Дәстүрлі энерго ресурстарға арқа сүйеген Қазақстанда қазір «жасыл экономиканы» дамыту маңызды мәселеге айналып отыр. Сол себепті көптеген сарапшылар «жасыл экономиканың» мәні мен мазмұнын түсіндіруге жан-жақты күш салуда. Қазақ жерінде жаңғырмалы қуат көздерін дамытуға лайықты мүмкіндіктер өте көп. Осы мүмкіндіктер біздің «жасыл экономика» құруға негіз болады деп нық сеніммен айтуға бола ма? Бүгін осы мәселе төңірегінде ой қозғауды жөн көріп отырмыз. Бұл ретте «Қала мен Дала» газетінің бірқатар сұрақтарына білікті эколог маман Жұман Еркінбаев жауап беріп, «жасыл экономикаға» қатысты көкейде жүрген біраз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды басылымға сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Декорбанизация бізді айналып өтпейді
«Жасыл экономикаға» өту, дәстүрлі қуат көздері – көмір, мұнай, газдан біртіндеп бас тартуды дамыған Батыс елдері баяғыда бастап кетті. Осы ретте «алыстағы Еуроодақ елдері «жасыл экономикасын» дамыта берсін, біздің бұған қатысымыз жоқ» деп неге тыныш отыруымызға бола ма? Көмір мен мұнайымызды қалауымызша тұтынып, өзімізге қажетті электр қуатын өндіруге болады.
Бірақ қазіргі Қазақстан ғаламдық экономиканың бір пұшпағы екенін біздер ешқашан естен шығармауымыз керек. Елімізде өндірілген мұнайдың басым бөлігін Батыс елдеріне экспорттап, экономикамызды дамытып келеміз. Демек, Батыс елдері бет бұрған үрдістер бізге де жат болмауы тиіс.
Таяу болашақта Қазақстаннан қара алтынды экспорттап отырған Еуроодақ елдері сырттан экспортталатын энерго ресурстарды өндіру барысында экспорттаушы елдердің көмір жағып өндірілген электр қуатын қаншалықты пайдаланғанын есепке алып, мұнай-газ экспорттаушы елдерге қомақты экологиялық төлем төлеткізуді көздеп отыр.
Мұндайда біздер Еуроодақтың декорбанизация саясаты бізді айналып өтпейтінін түсінуіміз керек.
Батыс елдеріне қомақты экологиялық төлем төлегіміз келмесе, бізде елімізде «жасыл экономиканы» дамытып, жаңғырмалы қуат көздерін электр қуатын өндіруді шындап қолға алуға тиіспіз.
Бүгінде біздің атқарушы билік осы мәселені жете түсініп отыр. Сол себепті Үкімет елімізде «жасыл экономиканы» дамытуға баса мән беріп отыр. Бірақ еліміздегі азаматтар «жасыл экономиканың» маңызын жетік түсініп отыр деп айтсақ артық айтқандық болар еді.
«Жасыл экономика» адамзат дамуының жаңа кезеңі
Экономикалық саясатты зерттеу институтының директоры Алмаз Исанов «жасыл экономиканы» халыққа жаңаша ойлау мен өмір сүрудің тренді деп түсіндіру керек екенін алға тартты. Егер әрбір адам айналасын таза ұстап, экологияға залал келтірмес, мұндай азаматтарды «жасыл экономика» қағидаты бойынша өмір сүретін адам деп атауға толық негіз бар. Осылайша, «жасыл экономиканы» ел азаматтардың бойында азаматтық позицияны қалыптастыратын тамаша құралға айналдыруға болады.
– Бүгінде «жасыл экономика» Батыс елдерінде тұрақты экономикалық дамудың ажырамас бөлігіне айналып отыр. Яғни, экономикасы тұрақты дамып келе жатқан елдер «жасыл экономиканы» дамыту мүмкіндігіне ие болып отыр. Осыған дейін экономикасы дамыған елдердің күш-қуаты ЖІӨ көрсеткіші және халықтың тұтынушылық қабілетімен өлшеніп келді. Ал «жасыл экономика» дами бастағалы бері мүлде басқа көрсеткіш-өлшемдер пайда болуда. Қазіргі таңда Еуроодақ пен АҚШ азаматтары «жасыл экономика» адамзат дамуының жаңа кезеңі екенін түсініп, бұл бағыттағы қолға алынған іс-шараларға қолдау көрсетіп жатыр.
Бүгінде адамдардың үлкен қалаларда жайлы, табиғатпен етене өмір сүргісі келеді. Бұған «жасыл экономиканы» дамытып қана қол жеткізуге болады. Осылайша, Батыс елдері үшін «жасыл экономика» жайлы өмір сүрудің қайнар көзіне айналып отыр. Бұл үрдіс біздің елді де айналып өтпейтіні анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны басшылыққа алып, еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту ісін әрбір Жолдауында көтеріп, Үкіметке үлкен міндет жүктеп келеді. Өз басым бұл бағыттағы жұмыстарды толықтай қолдаймын, – дейді Алмаз Исанов.
Ұлттық жоба қалай іске асуда?
Қазақстанда «жасыл экономиканы» дамытуға негіз болатын мүмкіндіктердің бар екенін әңгіме басында айттық. Сол сияқты еліміздегі экологиялық мәселелер де Қазақстанда «жасыл экономиканы» дамытуға қозғаушы күш болып отырғанын естен шығармауымыз керек. Қазіргі таңда өндірісі өркендеген аймақтарда ауаның ластануы жоғары деңгейде екені жасырын емес. Демек, біздің елімізде де «жасыл экономиканы» дамытып, ірі қалалардағы экологиялық ахуалды реттеудің кезі келіп тұрғанын байқауға болады.
Бұл ретте «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы қабылданып, өндіріс орындарының қоршаған ортаға шығаратын улы заттарды кеміту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын атап айтуымызға болады.
Үкімет еліміздің 11 қаласындағы ірі 16 өндіріс ошағында қоршаған ортағы шығаратын улы заттарды шығаруын айтарлықтай кемітуді қолға алғанына екі жылға таяп қалды. Алғашқы нәтижелері көңіл қуантады.
Айталық, 2021 жылы еліміз бойынша өндіріс орындарының ауаға шығаратын зиянды қалдықтарын 803,8 мың тоннаға дейін азайтуды көздеген еді. Бірақ өткен жылы ауаға шығарылатын улы заттарды 655 мың тоннаға дейін кеміту мүмкін болған. Ал биылғы жоспар бойынша ауаға тарайтын улы заттарды 755 мың тоннаға дейін кеміту көзделген.
Сол сияқты «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өндірістік қалдықтарды утилизация жасау ісіне де баса мән берілгенін айта кетуіміз керек.
Өткен жылы өндірістік қалдықтарды 20 пайызға дейін утилизациялау көзделген еді. Жұмыс барысында өндірістік қалдықтарды жою ісі 21,1 пайызға артығымен орындалған. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарды 24 пайызға дейін орындау жоспарланып отыр. Ал үстіміздегі жылдың алты айында өндірістік қалдықтарды жою ісі 23 пайызға дейін орындалғанын есепке алсақ, жыл аяғына дейін бұл бағыт бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізетін мүмкіндік бар. Осылайша, еліміз «жасыл экономика» құруға шындап кіріскенін нақты іспен көрсетуде.
«Жасыл экономиканың» мамандарын дайындауымыз керек
Жұман Еркінбаев, Эколог маман:
– «Жасыл экономика» еліміздегі экологиялық мәселелерді ауыздықтауға айтарлықтай ықпал етуде. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға жүрдім-бардым қарауға болмайды. Үлкен қалаларда ауаның ластануын болдырмау, тазалық сақтау «жасыл экономиканы» құрудағы маңызды қадам деп есептеймін.
«Жасыл экономика» деген не деген сауалға өз басым технология деп жауап беремін. Еліміздегі өндіріс орындарының ауаға шығаратын улы заттарды кеміту, жел мен күннен қуат көзін өндіру мұның бәрі технология. Сондықтан біздер жаңа технологияларды игеруге барынша күш салуымыз керек.
Егер біздер өз елімізде «жасыл экономиканы» дамытуды алдымызға мақсат етіп қоятын болсақ, бірінші кезекте бағыт-бағдарымызды анықтап алуымыз керек. Ол жаңғырмалы энергия көздерін дамыту, жасыл ауыл шаруашылығы болуы мүмкін дейік. Өйткені Қазақстанда осы бағытта «жасыл экономиканы» дамытудың барлық алғышарттары бар.
Бұдан кейін осы бағыттағы жаңа технологиялардың тілін білетін мамандарды көптеп даярлауымыз керек. Бүгінде біздер еліміздің бірқатар аймағында жел электр стансаларын салдық. Сол стансалардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін мамандар дайындау ісіне де баса мән беруіміз керек.
Шетелден технологияны әкелген дұрыс. Ал технологияның тілін білетін мамандарды өзіміз дайындауымыз қажет. Бұдан кейін сол қондырғыларды құрастырып шығаратын инженер-конструктор мамандар да өзімізде болуы тиіс. Егер елімізде «жасыл экономиканы» алға сүйрейтін мамандар шоғырын қалыптастырсақ, бұл бағыттағы жұмстарымыздың жемісті болатыны сөзсіз.