Қаржы пирамидаларының басшылары өте алғыр болып келеді. Олардың кейбіреулерін атап өтейік.
Чарльз Понци — бірінші пирамиданың негізін қалаушы. 20 ғасырдың басында ол инвесторларға 45 күн ішінде 50% табыс әкелемін деп уәде беріп, пошта купондарын айырбастау компаниясын бастады. Бірақ іс жүзінде ол алғашқы қатысушыларға табыс төлеу үшін жаңа қатысушыларды іздеумен айналысты. Нәтижесінде пирамида құлап, ол сотталып, түрмеге түсті.
Бернард Мэдофф — әйгілі американдық қаржыгер, өзінің инвестициялық компаниясын 1960 жылы бастады. Уақыт өте келе ол Уолл-стриттегі ең құрметті адамдардың біріне айналды. Мэдофф клиенттерге тұрақты әрі жоғары кірістер ұсынып, оған мыңдаған инвесторлар, соның ішінде қайырымдылық қорлары, корпорациялар және атақты адамдар жүгінген болатын. Ал ол болса, Понци схемасын қолданып, басқа инвесторлар салған ақшадан дивидендтерді төлеп отырған. 2008 жылы пирамида құлап, Мэдофф 150 жылға бас бостандығынан айырылды.
«МММ» — 1994 жылы Сергей Мавроди негізін қалаған Ресей мен ТМД елдеріндегі ең танымал қаржы пирамидасы. Компания ай сайынғы кіріс 1000% болады деп жаңа салымшыларды шақырды. Сонымен қатар компания акцияларды шығарып, олардың бағамы күн сайын өскен болатын. Алты айда акция құны 127 есе өсіп, пирамида құлап, миллиондаған салымшылар өз ақшаларын жоғалтты.
Finico — Ресейде құрылған, бірақ көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда жұмыс істеген, пайда алудың автоматтандырылған жүйесі. Компания басшылары ол биржада криптовалютамен, доллармен, мұнаймен айланысып ақша табады деп айтқан, ал салымшыларға күніне 1-5% пайыз пайда түседі деп уәде берген. Компанияда рефералды бағдарлама болды. «Лидерлерге» әрбір жаңа қатысушының алғашқы жарнасынан 5% төленді. 2020 жылы компания клиенттерге төлемдер жасауды тоқтатты. Қазақстан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Финико» компаниясын қаржы пирамидасы деп таныды. Қазақстандық инвесторлардың шығыны 1,8 млн $ және 630 млн ₸ құрады.
Қаржы пирамидасының белгілері
Пирамиданы сенімді компаниядан көптеген белгілері бойынша ажыратуға болады. Қазақстан Ұлттық Банкі сенімсіз компанияның келесі белгілерін айқындайды:
- Халықтың салымдарын қабылдауға ҚР ҰБ лицензиясы жоқ.
- Құрылтай құжаттары мен мемлекеттік тіркеуі жоқ.
- Компанияның қаржылық жағдайы туралы ақпарат табу мүмкін емес.
- Компанияның кірісі неден тұратынын түсіну қиын.
- Салымдардың кірістілігі ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесінен бірнеше есе жоғары және әрбір жаңа қатысушы үшін бонустар есептеледі.
- Қатысу үшін жарна енгізу қажет.
- Бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетте өте көп жарнама.
- Қатысушыларға қымбат сыйлықтар табысталатын презентациялар ұйымдастыру.
Пирамидалардың жұмысы туралы нақты ақпарат жоқ. Ұйымдастырушылар да оны дұрыстап түсіндірмейді. Олар салымшыларға психологиялық қысым жасайды. Олар ұсыныс уақыты шектеулі, сондықтан осы мүмкіндікті жіберіп алмас үшін дәл қазір ақша салып үлгеру керек деп айтады. Жарналар тек қолма-қол ақшамен, жеке тұлғаның шотына немесе электрондық әмиянға қабылданады. Бірақ сіз бұл сөздерге сенбеңіздер. Компания туралы ақпарат жинап көріңіз.
Қаржы пирамидасынан ақшаны қалай қайтаруға болады?
Егер қаржы пирамидасы құлдыраса, ақшаны қайтару қиын болады. Бірақ оны қайтарып көру керек. Бұл жағдайда не істеу керек:
- Аударымды растайтын құжаттарды, хаттарды, хабарламаларды жинаңыз. Барлық ақпаратты, яғни салынған ақша сомаларын, күнін, сізді пирамидаға шақырған адамдардың нөмірлерін сақтаңыз.
- Полицияға жүгініп, алаяқтық туралы өтініш беріп, бар дәлелдемелерді ұсыныңыз.
- Мүдделеріңізді қорғайтын білікті адвокат жалдаңыз. Ақшаны алушыға оны қайтаруды талап етіп, шағым жіберіңіз.
- ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым беріңіз.
- Сотқа жүгініңіз. Сот ұйымдастырушылардың шоттары мен мүлкіне тыйым салуы мүмкін. Бұл ұзақ және күрделі процесс, бірақ басқа жолмен ақша қайтару мүмкін емес.
Қазақстанда қаржы пирамидаларын құру — бұл қылмыстық құқық бұзушылық. Жауапкершілікті тек пирамида басшылары ғана емес, оны жарнамалаған, презентацияға қатысқан адамдар да көтереді. Қазақстан Республикасының Заңы бойынша пирамидаға қатысы бар барлық адамдарға үлкен айыппұлдар салынып, олар тіпті 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Құқық қорғау органдарына неғұрлым тез жүгінсеңіз, ақшаңызды қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Болашақ инвесторларға арналған бірнеше кеңес
Жинақ ақшаңызды арттырып, пассивті табыс көзін іздесеңіз, сақ болыңыз:
Компания туралы ақпарат жинаңыз. Оның лицензиясын, нарықта жұмыс істеу уақытын, сарапшылар мен басқа инвесторлардың пікірлерін іздеңіз.
- Компания тез әрі жоғары пайда алу мүмкіндігін ұсынатын болса, одан аулақ болыңыз.
- Оларға сенбеңіз. Компанияның жұмысы мен кірісі туралы ақпарат іздеңіз.
- Бар ақшаңызды бір жобаға салмаңыз. Одан да ақшаны әртүрлі құралдарды қолданып салған жөн. Өйткені ақшаның бір бөлігі жоғалса, басқа қаржы құралдары сізге табыс әкелуі мүмкін.
- Бар ақшаңызды салмаңыз және ол үшін қарыз алмаңыз.
- Егер сіз қаржы пирамидасының құрбаны болсаңыз, құқық қорғау органдарына жүгініп, алаяқтық туралы хабарлаңыз. Д.Жигалова