қайта өңдеуге бағытталған кәсіпорын ашу және дамыту, қызмет көрсету саласында жеке кәсібін дамыту бағыттарын таңдай алатындығы айтылды.
Жиынға қатысушыларға «Ауыл Аманаты» жобасының іске асырылуымен қатар тұт ағашының қолдан өсірілетін (асыранды) құртынан және жабайы емен құртынан алынатын өндірістік жібек өндіру жолдары да түсіндірілді.
Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Өндірілген өнімнің келісін көршілес Өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейін сатып алатындықтарын айтады.
Мамандардың пікірінше асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді. Көп еңбекті қажет ететіндіктен, бағасы да қымбат. Сондықтан, жасанды жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі. Жалғыз пілләдан алынған талшық тым жіңішке болатындықтан, тікелей өндірісте қолданылмай, тек жібек қасиетін зерттеу үшін пайдаланылады. Жібектің механикалық қасиеттері жоғары, әрі жақсы диэлектрик, 120 – 130°С ыстыққа төтеп береді, тек 160 – 170°С-та ғана ыдырай бастайды.
«Табиғи жібек талшықтарынан тоқылған маталарды адамдар ерте замандарда-ақ жоғары бағалаған. Қытайдан шығарылатын жібек маталар Ұлы Жібек жолы арқылы дүние жүзінің басқа аймақтарына таралып, саудагерлерге мол табыс әкелген. Жібек құртын өндіру Түркістан, Жамбыл облыстарының кейбір аудандарында, Қытай, Жапония, Үндістан елдерінде тиімді болғандықтан біз де қызығушылық танытып отырмыз» дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Фаритұлы.