Жасыратыны жоқ, кейде өзіміздің ет пен сүйектен жаралған пенде екенімізді ұмытып кетеміз. Денсаулығымыз сыр беріп, мазасызданғанда ғана дәрігерлердің көмегіне жүгініп, жанымызды қоярға жер таппай қиналамыз. Жаны қиналған адам кінәмшіл болады, кейде дәрігерлердің жақсы қарамайтынын айтып, жаңсақ сөйлеп жататыны да рас.
Жасым алпыстан асқанға дейін ауруханаға жұмысым түскен емес. Сол себепті шығар, медицина саласының қызметкерлеріне қатысты айтылып жататын кейбір жағымсыз мағынадағы әңгімелерге сенетін едім. Жиі айтыла берген соң адамның көзқарасы да солай қалыптасып, жаның қиналып тұрса да емханаға баруға құлқың болмайды. Ал, батпандап кірген ауру күн өткен сайын асқынып, жүріп-тұруға мұршаң болмай қалған кезде ғана емделуге мәжбүр боласың. Осындай салғырттықтың салдарынан өткен жылы көктемде қан қысымым көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шықтым. Ондағы ақ халатты абзал жандардың дер кезінде жасаған ем-домынан кейін ептеп аяғыма тұрдым. Бүгінде біршама тәуірмін, дегенмен ауру белгілері біліне бастағанда келгенімде бұдан да жақсы болар ма еді деген ой келеді. Бұрын сыртынан айтылған сыпсың сөзге еріп, жаратпай қарайтын дәрігерлер мен мейірбикелер ең жақын адамдарыма айналды. Бірі қан қысымымды өлшеп, бірі дер кезінде ем қабылдауымды қадағалап, тағы бірі өзінің жылы сөзімен жаныма шипа дарытып жүретін оларды жақсы көрмеу мүмкін емес. Қасыңда құрақ ұшып қызмет етіп жүрген абзал жандардың ізгі ниетіне қарап, медицина саласының қызметкерлеріне қатысты бұрынғы қалыптасқан көзқарасым мен орынсыз ойларымнан ұяламын. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, бірде өзім ем қабылдайтын медицина орталығының басшысы Гүлзамира Алиқұловаға әзілдеп осыны айтқан едім, сенесіз бе, нағыз дәрігерге тән жауабымен тағы да таң қалдырғаны бар. «Демек сізде сенім пайда болды, ал, сенімі кәміл науқасқа шипа да жақсы қонады». Сенім демекші, мұнда алғаш келген кезде-ақ қызметкерлерінің соншалықты мейірімді, елгезек екенін көріп таң қалғам. Бойынан биязылық есіп тұратын дәрігерлер мен мейірбикелердің бұл «қылығы», алғашқыда бір түрлі көрінгені де рас. Өзіміз ұзақ жыл трактор жүргізіп, арсың-гүрсің мінезді кәсіп иелерінің арасында көп жүргендіктен болар, аяғын еппен басатын ақ халаттылар «ауылын» тосырқай қабылдадық. Өзімізді осылайша бөтен сезінуімізге, бәлкім, олар туралы айтылатын кейбір келеңсіз пікірлердің де әсері болған шығар…
Тағы бірде Гүлзамира қарындасымыз қарамағында жұмыс істейтін кіші қызметкерлерді көтермелеп сөйлеп, әрбір әрекетіне жеке тоқталып жатты. Дәліздегі біздер өз мейірбикелерімізді мақтап жатқанына мәз болып қалдық. Шынында да, үйге келіп жағдайымды сұрап тұратын Шахида Еркебайқызын өзімнің қызымдай көретінім рас. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Серікұлы, Дәурен Садықов, Мөлдір Шыңғысбек, Шерия Мұстафа, Бегім Оспаналыұлы, Ағабек, Илъяс, Арайлым, Азат және Жадыра есімді дәрігерлер мен мейірбикелер де өздерінің жылы қарым-қатынасы арқылы жүрегіміздің төрінен орын алғаны жасырын емес. Қашан барсақ та қызмет етуге дайын тұратын Дана қызымыз көрінбей кетіп еді, басқа жақа ауысып кеткен екен.
Шұбарсу ауылында халық тығыз орналасқандықтан мұнда емделушілер де аз емес. Саннан сапа туатынын ескерсек, түрлі емдеу мекемелерінің салынып жатқаны да құптарлық. Ашылғанына биыл алты жыл толатын «Шұбарсу медикал орталығы» бүгінде отыз мыңға жуық адамға тұрақты қызмет етеді. Демек осынша адамның көңілінен шыққаны ғой. Соның бірі ретінде өзімнің міндетім – дер кезінде ем алып, салауаттылықты ұстану екенін ұғынып отырмын. Ал, мақтаулы «медикалдықтар» халыққа сапалы қызмет етуді өздерінің міндеті санайды. Міне, осылайша әркім өз міндетін білсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, қоғамда дені сау ұрпақ көптеп қалыптасатыны да рас.
Нұрыла МЫРЗАХМЕТОВ,
Шұбарсу ауылы.