Жалған, жалғандық – белгілі бір іс-әрекет немесе құбылыс мәнінің шындықтан алшақтатып, бұрмаланған көрінісі, ақиқатқа қарама-қарсы ұғым. Бір кісінің істемеген нәрсесін істеді деп айту Алланың алдында үлкен күнә саналады. Ислам шариғатында мұндай әрекетке тыйым салынып, үкімін харам деп бекіткен.
Мұса пайғамбардың мысалы
Әсіресе ар-намысын кірлету мақсатында мұсылман әйелге жала жабу – өте ауыр күнә. Жала жабудың жаман әрекет болғаны соншалық, адамдар арасына жайылса, ақиқатын айтып жеткізу, ақтау өте қиынға соғады. Әсіресе арлы, намысты кісілер жайында айтылған жалған сөздер оңайлықпен түзелмейді. Сол үшін шариғатта жала жабуға, адамның ар-намысына тиісуге қатаң түрде тыйым салынған.
Құранда бұл жайында: «Тағы да біреу бір қателік немесе күнә істесе, оны ақ (пәк) біреуге жапса, расында ол жала жауып, ашық күнә жүктеген болады», («Ниса» сүресі, 112-аят), «Расында абыройлы мүмін, ақниет әйелдерге жала жапқандар, осы дүние мен ақыретте карғалады. Әрі олар үшін ірі азап бар» («Нұр» сүресі, 23-аят).
Адам әрдайым Жаратушының бұйрығына бағынып жүрсе, ешкімге жала жаппаса, Алла Тағала мұндай құлын жала бәлесіне ұшыратпайды. Бұған Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың өмірінен мысал келтірсек болады.
Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Алланың сүйікті құлы әрі елшісі, Оның әмірін орындайтын пендесі болатын. Ол ешкімді ғайбаттамайтын, біреуге жала жаппайтын үлгі тұтар тұлға болды. Алайда оны көре алмайтын дұшпандары болды. кездеседі. Қарун есімді яхуди кісі Мұсаны (оған Алланың сәлемі болсын) көпшілік алдында әшкерелеп, жала жабу үшін бір әйелге ақша беріп, жалдайды. Қарун әлгі әйелге Исрайл ұлдары жиналған жиында: «Мұса мені зорлады», – деп айт деп көндіреді. Адам ақша үшін не істемейді?! Әйел Исрайл ұлдары жиналған жиынға уәде бойынша барып, Мұсаны масқара етпек болады. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) бұл кезде Алладан келген жаңа үкімдерді қауымына жеткізіп отырған болатын. Пайғамбар зина жасаған адамның ауыр жазаға тартылатынын айтып жатқанда Қарун: «Әй, Мұса! Егер сен зина жасасаң, саған да жаза қолданамыз ба?» – деп әдейі Мұса: «Иә» деп жауап бергенде, әлгі әйелді шақыртады. Сонда әйел көпшіліктің алдына шығып: «Мұса мені зорламады.Маған Қарун ақша беріп, «Мұса мені зорлады» деп айт деді. Бірақ мен олай айта алмаймын», – деп сөзін бітіріп сыртқа шығып кетеді. «Біреуге ор қазба өзің түсесің» демекші, Мұсаны әшкерелемек болған Қарун жұрт алдында өзі масқара болады. Қарун қатты ашуланып, дереу сыртқа шығып әлгі әйелге: «Сен неге менің айтқанымды істемедің?» – деп айқай салады. Сол кездегі әйел: «Мен жұрт алдына шыққанда тіліме еге бола алмадым. Тілім өзінен-өзі сөйлеп кетті», – деген екен. Өйткені Алла сүйікті пендесін елге масқара етпейді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар ешкімді жамандамайтын, өсек айтпайтын, жала жаппайтын еді. Сондықтан Алла Тағала оған өзгелердің жала жабуын қаламады.