Мамандар жасөспірімдердің эмоциялық жағдайына назар аударып, мінез-құлқын мұқият бақылап, қадағалап жүрсе, суицид белгілерін дер кезінде тануға, демек, оның алдын алуға болады деп санайды. Бұл туралы abai.kz-ке сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. Оның ішінде күйзелістік жағдаятқа тап болуы, эмоциялық көңіл-күйі, мінезі, сырт бейнесі, құрдастарымен, достарымен қарым-қатынасына, қызығушылықтарына және т.б. назар аударады. Оған қоса, интернеттегі парақшасы, күнделіктері және т.с.с. бәрі анық ақпарат бере алады. Өйткені, «Өмірінде тым болмаса бір рет өзін-өзі өлтіру туралы ойланбаған бір де бір саналы адам жоқ шығар» (У.Джеймс).
Суицидке барудың себебі неде дегенге келсек, оның ішінде, эмоциялық күйзелістер, отбасы проблемалары, қаржы тапшылығы және тағы сол сияқты себептер бар екені анық. Сонымен бірге, өзін-өзі өлтіру – психикалық аурудың нәтижесі деп есептеу де негізсіз емес.
Бұл дүниеде адам өмірінен құнды ешнәрсе жоқ, ал, өз өмірін қиюға барудың ойластырған адамның басына ауыр жайттар, психологиялық қиындықтар тап келгені туралы түйін жасауға болады. Сондықтан, осындай «эмоциялық күйзелістерге түсудің басты себебі не?» деген сұраққа берілген жауаптар да ерекше назар аудартады. Сұрау салынғандардың 40%-ы адам өзін ешкімге қажетсіз сезінгенде осындай шетін жағдайға барады деп санайды. Ал, 29%-ы өмірді қию – болашаққа жоспарыңның болмауының салдары деген пікірге бейіл. Әлбетте, алдына арман-мақсат қойып, соған жетуге талпынған адамның зиянды нәрселерді ойлауға мұршасы да бола бермейтіні анық. Сондай-ақ, түрлі жағдаяттарға байланысты мінез-құлықтың бұзылуы, зиянды әдеттер, өлім туралы ойларға берілу суицидке алып келуі мүмкін деген пікірлер де бар.