Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады.
Түркістан облысына 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға Түркістан облысына республикалық бюджеттен 11,0 млрд. теңге несие қаражаты бөлінген болатын. Енді өңірге қосымша 8,7 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Енді соған сәйкес 16 ауданнан анықталған 32 ауылдық округке қосымша әр аумақтан 2 ауылдық округтен қосу жоспарлануда. Бұл мақсат биыл шілде айынан бастап жүзеге асып, өңір бойынша жалпы 64 ауылдық округ қамтылады. Осы мәселені талқылау мақсатында салаға жауапты басшылар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары жиын өткізді. Мәжілісті Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарлмасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаев және «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев жүргізіп отырды.
Несиелерді қаржыландыру бойынша 6 бағыт іріктелді. Олар:
➢ Өсімдік шаруашылығын дамыту;
➢ Мал шаруашылығын дамыту;
➢ Құс шаруашылығын дамыту;
➢ Балық шаруашылығын дамыту;
➢ Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау;
➢ Тұрғындардың өз кәсібін ашу.
Жобаны тиімді жүргізу үшін өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық беріледі. Үміткерлер қатысатын ауылдық округтерде 44 кооператив бекітіліп, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Қазіргі таңда, несие қаржысын таратушы әрі сенім білдірген өкіл ретінде «Түркістан ӘКК» АҚ тиісті шараларды атқаруда.
Еске салсақ, облыстық барлық ауылдық округтерінде скринингтер жасалып, тұрғындар сауалнамаға қатысты. Жалпы жоба аясында 2200 (орта несие қаражаты көлемі 5,0 млн. теңге) бірлікке жуық микрокредиттер беріледі. Нәтижесінде бағдарлама аясында 2 300 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы санын төмендету көзделген.
Қазіргі таңда пилоттық жобаға қатысатын қосымша екі ауылды аудан әкімімен бекітіп, салалық басқарма мен «Түркістан ӘКК» және «Ырыс» МҚҰ өкілдерімен алдын ала жоспарланған жобаларды келісу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімнің орынбасарлары таңдалған ауылдық округтер бойынша толық талдау нәтижелерін, ұсынылатын басым бағыттарын, әлеуетті несие алушылар саны, ауылдық округ тұрғындарының бейім кәсіптері туралы толыққанды мәлімет ұсынды. Жиын қорытындысында аудан әкімдіктері ұсынған ауылдық округтер пилоттық жобаға қосымша қатысатын болып келісілді.
Айта кетейік, 18 сәуірден бастап несие құжаттар қабылдау басталып, бүгінге дейін 847 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 459 өтінімнің 2,8 млрд. теңгелік құжаттары қаралу сатысында болса, несие комитетімен 1,1 млрд. теңгенің 248 құжаты мақұлданды.