Облыстың барлық ауданы секілді Ордабасы ауданында да медицина саласы облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзыретіне өткен. Осы дұрыс па? Зерделеп қарайықшы. Облыстық басқарма барлық аудандағы медицина саласы қызметкерлерінің жұмысын үйлестіре ала ма? Бұдан басқа дәрігерлер де емханаға қаралатындар да, ем алушылар да осы ауданның азаматтары.
Ана мен бала өліміне кім жауапты? Мына әлемді жайлаған коронавирус індеті кезінде аудан тұрғындарын уақытында екпе алуға жұмылдырып, қадағалаған кімдер? Әрине ауылдардағы жергілікті әкімдік қызметкерлері мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері. Солардың жүйелі әрі тынымсыз жұмыстары арқылы облыс қызыл аймаққа көп тұрақтамады. Ал, індет өршісе, жауап беретін аудан әкімдері!
Тағы бір мәселе: Жедел жәрдем қызметі.
«103»-ке қоңырау шаласыз. Түркістан қаласындағы орталық тыңдайды. Мән-жайды түсіндірген соң олар ауданға қоңыраулартады. Бұдан уақыттан ұтыламыз. Ауданға шеттегі ауылдарға жедел жәрдемшілер жеткенше не болатынын көзге елестете беріңіз.
Көлік болған соң бұзылмай тұрмайды. Көліктің бір темірі үшін тағы да Түркістанға сапарлау керек. Жұмысыңыз бара салып тынса мақұл ғой…
Қорыта айтқанда медицина саласын бөліп тастадық. Одан не ұттық деген ой тұрғындарды жиі мазалайды. Бұрынғы жүйе дұрыс, әрі тиімді еді. Медицина саласын аудан әкімінің құзыретіне қайта берген жөн-ау деген ойдамын. Сіздің пікіріңіз қалай?
Ғалымжан ЗИЯБЕК,
Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты.