Қаржы пирамидасы мәселесі әлемнің көптеген елінде кездеседі. Бұл жерде белгілі бір экономикалық даму көрсеткішіне тәуелділік жоқ. Дамыған елдерде де мұндай мәселе бар. Қай елде болмасын қаржылық сауаты жоғары адамдар аз. АҚШ-тың өзінде осы мәселе белең алып отыр. Қаржы пирамидасын құрған 100-ден астам ұйым анықталып, олар елді 5 млрд доллар шығынға батырған.
– Қаржы пирамидасына бірінші алданып қалатындар – тез байығысы келетін азаматтар. Олар соған ынталы болғандықтан «құрыққа» тез түседі. Аз уақытта көп ақша табуды ойлап, осы қажеттілігін қанағаттандыруды көксейді. Екінші «құрбандар» – қаржылық сауаты төмен азаматтар, олар тіпті пайызды дұрыс есептей алмайды. Үшіншілері – қаржы тұрғысынан қиын жағдайға тап болған адамдар. Бұлар да басына түскен жағдайдан арылу үшін, басы қатып жүріп, осыған тез иланады. Төртіншілері – басқалардың айтқанына тез сенгіш адамдар, – дейді белгілі қаржы сарапшысы.
Қаржы пирамидасына алданып қалатындар – тез байығысы келетін азаматтар. Олар соған ынталы болғандықтан «құрыққа» тез түседі. Аз уақытта көп ақша табуды ойлап, осы қажеттілігін қанағаттандыруды көксейді
Сондықтан осы төртеуінің біріне айналмас үшін кез келген ұсыныспен шыққан, мол табыстың астында қаласың деп уәдені үйіп-төккен қаржы ұйымына күмәнмен қарап, оларға жүгіріп барып бар ақшаңызды бере салудан сақ болыңыз.
– Алдымен компанияның лицензиясын сұраңыз. Қаржы операциясы жүргізілген ұйым ба, соны біліңіз, егер олай болмаса – дереу бас тарту керек. Лицензиясы болғанның өзінде ұйым тарихын зерделеп қараған жөн. Қызмет еткен уақыты нарықта 5 жылдан аспаса, күмәнді деген сөз. Себебі қаржы пирамидасы әрі кетсе 5 жыл, кем дегенде 3 жылда жабылып қалады. Жұмыс істеп келе жатқанына 10-15 жылдан асқан болса ғана инвестиция салуға болады. Сонымен қатар қаржыны қандай өнімге құясыз, соны біліп алыңыз. Алданбау үшін ұйымның ұсынып отырған табыс деңгейін банк депозитімен салыстырған дұрыс. Кәдімгі банктер табысты жылына 15-16 пайызбен ұсынады. Ал әлгі ұйымның табысы содан екі есе жоғары болса, күмәндану керек, – дейді сала маманы.
Бұған қоса, ұйымның қаржы есептерін сұратқан абзал. Оны сұратып, танысуға клиенттің құқығы бар. Табыс есептерін зерттеп қарап, өзіңіз түсіне алмасаңыз, арнайы консультанттарға барып кеңес алыңыз. Себебі мұндай пирамидалар қаржы есебін жүргізбейді. Сол арқылы да анықтауға болады. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, қанша асықтырып, бәрін шұғыл шешімге әкеп тіреп қойса да, ешқашан айдаладағы танымайтын бір ұйымға ақша салуға асықпаған дұрыс. Себебі олар өз «жемтігін» алыстан танып, қалай да қаржыңызды өз қалтасына салғанша тыным таппайды.