Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында экономикалық және саяси мәселеге айналған атом энергетикасын дамыту тақырыбын қозғағаны белгілі. Себебі жыл өткен сайын елде энергия тапшылығы сезілуде, электр желілері тозды. Оның үстіне бүгінгі таңда елімізде жаңадан бірнеше облыс құрылды, көптеген кәсіпорындар мен шаруашылықтар ашылып жатыр. Демек, электр энергиясына деген сұраныс бұрынғыдан да арта түседі деген сөз. Ал, әдеттегідей көмір жағып энергия өндірудің шығыны да мол, табиғи зардабы да орасан. 1,4 млн. тонна уран қорына ие мемлекетіміз үшін аталған мәселені атом электр стансасын салу арқылы шешу тиімді болуы мүмкін. Алайда, АЭС салу қазір түбегейлі қабылданып қойған шешім емес. Президент бұл мәселе биыл күзде жалпыхалықтық референдум арқылы қорытындыланатынын айтты. Осыған орай қазір қоғамда АЭС құрылысы жобасы жиі талқыланып жатыр.
Референдумда дауыс беру үшін қарапайым халық бұл жобаның елімізге қаншалықты тиімді екендігін, оның қоршаған ортаға төндірер қауіп-қатері қандай болатындығын білуі тиіс. Сондықтан атом электр стансасын салу жобасы талқыға түскен басқосуда Энергетика министрлігінің, «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС-інің, Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық физика институтының өкілдері АЭС құрылысына байланысты заманауи технологиялар, Қазақстанның бейбіт атомды дамыту тәжірибесі, отандық институттардың осы саладағы ғылыми зерттеулері мен тұжырымдары таныстырылда.
Басқосуда белгілі болғанындай, қазіргі бар проблема энергия тапшылығынан туындайды. Кеңес Одағы кезінде салынған Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС-і сияқты ірі кешендер көмірмен жұмыс істеп тұр, әбден ескірген, олардан атмосфераны ластайтын заттар көп бөлінуде.
Жылу-электр стансаларынан қоршаған ортаға тарайтын ластаушы заттар да аз емес. Мәселен, 1 ГВТ энергия өндіру үшін жылу-электр стансаларынан ауаға 7-120 мың тонна аралығында күкірт тотығы, 2-20 мың тонна азот тотығы, 700-1500 тонна майда күл, 3-7 млн. тонна көмірқышқыл газы, 300 мың тоннадан астам күл шығады. Ал, жылына шығарылатын 400 тоннаға жуық уытты металлдың құрамында кадмий, қорғасын, сынап секілді ластаушы заттар бар.
Бүгінде Дүниежүзілік банктен бастап көптеген үлкен қаржы орталықтары көмірмен жұмыс істейтін стансаларды қаржыландыруды тоқтатып жатыр. Оған қоса, мұндай стансаларға салынатын салық пен айыппұл көлемі де ұлғайған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда электр қуатының 70 пайызы – көмірден, 20 пайызы – газдан, 3 пайызы – жаңартылатын энергия көздерінен, қалған 7 пайызы судан өндіріледі. Осы жерде айта кету керек, Қазақстанда 148 нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде жел, күн, су электр стансалары бар. Бұлардың өнімі былтыр Қазақстанда өндірілген барлық энергия өнімінің 6 пайызын құраған. Алайда, жаңартылған энергетика көздерінің бір кемшілігі бар. Жел жоқ болса да, күннің көзі көрінбесе де – проблема, ондай кезде энергия жоқ. Сондықтан 24 сағат бойы тұрақты жұмыс істейтін электр стансаларын салу керектігі белгілі болып қалды.
Мамандар не дейді?
«Қазақстандық Атом электр стансалары» ЖШС-нің жетекші инженері Асуан Сиябековтің айтуынша, қазір АЭС тақырыбы өте маңызды мәселе.
– Елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың 70 пайыздан астамы тозған. Әлем елдері мен Еуропалық одақ жасыл энергетиканы қолдау мақсатында көміртектің ауаға таралуын азайтуды көздеп отыр. Осыны ескерсек, халықты үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін АЭС салуға тура келеді әрі бұл тиімді нұсқа, – дейді инженер.
Маманның айтуынша, Қазақстанда АЭС салынар болса, ол экономиканың барлық саласына ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң әсерін тигізеді. Жоғары технологиялардың жедел дамуына мүмкіндік береді. Ол АЭС құрылысы басталатын болса, елдің дамуына ықпал ететін бірнеше мультипликативтік әсері болатынын былайша түсіндіреді: «Біріншіден, әлеуметтік тұрғыдан айтатын болсақ, құрылыс жұмысына 8 мыңға дейін жұмыс күші тартылады, АЭС пайдалануға берілетін болса, 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Екіншіден, отандық экономиканың дамуына да оң әсерін тигізеді. Осы орайда, алдымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Өйткені, бүкіл цикл бойынша ел бюджетіне 2,5-3 млрд. доллар көлемінде салық түседі. Үшіншіден, техникалық тұрғыдан алғанда да, меншікті отын базасының әлеуетін кешенді пайдалану көзделіп отыр. АЭС пайдалануға берілсе, 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Төртіншіден, қоршаған ортаға парниктік газ шығарындыларын жылына 10 млн. тоннаға дейін азайту мүмкіндігі туады».
Сондай-ақ, сарапшы бұл мақсатқа жұмсалатын қаржы мөлшерін де болжап отыр. 2800 МВТ-қа дейінгі екі блоктан тұратын АЭС құрылысының құны шамамен 10-12 млрд. долларға дейін жетуі мүмкін екен. Сарапшының айтуынша, ең бастысы, АЭС қоршаған ортаны мұнай, газ, түтін мен күл сияқты заттармен ластамайды. Бұған әлемдік тәжірибелерден көз жеткен. Мәселен, Франция, Бельгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия сияқты елдерде атом стансалары электр энергиясын өндіруші негізгі көзге айналып, энергетикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп келеді.
Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, 2050 жылға қарай барлық елдердің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт-қа дейін – 2 есеге өсетініне болжам жасалған. ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың айтуынша, қазір әлем елдерінде 416 реактор бар. «Бұл реакторлардың жалпы қуаты – 347 641 МВт. Жаһанның бірнеше елінде 61 637 МВт қуатты құрайтын 59 реактор салынып жатыр. Мәселен, Қытайда – 25, Үндістанда – 7, Түркия мен Мысырда, Ресейде – 4, Ұлыбритания мен Кореяда, Жапония, Украина, Бангладеште 2 реактордың құрылысы қолға алынған. Франция мен Словакия, Бразилия мен Аргентина, Иран бір-бір реактордың құрылысын жүргізуге кірісті» дейді.
Жаһан елдеріндегі ең көп атом электр стансасы АҚШ-та салынған. Қазір бұл елде 94 реактор жұмыс істеп тұр. Қытай мен Францияда – 56, Ресейде – 36, Оңтүстік Кореяда – 26, Үндістанда – 20, Канадада – 19, Украинада – 15, Жапонияда 12 реактордан қуат өндіріледі. Жапонияда – 21, Үндістанда 4 реакторды уақытша тоқтатып қойған.
Гүлмира Мұрсалова оң шешім қабылданған жағдайда елімізде 2 реакторы бар, қуаттылығы 2 200 МвТ атом электр стансасын салу қарастырылатынын айтты.
«Қазақстандық Атом электр стансалары» ЖШС-нің бас директоры Тимур Жантикин барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін реакторлардың таңдалатынын, Қазақстанда уран қоры мол болғандықтан, оны елімізде пайдаланудың маңызы зор екендігін жеткізді.
Ал, ҚР «Ұлттық ядролық орталығы» РМК атом энергиясы институтының директоры Ерболат Қоянбаевтың айтуынша, салынуы мүмкін атом электр стансасында ең алдымен қауіпсіздікке баса көңіл бөлінеді. Ол үшін 8 балдық жер сілкінісіне, қатты жел мен дауылға төтеп беретін, герметикалық төзімділігі мықты реактор қарастырылуда.
Ол жерде кімдер жұмыс істейді?
«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин АЭС салынып жатса, оны басқару мен күтіп ұстауға қабілетті мамандар жөнінде былай деді:
– Біз өзіміздегі реакторларда жұмыс істеп жүрген жастарға үміт артып отырмыз Қазір техникалық университеттерде атом энергетикасының мамандары даярланады. Сол мамандарды іріктеп, бір компания жасақтаймыз. Атом стансасында солар жұмыс істейді. Тек оларды қосымша оқыту керек болады. Өйткені әр стансаның ерекшелігі, құрылғылары, басқару жүйесі, есеп жүргізу тәсілі әр түрлі. Соны меңгеру қажет. Біздегі атом энергетикасының базалық білім деңгейі жоғары болғандықтан, бұл жағынан қиындық туындамау керек.
Ал, алда-жалда АЭС салу туралы шешім қабылданған жағдайда, яғни референдумнан кейін станса салынатын орындар зерттеліп, таңдалады. Бұдан кейін технология мен салушы тарап таңдалады. Сол технологияның экономикалық есебі шығарылады. Техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтеді. «Сараптама оң қорытынды берсе, Үкіметке барып қорғаймыз. Осының бәріне 1,5-2 жылдай уақыт кетеді. Үкімет жобаны мақұлдап, қаулы қабылдаса, осыдан кейін ғана құрылысқа кірісеміз. Құрылыс 5 жылдан 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Биыл ұйымдастыру жұмыстарын бастап кетсек, 2031 жылға қарай станса іске қосылады деп ойлағанбыз. Қазіргі жағдайды ескерсек, 2032 жылға дейін баруы мүмкін».
ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалованың айтуынша, Үкімет энергия тапшылығының алдын алу үшін жоспар бекіткен,
– Жоспар бойынша 2035 жылға дейін қуаттылығы 26,5 ГВт болатын электр стансасы іске қосылады. Оның ішінде АЭС құрылысы да қарастырылып жатыр. АЭС референдумның оң нәтижесі болған жағдайда ғана салынады. Ал, қарастырылып жатқан АЭС-тың қуаттылығы 2800 МВт-ға дейін жетеді. Бұдан басқа қолданыстағы көмір электр стансаларын жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Газ электр стансасын салу жоспары да бар, – дейді Гүлмира Мурсалова.
АЭС – энергетика тәуелсіздігін қамтамасыз етеді десек те, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы естен шығармауымыз керек. Дегенмен, Қазақстан АЭС-ке байланысты біржақты көзқарас пен шешімге биыл күзде келуі тиіс. Барлық мәселе жалпыхалықтық референдум нәтижесіне тіреліп тұр.