Қаржы пирамидалары әлеуметтік желіге көшті. Оларды қалай анықтауға болады?
Қаржы пирамидалары 2000 жылдарға дейін қаржы саласына басымдық берген-ді. Қазір уақыттың ыңғайына тез бейімделіп, қалтаға түсудің түрлі жолын тапқан. «Табысқа кенелтемін» деген құрғақ уәдеге әлі малданамыз. Қазақстандықтар енді отандық емес, шетелдік қаржы пирамидаларының арбауына түсе бастапты.
2018 жылдың сәуір айында жұмысын тоқтатқан «Квестра» Кабо-Верде Республикасында орналасқан «Atlantic Global Asset Managment» компаниясының еншілес кәсіпорыны болып шыққан. Олар «клиенттерін» компанияның өкілдері мен веб-сайты арқылы іздеп тауып, қармағына іледі екен.
Еліміздің Бас прокуратурасы қор нарығында жоғары кірістерді уәде еткен осындай компанияларды тексерді. Олардың биржа нарығына ешқандай сатылым шығармайтындарын анықтады. Жаңа салымшылар есебінен қаржысын көбейтумен айналысқан. Бұл туралы informburo.kz— порталына сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі жазады.
Олардың негізгі белгілері қандай? Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылы 22 ақпан күні Алматыда өткен онлайн-конференцияда айтып берді:
«Олардың құзырында депозиттерді қабылдауға рұхсат беретін Ұлттық банктің лицензиясы, жарғысы және мемлекеттік тіркеуден өткен реттік нөмірі жоқ;
Ұйымның қаржылық капиталы туралы мәлімет те жоқ;
Ұйымға келгендерге қойылар басты талап – мүшелік жарна төлеуді міндеттеу;
Бонус солардың мүшелік жарнасының мөлшеріне қарап анықталады;
Ең соңғы белгісі БАҚ арқылы жарнамасы: Олар бұдан ақша аямайды».
Заң бізде де бар. Бірақ…
Көптеген мемлекетте осындай құйтырқы алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, қаржылық пирамиданы құратындарға заңмен тыйым бар. Бізде де Қылмыстық кодекске 2014 жылы түзету енгізілді. Заңға қайшы келгендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның 13-бабында «қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп те жазылған.
Бірақ, олардың басым көпшілігінің бас кеңсесі АҚШ, Батыс елдерінде орналасқандықтан, біздің елдің заңымен жазалау мүмкін емес. Қолдан келері – жұмысын тоқтату.
Одан беріде пирамида тектес бірнеше түрі пайда болған. Біздің Қылмыстық кодекстің аталған бабымен олардың бәрін қамту қиын, сондықтан дәрменсізбіз. Мамандар Қазақстанның «қаржы пирамидаларына» шектеу қоятын заңды жетілдіру қажет дейді.
Олар жұмыстарын әртараптандырып үлгеріпті
Ұлттық банктің сайтында жарияланған мәліметтерге келсек. Олар 2010-2017 жылдары халықтың 7 млрд 145 млн теңгесін қақса, 2018 жылдың бірінші жартысындағы есеп – 20 млн теңге.
Ұлттық банктің Қаржылық қадағалау комитеті «алданып қалуларыңыз мүмкін» деуден ары аса алмай отыр
Тарих не дейді?
1960 жылы америкалық олигарх Бернард Мэдофф адамзат тарихындағы ең ірі «Mэdoff Investment» қаржы пирамидасының ірге тасын қалаған. Ол жарты ғасыр жыл бойы ірі компанияларды сазға отырғызуға негізделген қаржылық жүйені өмірге әкелді.
Мэдоффтан зардап шеккендердің арасында қарапайым тұрғындармен қатар, атақты адамдар да жеткілікті еді. Бейсбол спортының майталманы, «Нью-Йорк Метс» командасының иесі Фред Уилпон, актер Кевин Бэкон, режиссерлер – Стивен Спильберг пен Педро Альмодовар Медоффтың құрбандығына айналды.
Францияның, Голландияның, Жапонияның банктері де Мэдофф құрған тордан шыға алмай қалған.
Бұл процесс қазір бізде жалғасып жатыр
1993 жылдан бері қаржылық пирамида индустриясы Қазақстанда «қарқынды» жұмыс істеп келеді. Мұны мамандар ашық айтып отыр. «Қаржы салып «байып кеткендердің» өмірі туралы бейнероликтер халықтың көзін байлап, тереңдеп ойлануына апаратын жолды жауып тастағанын ұмыта алмай жүргендер әлі бар.
1995-2002 жылдар арасында Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі болған қаржыгер Ілияс Исаев халықтың экономикалық сауатының тым төмендігі себеп болғанын айтады. Ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы жиі жазылғанмен, олардың әрекетін кәсіби талдау жағы кемшін.
Қазір де жағдай мәз емес. Себебі ақпарат құралдары емес, қаржы сарапшыларының өзі бұл тақырыпты талдап беруге маманданбаған.
Экономикалық және математикалық талдау жасалған жоқ
– Бұл қауіп әлі сейілген жоқ. Халықтың артық ақшасы орналасатын қор нарығы әлі дамымай отыр. Сенімсіздік басым. Бұрын шетелдік қаржы пирамидаларына алданып келген еді. Енді желілік маркетингтік ұйымдардың қитұрқылығы оларды он есе орап алады. Ел ішінде «жылдам ақша» деген атаумен жұмыс істеп жатқан қаржы ұйымдарының табиғаты пирамидаларға жақын. Олар халыққа ұсынатын несие пайызы халықаралық қаржы заңына қайшы, – дейді Ілияс Исаев.
Қаржыгердің пікірінше, бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан нақты шешім шығарылуы тиіс. Қаржы пирамидаларына заңмен тиым салумен шектелмей банк несиелеріндегі жасырын пайыздардың күшін жою керек.
– Осыған қол жеткізсек, қаржы пирамидаларының жұмысын тоқтатуға бір қадам жақындаймыз, – дейді Ілияс Исаев.
Қаржы нарығындағы алаяқтар жұмыс әдістерін қырық құбылта бастады
Ресейлік «Depot WPF» қаржылық-сараптамалық агенттіктің өкілі Алексей Андреев бізбен әңгімесінде қаржылық пирамида ұйымдарының басым көпшілігі өте қысқа мерзімде жұмыс істейтінін айтты.
– Қаржы, инвестиция нарығында қандай трендтер пайда болса, олар соның қасынан табылады. Сырт көзге олардың қайсысының пирамида екенін бірден ажырату қиын. 2018 жылы Мәскеу метроларында криптовалюта деп темір жетондардың сатылғанын басылымдардың бәрі жазды. Мұндай фактілер Қазақстанда, Алматы мен Астана қалаларында да тіркелді, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Олардың мақсаты – ақшаны жиып алып, ізін суыту
Алексей Андреевтың пікірінше, басқа жаққа барып жұмысын жалғастыратындары сирек. Қылмысы ашылып қалғандар өңін жаңартып, басқа атпен тіркеліп, жұмыстарын елімізде жалғастырып келеді. Өйткені пирамиданы ашқандар қара жаяу емес. Басшылары әлеуметтің тыныс тіршілігін зерттеуге маманданған.
– Миллионер қалалардың әлеуметтік жағдайы дұрыс аймақтарға көбірек басымдық беретінін байқап жүрміз. Мұндай шешімді олар күштерін шашыратпау үшін қабылданған деп ойлаймын, – дейді.
Алексей Андреевтің ойынша, қаржы ұйымдарының интеграциялануы қазір де жалғасып жатыр.
– Олардың заңды ұйым ретінде қай елде тіркелгендерін анықтау мүмкін емес. Батыс елдерінде заңмен тиым салынғандары бастапқы құжатымен Қазақстанда немесе Өзбекстанда жұмысын жалғастыра беруі де мүмкін. Мұндай ұйымдардың көмегіне әлеуметтік жағынан аз қорғалған топ қана жүгінеді. Олар құжаттарды тексеруге мән бермейді, – дейді ол.