Қазір қоғамда АЭС салу жайлы сан алуан пікір бар. Бұл ретте, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев АЭС-ті көптеп салу мықты мемлекеттердің маңызды стратегиялық басымдықтарының біріне айналғанын алға тартып отыр. Төменде халық қалаулысының осы мәселеге қатысты мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Бүгінде 50 штаты, 400 миллиондай халқы бар АҚШ-та 94 АЭС жұмыс істеп тұр. Олар 1967-1990 жылдар аралығында салынған. 2021 жылдан бері Америкада тағы екі АЭС бой көтеріп келеді.
Бұрынғы технологиямен салынған электр стансаларының шығыны көп, тиімділігі аз болғандықтан, әлем жұртшылығы жаңа технологиямен АЭС салуға бетбұрыс жасауда. Дүние жүзінде 450-ге жуық АЭС бар. Ал, Қазақстанның ресурстық байлығы рекордтық көрсеткішке жетсе де, бірде-бір АЭС-тің болмауы еліміздің әлемдік өркениеттен көш кейін қалып кеткендігін көрсетеді. Тірлікке тиянақты мемлекеттер мүмкіндіктерінің аз екендігіне қарамастан зор нәтижелерге қол жеткізуде. Сондықтан да елдің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бізге де АЭС салатын уақыт жетті.
АЭС оп-оңай салына салмайды. Яғни мұндай жобаны жүзеге асыру еріккеннің ермегі емес. Оны қауіпсіз әрі тиімді етіп салуды талап ететін әрі бақылайтын МАГАТЭ ұйымы қауіпсіздік нормалары мен өзге де техникалық жарияланымдар әзірлейді.
Атом энергиясы экологиялық тазалығымен, жоғары қуаттылығымен және жоғары тиімділігімен энергия өндірудің ең оңтайлы нұсқасын ұсынады. Себебі, жылу электр стансаларымен салыстырғанда атом электр стансалары отын шығынын үнемдейді, қоршаған ортаны түтінмен, күлмен немесе құрамында мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты зиянды заттармен ластамайды, табиғатқа көмір сияқты залал келтірмейді. Бұл, әсіресе, отын-энергетикалық ресурстары кем және қазба отын өндіру құны тым қымбат өңірлер үшін пайдалы болмақ.
Белгілі болғандай, қазір еліміздегі 222 электр стансасы қуаттылығы 24,6 ГВт энергия өндіреді. Ал, тұтынушылық коэффициенті 112,9 млрд. кВт құрап отыр. Оның үстіне электр стансаларының 57 пайызы тозып тұр. Келешекте электр энергиясына тұтынушылық сұранысы сағатына 152,4 млрд. кВт-қа жетпек.
Ол кезде бізге қуаттылығы 26,5 ГВт энергия өндірісі керек болады. Бізге АЭС дәл бүгінгі және болашақ қажеттілікті қамтамасыз ету үшін қажет. Өйткені адам саны мен бизнес нысандары көбейген сайын тұтынушылық сұраныс та арта береді. АЭС өзге көздерге қарағанда баламасы жоқ энергия өндіруші болып табылады. Алпауыт мемлекеттер АЭС-ке сенім артып отыр. Себебі соңғы 50 жылда атом электр стансаларында энергия өндірудің арқасында көміртекті шығарындылар айтарлықтай азайған. АҚШ-та – 95, Франция мен Қытайда – 56, Ресейде – 36, Оңтүстік Кореяда – 26, Жапонияда 12 АЭС жұмыс істеп тұрса, одан бөлек тағы 60 АЭС салынуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр атом энергетикасын дамыту басты экономикалық және саяси аспектіге айналғанын айтқан еді. Жуырда АЭС құрылысы жалпыұлттық референдум талқысына шығарылатын болды.
Бұл – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудағы ұстанымының дәлелі. МАГАТЭ ұйымы Қазақстанның атом электр стансасын салуға дайындығын растады. АЭС салынса жаңа жұмыс орындары ашылады. Отандық уран қоры ел игілігіне пайдаланылады. Тұтынушылар үшін тұрақты тариф бекітуге ұзақ мерзімді мүмкіндік тудырады. АЭС салып, оның игілігін көріп жатқан елдерге қарап көз тояды. Сол сияқты еліміздің де энергетикалық еркіндікке жетуі импорттық шығынды азайтып, табысқа кенелуге жол ашады. Қазір бір қиырда отырған малшылар автономды жарық стансаларын орнатып жатыр. Есесіне энергия тұрғысынан кісіге кіріптарлықтан арылған. Тура сол сияқты уранға бай қазақ даласында да энергетикалық тәуелсіздік керек боп тұр. Мұны отандық және шетелдік сарапшылар да бұрыннан айтып келеді.
Жер бетінде 415 ядролық реактор жұмыс істейді. Оның 74 пайызы – қысым астындағы жеңіл су реакторлары. Бұл реакторлар бірде-бір апатқа ұшырамағандықтан, сенімді энергия көзі саналады.
Сол себепті елімізде де АЭС-тің осындай түрін салу көзделген. Көпшіліктің көкейіне күмән ұялататыны Фукусима және Чернобыльде орын алған апаттар. Ол өткен шақтың сынағы мен сабағы. Одан беріде ғалымдар тынбай, талмай ізденіп, атомның тиімді әрі қауіпсіз тәсілдерінің сан түрін тапты. Оның ең заманауи үлгісі әлгінде айтқан қысым астындағы жеңіл су реакторлары. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік қазіргі реакторлардың қауіпсіздік деңгейлерінің адам қасақана апат жасауға әрекет етсе де, қауіпсіздік жүйелері оған жол берілмейтіндей етіп жасалғанына көз жеткізген. Сондықтан да МАГАТЭ АЭС салатын елдерге рұқсат беріп және оларды қатаң қадағалауда. Адам демекші, Чернобыль мен Фукусимада апат адами фактордың салдарынан да орын алған. Ал, қазір адамның орнын автоматика басып жатқанда, заманауи технологиялар ондай қателіктерге жол бермейді.
Елімізде атом энергетикасы мамандарын даярлайтын арнайы оқу орны мен бұл іспен арнайы айналысатын құрылым, тіпті, мектептерде атомдық физикаға қызықтырып қана қоймай, тереңдетіп оқытатын сыныптар ашу қажет. АЭС-терді неғұрлым тиімді әрі қауіпсіз ету талабы күшейтілген сайын, сала мамандарынан үздіксіз ізденіс пен біліктілік те талап етіледі.
Сондықтан мамандар даярлау мәселесіне Қытай мемлекеті сияқты жастарды бала күнінен тәрбиелеуге көңіл бөлу қажет. Сонда Фукусима қирап қалса да, атомдық энергетикадан бас тартпайтын жапондар сияқты сүйіспеншілік пен жауапкершілік қалыптасады. АЭС-тің экологиялық, экономикалық, технологиялық, әлеуметтік, геосаяси артықшылықтары мен мүмкіндіктері мол. Атом энергетикасының дамуы еліміздің атомдық энергетика ғылымы, техникасы мен энергетикасы саласында әлемдік ынтымақтастықта жаңа мүмкіндіктерін ашып, беделін арттыра түседі. АЭС салуға қатысты қоғам пікірі екіге жарылса да, жақсылықтан үміт үзбеу керек. Жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқын дұрыс таңдау жасап, Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға шақырамыз.