Шынайы суицидтік әрекеттер көбінесе күтпеген жерден болған сияқты көрінеді. Алайда ол ешқашан өздігінен бола салмайды. Мұндай әрекет мұқият және кішкентай бөлшектерге дейін ойластырылып жасалады. Өз-өзіне қол жұмсауға шешім қабылдаған адамның ойлауында, мінез-құлқында бұрын байқалмаған өзгерістер болады.
Дегенмен, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің көпшілігі демонстративті суицидтік мінез-құлыққа жатады. Басқалардың назарын өздеріне қаратуды қалап, сол арқылы жақындарын қорқытып, өз дегенін істетуді ойлайды. Бұл тек адамдарға манипуляция жасау үшін қойылған қойылым ғана. Бұл туралы nege.kz-ке сілтеме жасаған 4tagan.kz жазады.
Жасырын суицидтік мінез-құлық өзін-өзі өлтіру қиындықтарды жеңудің жалғыз жолы емес екенін түсінетін адамдарда байқалады. Алайда олар бұл тығырықтан шығудың өзге жолын көре алмайды. Әрекетінің дұрыс емес екенін түсіне тұра, өзін өлімге итермелейтін қадамға саналы түрде барады. Мұндай мінез-құлыққа мыналар жатады: экстремалды спортқа құмарлық, автокөлікті қауіпті жоғары жылдамдықпен айдау, әскери қақтығыстарға өз еркімен қатысу, өмірге қауіп төндіретін саяхатқа шығу, алкогольді асыра пайдалану немесе нашақорлық.
Суицид жасауды ойлап жүргендердің көбісі өлгісі келетінін жақындарына алдын ала айта бастайды. Кейбірі тіпті не себепті ондай ой мазалап жүргенін түсіне алмайды, сол себепті ет жақындарынан көмек күтеді. Суицид жайлы ойларынан арылғысы келеді. Мұндай жағдайда дер кезінде көмек көрсету шараларын жүргізу қажет. Ал кей жағдайда суицид туралы айтқан танысының сөзін жай айтылған ой деп түсініп, елемей жататындар болады.
Суицид жасағысы келетіндер кейде бұл туралы ешкімге айтпай, іштей жүзеге асыруды ойлап жүреді. Өкінішке қарай, бұл туралы жақындары тек қайғылы жағдай болғаннан кейін біліп жатады. Сол себепті де суицидтік ойлардың себептерін жою және алдын алу шараларын жүзеге асыру жан-жақты көзқарасты талап етеді.