Ордабасы ауданы, Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылында жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті. Рухани, тағылымдық іс-шараға аудан әкімі Бағлан Батыршаев, ішкі істер органдарының генаралы, ардагер Сатбай Жұмабаев, ұстаз Бегайдар Әміре қажы арнайы келіп құттықтап, мешіт ғимаратын тұрғызған ел азаматтарына алғыстарын айтты.
Ізгілік пен имандылық үйінің салтанатты ашылу рәсіміне ауыл тұрғындарымен қатар, алыс-жақыннан келген спорт, өнер жұлдыздары да қатысып, имандылыққа ұйытқы болатын, ел ішіндегі бірлік пен татулықтың ордасы мешіт ісіне береке тіледі.
«Құрметті мұсылман қауым, қадірменді жерлестер! Қасиетті Рамазан айы қарсаңында жаңадан салынған мешіт ғимараты құтты, берекелі болсын! Әсем сарай ел игілігіне қызмет етсін. Ауыл тұрғындарды осы рухани орталық ішінде халықтың мәселесін айтып, дуалы ауыз қарияларымыз елді береке-бірлікке шақыра түссін». – деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Атымтай жомарт Шайхыбастан қажы Бөбейұлы әулетінің демеушілігімен салынған рухани орталық 500 адамға лайықталған. Ауданаралық автожол жағасында бой көтерген жаңа ғимараттың сәулеттік келбеті де ұлттық нақыштармен безендірілген.
Бүгінде Қараспан ауылдық округінің өзінде 9 мешіт болса аталған рухани нысан 10-шы болып тіркеліп отыр.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.