Аттың жалында, түйенің қомында көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені ауыл екені анық. Ауыл — ұлтымыздың ұйтқысы.
Ордабасы ауданы Бөген ауылының өскелең жастары өте ұйымшыл және белсенділік жағынан алда тұр.
Ауылда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек беріп, мүмкіндігінше қолынан іс келетін жандарға кәсіпке қажетті құрал-жабдықтарын алып беріп, жағдайын дұрыстауды мақсат еткен.
Одан бөлек ауыл ішілік бірқатар жұмыстарды ауыл әкімшілігімен бірлесе жасап келеді.
Қазіргі таңда ауылда кәсібін бастау үшін қолдау қажет ететін 10 шақты азамат бар. Соның бірі мүгедектігі бар Диана Тоймырзақызы. Кәсіптенуге ниетті азамат тігін тігу шеберлік дәрісін оқыса да мемлекеттен беріліп жатқан грантты алуға мүмкіндік болмаған екен.
Бүгінде Диана қызға ауылдың белсенді жастарының демеушілігімен тігін машинасы сыйға тартылды. Яғни, бір кәсіпкер өз жұмысын бастады деген сөз.
Бұдан бөлек ауыл дүкендері арақ-шарап сатудан бас тартып, жастары иман жолына бет бұрып, ішімдік атаулыны пайдаланбайтын болған.
Алдыңғы буын ағалардың салған жолына түскен ауыл жастары да қазіргі кезде тәртіп пен татулықты қолдайды.
Нәтижесінде, ауылда кейінгі үш жылда ешқандай тәртіп бұзушылық тіркелмеген. Қайта қолда барын бір-біріне бөліп беріп, берекелі күн кешіп жатқан ауыл азаматтары алдағы уақытта да талай игі істерді жүзеге асырмақ ниетте.
«Жақсы ұл – елдің туы», деп дана халқымыз айтқандай ел ертеңін ойлайтын ауыл азаматтарының игілікті ісі көпке үлгі бола берсін.