Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өтті.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеді.
– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда.
2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 833 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылған, пайыздық көрсеткіші 55,8. Яғни, 1 млн. 538 мың тұрғын немесе тұрғындардың 76,8 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген.
Өңірде 2023 жылы 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 70 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 31 нысан 2024 жылға өтпелі. Қалған қолдау таппаған нысандар 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетті қалыптастыруға ұсынылған.
Мәжілісте Ордабасы, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Сайрам аудандарындағы газ саласы бойынша өзекті мәселелері талқыланды. Оның 2018-2021 жылдары аралығында құрылысы аяқталып, газға қосылмаған нысандардың мәселелері де қаралды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өңірлік филиалы басшылығының деректері де тыңдалды.
Әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі. Жұмыстар нәтижесінде бір жылда облыстағы елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткішін 62,7 %-ға, яғни, 465-тен 521-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі